Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға арналған әлеуметтік қолдау

Бүгінде елімізде көп баласы бар және тұрмысы төмен отбасыларды қолдаудың кешенді моделі түзілген. Оған мемлекеттік жәрдемақы, әлеуметтік төлем, жұмыспен қамту шаралары мен салық салу кезіндегі жеңілдіктер еніп отыр. Мемлекет басшысы да ең алдымен табысы төмен көпбалалы отбасыларға назар аударып, олардың кәсіп ашып, жұмыс істеуіне жағдай жасау керектігін атап өткен болатын.
Тегін: балабақша, киім, оқу
Жалпы, еліміз бойынша осы санаттағы отбасыларға арналған әлеуметтік қызметтер мен қолдау шараларының бірыңғай пакеті мен атаулы әлеуметтік көмектің қалай тағайындалатындығы жөнінде газетіміздің өткен сандарында жазған болатынбыз. Бүгін өңірлік деңгейде атқарылып жатқан шаралар мен тұрмысы төмен және аз қамтылған отбасылардың кәсіп ашуына бағытталған бағдарламаларға тоқталмақпыз.
Біздің облыс «Нұр Отан» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында аз қамтылған және көпбалалы жанұяларды кешенді қолдауға арналған «Асыл ана» атты жеке бағдарламасын әзірлеген еді. Бұл бағдарламаның бір ерекшелігі өңірдегі аз қамтылған көпбалалы отбасыларды қолдаудың бағдарламасы отбасындағы әр балаға балабақшадан студент болып, аяққа нық тұрғанға дейін лайықты тәрбие мен білім алуға жағдай жасауға бағытталып отыр.
Біріншіден, көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі баласы бар жанұялардың балалары балабақшаға тегін барады. Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде осы санатқа жататын 3518 бала бар. Оларды тегін балабақшамен қамту үшін облыстық бюджеттен 266 млн. теңгеден астам қаржы қарастырылған. Екіншіден, аз қамтылған отбасылардың мектеп жасындағы балалары тегін мектеп формасымен қамтамасыз етіледі. Өңірдегі 28700 баланың мектеп формасы үшін де 500 млн. теңге қаржы қарастырылған. Алдағы оқу жылында балаңыз тегін мектеп формасын алатындар тізіміне енуі үшін осы бастан әрекет ету қажет. Ол үшін жұмыспен қамту орталығынан атаулы әлеуметтік көмек алатындығыңызды растайтын анықтама алып, балаңыз білім алып жатқан мектепке өткізу шарт. Үшіншіден, осы санаттағы отбасылардың балалары колледжерге тігін оқуға түсіп, ыстық тамақпен және стипендиямен қамтамасыз етілетін болады. Алдын ала болжам бойынша, мұндай мүмкіндік өңірдегі 4200 жасқа берілмек. Бір айта кетерлігі, бұл мүмкіндікті пайдалану үшін де жұмыспен қамту орталығына барып, аз қамтылған немесе көпбалалы отбасы санатына жататындығын растайтын анықтама алып, қабылдау комиссиясына табыстау қажет болады.
Жеңілдетілген несие, қайтарымсыз грант
Алайда олардың ата-аналары да назардан тыс қалмайды. Бұдан бөлек, осы санатқа жататын отбасылардың кәсіп ашып, өз бетінше табыс табуларына да жағдай жасалмақ. Ол қалай жүзеге асырылады?
Ауылдық жерде кәсіп бастаймын деген аз қамтылған немесе көпбалалы отбасылар аймақтық «Асыл ана» бағдарламасы аясында төмен пайызбен кепілсіз (төрт пайыз) несие алуларына болады. Бүгінгі күні оның механизмі жасалып, 250 млн. теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Облыс басшысы Даниал Ахметов өзінің халық алдындағы есептік кездесуінде бұл қаржының жартысы жергілікті бюджеттен, қалғаны «Атамекен» ҰҚП қарастырылатындығын атап өткен болатын. Жалпы, бұл бағдарлама аясында 125 отбасы аталмыш несиеге қол жеткізбек. Мұны жүзеге асыру үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның «Кәсіпкер» бағдарламасының алты пайыздық үстемесінің 40 пайызын субсидиялау арқылы 4 пайызға төмендету көзделіп отыр. Ауыл шаруашалығы басқармасының басшысы Асқар Жақыпбаевтың айтуынша, облыста 26 мыңнан астам көпбалалы отбасы ауылдық жерде тұрады. Олардың екі мыңға жуығы атаулы әлеуметтік көмек алатындар.
-Қазіргі күні бағдарламаның шарттарын ауылдағы көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларына қолжетімді болуы үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныстар жолданды. Өйткені бұл бағдарламаның қазіргі шарттары 100 пайыздық кепілдікті талап етеді, сондай-ақ мұнда субсидиялау қарастырылмаған және несиелеу мерзімі – 7 жыл. Ал ұсыныста біз несиелеу мерзімін 10 жылға ұзартуды, мал мен техника үшін алынған несиенің үстемесінің 2 пайызын жергілікті бюджет есебінен субсидиялауды енгізуді ұсынып отырмыз. Сондай-ақ кепілдікке қатысты да ұсыныстар айтылды, – дейді басқарма басшысы.
Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдаудың аймақтық бағдарламасы аясында осындай шаралар атқарылып жатса, мемлекеттік деңгейде мұндай отбасылардың кәсіп бастауына жағдай жасау үшін «Еңбек» бағдарламасына ауқымды өзгертулер енгізілуде. Демек, бағдарламаға бұған дейін болмаған жаңа санат – аз қамтылған және көпбалалы отбасылар қосылып, оларға басымдықтар беріледі.
Өзгертулердің арқасында осы санаттағы отбасылар арасында кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдетілген шағын несиелер мен гранттар қарастырылған.
Мәселен, бұл бағдарламаның қазіргі шарттары бойынша, бизнес-идеяны жүзеге асыру үшін берілетін қайтарымсыз грант 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 252 мың теңге шамасында, ал енді бағдарламаға аз қамтылған көпбалалы отбасы мүшелері деген санат енгізіліп, олардың бизнес-идеялары үшін берілетін грант мөлшері 200 айлық есептік көрсеткіш, демек, 505 мың теңгені құрайтын болады.
– Қайтарымсыз грантқа қол жеткізу үшін «Бизнес-Бастау» жобасы немесе «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша білім алу қажет. Олардың екеуі де қысқа мерзім ішінде кәсіп пен бизнес ашудың негіздері мен қыр-сырын үйретіп, жаңа мамандық алып шығуға мүмкіндік береді,-дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаев.

Табыс табудың жаңа мүмкіндігі
Басқарма басшысының айтуынша, бұдан бөлек жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Еңбек» бағдарламасы аясында өз ісін ашамын деген көпбалалы отбасыларға басымдықтар берілетін болады. Соның бірі – кәсіпті енді бастайтындардың несиесінің 85 пайызы кепілдендірілсе, істі бастап кеткен, бірақ осы санатқа енетін кәсіпкерлер үшін 50 пайыздық кепілдік енгізілгелі отыр. Ол үшін облыстық бюджеттен 337 миллион теңге қаржы да қарастырылған.
– Бұл бағдарламаға енгізілгелі отырған тағы бір өзгерістің нәтижесінде көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған аналар үйде отырып-ақ табыс табуына жағдай жасалмақшы. Ол үшін кәсіпорындарда әлеуметтік жұмыс орындары ашылатын болады, – дейді басқарма басшысы.
Ол қалай жүзеге асырылады? Мысалы, сіз – көпбалалы анасыз. Қолыңыздан тәтті тоқаштар пісіру келеді делік. Бұдан былай сіз осы ісіңізден пайда табуыңызға болады. Ол үшін белгілі бір кәсіпорынмен өзіңіз келісіп, мысалы, «Елисей» ЖШС-мен шарт жасасасыз. Келісімшартты сіз жұмыспен қамту орталығы арқылы рәсімдейсіз. Екінші мысал, сіз мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған анасыз, баланы жалғыз қалдыра алмағандықтан, үйде отырып, жұмыс істегіңіз келеді. Ол үшін жұмыспен қамту орталығына барып, әлеуметтік жұмыс орнын ашуға келіскен жұмыс берушілер тізімінен өзіңізге лайықтысын таңдауыңызға болады. Әлеуметтік жұмыс орны жұмыспен қамту орталықтары арқылы құрылады. Келісімшарт та сол жерде жасалады. Өйткені әлеуметтік жұмыс берушіге мемлекет жұмысшы жалақысының 35 пайызын төлеп береді, демек, субсидиялайды.
– Ал егер көпбалалы немесе мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған аналар сұранысқа ие жаңа мамандық бойынша білім алғылары келсе, ондай мүмкіндік те беріліп отыр. Бағдарлама аясында аналар қысқа мерзімді курстан өтіп, мамандыққа ие бола алады. Ол үшін де бюджеттен қаржы қарастырылған. Сондай-ақ осы санаттағы отбасылардан шыққан жоғары оқу орындары мен колледж студенттері «Жастар тәжірибесінен» өте алады. Бұл да бағдарламаға енгізілген өзгерістер аясында жүзеге асырылады, – дейді Ерболат Ошақбаев.
Жоғарыда аталған бағдарламаларға қатысты барлық сауалға жауапты жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталығынан немесе облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының 75-44-77 телефон нөмірі арқылы ала аласыздар.
Лаура Тілеубайқызы