Руханият

Қаз-қалпында: «Такси шақырып бересіз бе?»

– Кешіріңіз, такси шақырып бересіз бе? – бейтаныс жігіт жалынышты үн қатты. Екпінімді басып, жанынан өтіп барып тоқтадым. Қыс ортасы, екі кештің арасында жалаңбас жүрген оған әдеттегі сұрамшақтың бірі боларсың-ау деп, ала көзбен ата қарадым.
– Не керек?
– Такси шақырып беріңізші, өтініш. Өзімде телефон бар. Бірақ баланс болмай тұр, – қолындағы смартфонның экранын қосып көрсетті. Ақша сұраса, дереу «жоқ!» дер едім. Бірақ такси керек деген соң, «Апаруға» тапсырыс бердім.
… Дүкен үйден сондай қашық емес. Әрі біздің қаланың таксиі қайбір жылдам келе қойсын… Қайтар жолда әлгі адамды тағы кездестірдім. Мені таныды.
– «Апаруға» қайта хабарласып көріңізші, қандай мәшине келе жатыр екен? – деді. Өтінішін орындадым. Келе жатқан көліктің маркасы мен мемлекеттік нөмірін біліп бердім.
– Жақсы адамдардың бары қандай жақсы, – деп қала берді ол. Біртүрлі риза болып қалдым.
… Жуынып-шайынып, енді асқа отыра бергенімде қалтафонымды бейтаныс нөмір қоңыраулатты.
– Алло!
– Алло! Сен бе жаңа такси шақырған? Анауың кім? – Таксиші екенін бірден білдім. «Әлгім осы ұры болып шықпасын. Бір затын жымқырып кетті ме екен?» деген ой басыма сап еткені сол, ішім қылп ете қалды.
– Танымаймын. Өтініш айтқан соң, шақыртқанмын.
– Қашып кетті. «Осы жерге, осы жерге… Келдік» деген соң тоқтағанмын. Зып беріп жоқ болды. Жете алмадым, – деген ол боқтық сөздерді сіміртіп-сіміртіп алды.
Не дерімді білмей үнсіз қалдым.
– Сіздер қызықсыздар, неге бөтен адамға такси шақырып бересіздер? Жақын жер емес. «Тәжірибе алаңын» білесіз ғой? Қаланың сыртында. Жолақысы екі мың теңге шықты. Сіз төлейсіз бе енді?.. А, деймін, сіз төлейсіз бе?
– Жоға енді… Мен қайдан…
– Қазір «102-ге» қоңырау шалсам, полиция мына ауылдан тауып береді оны. Бірақ әуелі сізді қозғайды. Сіздің нөмірден түсті ғой тапсырыс. Сосын екеуіміз таңға дейін осы іспен жүреміз. Құжаттарды толтырып, әйтіп-бүйтіп дегендей… Ондай әурешілік неге керек? Сіздер қызықсыздар… Неге шақырып… Шақырып бермесеңіздерші танымайтын адамға! – байланысты үзе салды.
Қайыра қоңырау шалып, ақысын мен төлеп берейін деп айта алмадым. «500-600 теңге болса бір жөн ғой» деп қоямын келіншегіме.
Жүрегім атқақтап әкетіп барады…

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button