Руханият

Айжарық АБЫЛҚАСЫМ, ақын: Ең басты жетістігім – ауруды жеңгенім шығар!..

Айжарық АБЫЛҚАСЫМ, ақын: Ең басты жетістігім – ауруды жеңгенім шығар!..

«Сен жанымда жүрсең», «Ең бақытты шақтарым», «Махаббатым менің» сынды оқырман ықыласына бөленген көптеген жыр жинақтарының авторы, «Қазақтың Корчагині» атанған тағдырлы ақын Айжарық Абылқасым Үржар ауданының түкпіріндегі Қабанбай (бұрынғы Жарбұлақ) ауылында тұрады. Алыс ауылдағы арқалы ақынға амандаса барып, аз-кем әңгімесін тыңдаудың сәті түскеніне қуанып қайттық. Өйткені, ақын әлемі – жан-дүниеңді байытатын таза кеңістік.

Әкем шежіре адам еді

– Айжеке, Астана мен Алматыда емес, алыс ауылда жатып-ақ әдеби ортаны мойындатқан жансыз. Әдебиетке құмарыңыз бала күніңізден ауды ма?

– Әкем Құбаш соғыс уақытында еңбек етіп, сегіз бала өсірді. Үлкен оқу бітірмегенімен шежіре адам еді. Қисса-дастан, көне аңыз-әңгімелерді жатқа айтатын, іштен дарын туған адам. Жанынан шығаратын өнері де болды. Шайзада деген жалғыз ағасы соғысқа қатысқандықтан кемпір-шалға қарайлап, оқуға бара алмапты. Домбыра шертіп, күй тартатын, ән айтатын және әңгімешіл болатын. Ауылға келген өнер адамдарының бірде-бірі біздің үйге соқпай кетпейтін. Ауыз әдебиетін жинаушы Балтабай Адамбаев, Қажым Жұмалиев, Серік Қирабаев әке шаңырағында болып, шешеміздің қолынан дәм татқан кісілер. Әкем Дәнеш Рақышевтің, Арқа әндерін таратушы, Ақан сері мен Мәдидің әндерін дәріптеуші болды. Мұны кезінде ешкім бағалаған жоқ. Балтабай Адамбаев магнитофонға жазып алатын. Алматыдағы мұрағаттарда әкеміздің таспаға жазылған сөздері, әндері бар. Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғалымдары да біршама деректер жазып алды. Ол «Айман-Шолпан», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек» эпостарының қазіргі әдебиетте жоқ нұсқаларын жеткізді. Аталған жырлардың негізгі желісі, құрылымы бір болғанымен, кейбір оқиғалары басқаша өрбиді. Екіншіден, әкем әжептәуір күйші. Сүгір, Қазанғап, Тәттімбет күйлерін жақсы тартатын. Күйді тарта отырып, шығу тарихы, авторы туралы мәліметтерді де жеріне жеткізе айтып беретін. Міне, осындай отбасында өскендіктен мен де әдебиетке құмар болдым.
Бала кезімде сурет салатын едім. Жетінші сыныпта салған суреттерім мен жазған мақалаларымды «Қазақстан пионеріне» жолдаймын. Хат жазамын. Басылымның бас редакторы Фариза Оңғарсыновамен таныстығым осы кезден басталды. Суретім жарық көрген бір журнал үйде сақталыпты. Суретшілікке әуестік әрі қарай өлеңмен жалғасты. Ешкім жоқта суреттің тақырыбын өлеңдетіп қоямын. Сынып сағаттары кезінде «басқа жақтан көшіріп алып едім» деп өтірік қосып, сабақты өлеңмен жеткізетінмін. Біртіндеп өлең жаза бастадым. Аудандық газетте кейбірі жарық көретін.
Әскерге кететін жылдары өлеңді еркін жазатын болдым. Германияда әскери борышымды өтедім. Келген соң жолдама бойынша Талдықорғанның заң техникумына түстім. Комсомол қатарында, спортта, еңбекте көшбасшы жастардың бірі болдым. Үш жыл күндізгі бөлімде бестік бағаға оқыдым. Таскескен ауданы жаңадан жасақталып жатқан кез еді. Осы ауданның кәмелеттік жасқа толмаған балалар ісі жөніндегі бөлімшенің аға инспекторы болып жұмысқа орналастым. Бір жылдан кейін офицерлік дәреже алып, лейтенант атандым. Павлодардан арнайы курс бітіріп келдім. Милициядағы қызметім әрі қарай жалғасты. Жас болсам да «Милиция үздігі» атанып, төсбелгі тағып үлгердім. Алайда, әдебиет бір сәт жадымнан шықпайтын. Тұсаукесер өлеңдерім аудандық газетке, «Семей таңы», «Лениншіл жас» газеттеріне шыға бастады.

– Ширек ғасыр төсек тартып жатсаңыз да, әдебиетке деген аңсарыңызға көлеңке түспеген сияқты…

– Өлеңдерім жарық көрген соң аздап танымал бола бастадым. Әдебиетке біржола бет бұрсам деген ой туды. Крупская атындағы Семей педагогикалық институтының күндізгі бөліміне оқуға тапсырдым. Бірақ оқуды сырттай оқыдым. Гүлбаһрам да сонда оқиды екен. Бала күнімнен спортпен айналыстым. Жоғары оқу орнында да спортты дәріптеп жүрдім. Гүлбаһрам екеуміз үйленуге шешім қабылдап, жақсы көңіл күймен жүрдік. Үйлену тойын мамыр айына жоспарладық. Бұл кезде аяғым аздап сыр беріп жүретін. Қазақтың жолымен құда түсіп, үйленгенімізге алты ай толғанда оң аяғымды сылтып басатын болдым. Оған сол аяқ қосылды. 1989 жылдың күзі. 27 жастамын. Облыстық ауруханада әбден тексерілдік. Фариза апайдың көмегімен Мәскеуге бардық. Одақтың астанасында он бір кабинетке кіру үшін айлап жүрдік. Тексеріліп болған соң дәрігерлердің жазып берген қағазын алып келдік. Осылайша, Семейдің облыстық ауруханасына өз аяғыммен кірген мені соңында зембілге салып алып шықты. Отбасы қайда?! Өлең қайда?!. «Байтал түгіл бас қайғы». 68 келі салмағы бар Айжарық аз күнде 48 келі тартып, шидей болып қалды. Бұл кезде Гүлбаһрам босанып, өмірге келген қызымның есімін атасы «Гәкку» деп қойды. Гәкку – Үкілі Ыбырайдың әні. Әкем сүйіп орындаушы еді. Міне, сол Гәкку 25 жасқа аяқ басты. Бірақ әкесінің сау аяқпен жүргенін әлі көрген жоқ. Аяғым әлі ауырады, балдақтың көмегімен жүремін. Дегенмен, шүкір, бұрынғыға қарағанда жақсы. Гәкку балалық шағында барлық бейнетімді көріп өсті. Екеуміз қатар еңбектейтінбіз. Анасы мектепке кеткенде ас үйдегі тамақты алу үшін екеуміз де еңбектеп баратынбыз. Міне, осындай күндер басымыздан өтті. Бейнетке толы 25 жылды басынан аяғына дейін бір сәтте айтып тастау мүмкін емес. Халық емімен емделдім. Кімнің аты шықса, Алматы, Шымкент демей, тартып кететінбіз. Мүмкін, емшілердің бірінің шарапаты тиген шығар, жылдар өткен сайын тәуірлене бастадым. Байқасам, жас кездегі бұлшық етім енді толып келе жатыр. Қаламсапты еркін ұстай алмай, саусақтың арасына күшпен қысып алатынмын. Тұла бойым сіресіп тұрушы еді. Жуырда 52 жасқа толдым. Қазір өзімді науқас адам деп есептемеймін, ойыма да алмаймын. Есік алдында көлігім тұр, емін-еркін жүргізе беремін. Машинканы өзім баса алатын дәрежеге жеттім. Бүгінге дейін жақсылы-жаманды алты кітап жаздым.

Фариза ақын үйіме іздеп келді

– Бірқатар беделді жыр мүшәйраларында жүлде алдыңыз…

– Өмір болған соң жетістіктерім де бар. Әрине, ең басты жетістігім ауруды жеңгенім шығар!.. 1988 жылы комсомолдың 70 жылдық мерейтойына арналған республикалық жыр мүшәйрасына қатыстым. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің ұйымдастыруымен өткен мүшәйрада бас жүлде ұтып алдым. Бұл – сол жылдарда үлкен абырой болатын.
Кішкене кезімнен сырттай танитын Фариза Оңғарсынова Алакөлге келген сапарында: «Сенің қандай азамат екеніңді көргім келді» деп үйге іздеп келді. Апаймен оның соңғы күніне дейін араласып тұрдым. Осылайша, поэзиядағы атмосфера кеңейе берді. Үйде отырғаныммен қолына қалам ұстаған азаматтарды түгел дерлік танимын. Сондай-ақ, «Парасат» журналының бас бәйгесін жеңіп алдым. Бұл бәйгеге Қадыр Мырзалиев, Рафаэл Ниязбек сынды мықты ақындар қатысты. Семей облысы әкімінің стипендианты болдым. Абайдың 150 жылдық мерейтойында бас бәйге бұйырды. Семейде жыл сайын ағайынды Дәукеевтер атындағы грант тапсырылады. 2008 жылы поэзия аталымы бойынша лауреат атанып, 500 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болдым. Бұл жүлдені екі мәрте жеңіп алдым. Былтыр құрметті мейман ретінде шақырылдым. Дәукеевтердің ата-бабалары ғылыммен шұғылданған. Жүсіпбек пен Кенжебек Дәукеевтер осы өлкеге мәдениеттің дәнін сепкен, ұрқын жайған адамдар. Семейдің педагогикалық институтының алғашқы іргетасын қалаған, ректоры болған. Туберкулез ауруынан қайтыс болған. Дәукеевтермен менің әкем дос-жаран болған екен. Өйткені, олар аңшылықты жақсы көрген. Алакөл жағасына аңшылыққа келгенде әкеммен танысыпты. Бұл туралы бүгінгі ұрпақтары біле бермейді. Осы жөнінде конференцияда әңгімелеп бердім.
Жүрсін Ерман ұйымдастырған «Бір өлең – бір әлем» республикалық мүшәйрасына 700-ге жуық ақын қатысты. Мүшәйраға қатысу ойымда жоқ еді. Жүрсін қоңырау шалып: «Айжарық, сенің «Ебі» атты өлеңіңді тауып алдым. Ебі желін жақсы білемін. Мүшәйраға қоссам қарсы емессің бе?» деп рұқсат сұрады. Осы өлең жыр бәйгесінен бірінші орын алды. Бас бәйге Қадыр Мырзалиев пен Сәкен Иманасовқа бұйырды. Әдебиеттегі орнын, сақалын сыйлайды ғой. Мүшәйраның салтанатты шарасына қатыстым. Қадыр марқұм арқамнан қағып, менің адресіме жылы сөз айтты: «Айжарықпен ақындыққа таласпаймын. Негізінде, бас бәйге – Айжарыққа тиесілі. Бірақ қазылар алқасы сақалымызды сыйлаған болуы керек» деді. Қадекеңе «Осы ілтипатыңыздың өзі мен үшін мәртебе» дедім.
Менің бір қуанатыным, Семей педагогикалық институтында «Туған өлкенің ақын-жазушылары» атты пән бар. Үйімде осы пәннің оқулығы жатыр. Оқулыққа менің өлеңдерім де енген. «Қазақ совет ақын-жазушылары», «Шығыс ақын-жазушылары» энциклопедияларында да аты-жөнім жүр. Сонымен бірге, Төлеген Айбергенов, Жәнібек Кәрменов туралы естеліктер жинағына, Фариза Оңғарсынованың он бір томдық жинағының тоғызыншы томына шығармаларым еніпті.

– Ауылға емініп тұрған атақты Алакөл – сіздің жазу стихияңыз. Алакөлге қанша жыр арнадыңыз?

– Алакөл – менің көлім! Оның бас-аяғы жиырма-отыз демей-ақ қояйын, менің бүкіл ғұмырым Алакөлмен байланысты. Жағасында тұрсам, өлең туа береді. Екеуіміз көл жағасында қыдырыстасақ, көкейімде өлең бүлкілдей жөнеледі. Өлең – келіп, кетіп қалатын бұлт сияқты дүние емес. Алакөлдің табиғаты мен менің болмысым бірдей. Мен Алакөлдің барометрі сияқтымын. Көлде толқын болса, менің жан-дүниемде де толқын болып жатады. Егер айдын тыныш болса, мен де тынышпын. Алакөлдің қандай күй кешіп жатқанын үйде отырып сезетін адаммын. Қандай леп соғып тұрғанын, қандай құстар айналып ұшып жүргенін біліп отырамын.
Менімен бірге бір жыл жүрсең, бір жыл әңгімем таусылмаушы еді… Жәнібек Кәрменов деген досым болды. Марқұм бір жағы ұстазым, бір жағы ағам еді. Екеуміз Тарбағатайдағы жайлауда бір апта бірге жүрдік. Мен жеті күн әңгіме айттым, Жәнібек жеті күн ән айтты. Ол менен жиырма жасқа үлкен. 1941 жылы туған. «Әй, Айжарық, жас та болсаң шежіре екенсің. Сендей шежіре жасты көрген жоқпын» деді. Мені шежіре қылған туған жер!
…Моңғол-татар шапқыншылығы біздің ауылдан басталған. Бұл – XIII ғасырдың бірінші жартысы. Ұлы Жібек жолының бойы – Жетісу жерінің ойран-топырын шығарғанда, алғашқы шабуылға ұшыраған біздің ауыл, Алакөлдің шығысы. Ол кезде Қабекеңдер (Қабанбай батыр – ред.) әлі тумаған, қазақ қазақ елі болып қалыптаспаған. Керей мен Жәнібек салтанат құрған жылдарға дейін біраз уақыт көші бар еді. Еміл өзенінің жоғары жағында «Омул» деген қала болған. Онда б.з.д. V-IX ғасырларда найман тайпасы өмір сүрген. Бір қызығы, қазіргі найман руына еш қатысы жоқ. 300 мыңға жуық адам өмір сүрген. Бұл туралы Ақселеу Сейдімбек «Күңгір-күңгір күмбездер» кітабында жазады.
Әкемнің туған ағасы Шайзаданың ұлы Болатжан Абылқасымов 20 шақты монографиялық еңбек жазды. Ол – Қазақстан, Ресей және Қырғызстан Ғылым академияларының академигі. Болатжан ағам этнографиямен, фольклормен айналысты. Әсет Найманбаев және найман қаласы – Омулды зерттеу мақсатында Қытай мен отандық мұрағаттарды сүзіп шықты. Бірде ауылға келгенде әкемнен: «Аға, мына Еміл жайында не білуші едіңіз?» деп сұрады. Екеуі он шақты күн әңгімелескенде ғылыми конференцияға айналып кеткендей еді. Етпетіммен жатып тыңдағанда кеудем, арқам талып кететін. Сіңірген әңгіменің ұшығына жету үшін кейін Алматыдағы Ә.Марғұлан мен Болатжан ағаның жеке архивін қарадым. Қытайда Зейнолла Сәнік деген жазушы болды. Былтыр дүниеден өтті. Зекең бірде ауылға келді. Музыка мектебінде жұмыс істейтін едім. Жылы жүзді шал екен. «Айжарық, мен сені білемін. Сен Қытайдағы Таңжарық ақынды білесің бе?» деп әзілмен бастады әңгімені. Екі сағат сөйлестік. Әңгіме үстінде Омул туралы да айтылды. Ол кісі де біраз материал жинаған екен. Бақсақ, екеуміздің материалымыз бірдей. Аңызда айтылған дүниелерде шындық бар. Мәселен, Омулдың орнынан табылған адам қаңқалары үш жарым, төрт метрге дейін жетеді (!).
Сейітжан деген шопанның үйіне барып тұрып сұрадым. Ол әлгі жерде көп жыл мал бақты. «Қатты жел тұрып, құмды ұшырғанда ұзын-ұзын адамның қаңқалары шығып қалады. Дене тұрқын жіппен өлшеп алып, үйге келгенде қайыра өлшесем, үш жарым, төрт метр шығады» деді шопан.
Міне, әлгі найман тайпасы адамдарының биіктігі мұндай болса, тұтынатын заттары, сол уақтағы Омул өзені қандай болды?! Болатжан ағаның айтуынша, «Омул» – ежелгі парсы сөзі, кейін түркілер иелік еткенде «Эмел» деп өзгерген көрінеді. Ал түркілер дәуірі беріде. Бұл екі арада пәленбай мыңжылдық бар. Яғни, Омул атты жайқалған, кең арналы өзенде найман атты шаруашылығы дамыған тайпа өмір сүрген, олар төрт жағында төрт қақпасы бар қамал-қала тұрғызған. Өндірісі, шаруашылығы, егіні, жайылымы, барлығы қамалдың ішінде. Малын, етін, сүтін Жібек жолы бойында саудалап, айырбаспен күн көрген.
Міне, осы тарих мені қызықтырды. Далаға оқушыларды апарып, көне дәуірден қалған сынықтарды жинаймыз. Ақжайық атты інім екеуміз жуырда тағы барып, қыш құмыра тауып әкелдік. Құм арасындағы құмыраны таспаға түсіре отырып қазсақ, астыңғы бөлігі жоқ екен. Ата-бабамыз осыдан 6-7 мың жыл бұрын қолөнермен айналысқан, өркениетті елдер қатарында болған. Міне, гәп қайда?! Кейбір қыштың сыртында жазулар бар. Кейін Болатжан ағадан сұрасам, руна жазулары екен. Құмыраға шебердің аты, жылы және қандай мерекеге орай жасалғаны жазылып отырған. Ұлым Дос 11 сынып оқып жүрген кезде мұғалімдермен бірге қол диірмен, сауыт-сайман, дулыға, найзаның ұштарын тауып әкелді. Қол диірменнің тасы әлі де айналып, дән үгіп тұр. Бұл – ғажап дүние ғой! Табылған дүниелерді ауылдың тарих пәні мұғалімі балаларға жинатып алып, қалаға мұражайға апару керек деп, аздаған қаржыға өткізіп жіберіпті…

Жарым Гүлбаһрамды әнмен оятамын

– Тағдыр талқысында қиналған сәтте жігеріңізді жаныған, рухыңызды түсірмеген қандай дүние?

– 1989 жылы қаңтардың соңына таман жүре алмай қалдым. Ауруханаға түсіп, жазды әрең шығардым. Аяғы ауыр әйелімді бір көріп, бір көрмей жүріп, күзде үйге бір соққанда Гәкку атты кішкене қызым болды. Сол ауырғаннан ауырдым. Академиялық демалыс алдым. Аудандық атқару комитетіне өтініш жазып, ауыл шетінен қуықтай бір үйге қол жеткіздік. Сол үйде төсекке таңулы жатамын. «Сен бәрін білуші ең ғой» атты дастанымда осы жәйттің бәрі айтылады.
1993 жылы ұлым дүниеге келді. Есімін Дос деп қойдым. Дос – қазақ үшін жылы сөз. Бірақ мен қойған есім үлкен әріптермен жазылады. Басқы әрпін Теодор Драйзер атты атақты жазушы, қоғам қайраткерінің тегінен алдым. Драйзер – ұлты ағылшын болғанымен американдық жазушы. Ол оптимистік тұрғыда жазды. Яғни, өмірге өте құштар материалистік көзқарастағы жазушы. Англияның мәдениеті, тілі, поэзиясы деп өткен қайраткер. Жас болса да, сүзекке шалдықса да, отбасыны дұрыс құрмаса да, рухани дүние, мемлекет, тіл үшін күресе білді. Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» шығармасының соңғы беттерін жаза алмай қалған кезінде қаламды алдырып, тісімен жазатыны бар. Екі қолы семіп, екі көзі көрмесе де, жүректің батырлығымен, романды қайтсем де аяқтаймын деген жігерімен жазып шығады. Павел Корчагиннің прототипі – жазушының өзі. Ал соңғы әріп – ежелгі грек ойшылы Сократ. Сократтың ойлары қазақтың философ шалдарының ойларына ұқсайды. Сондай-ақ, ол өте ұзақ, 103 жас жасады. Онда да у беріп, у бергенге өлмегеннен кейін асып өлтірді. «Жастарды махаббатқа, білімге, өнерге теріс тәрбиеледі» деп айыптады. Бұл – дін. Инквизиция заңы сондай дәрежеге жеткізді. Осы үшеуінің есімдерін жинақтап, ұлымның есімін ДОС деп қойдым. Қазір режиссерлік мамандық бойынша Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының 3 курсында оқып жатыр. Достың қоюымен белгілі ақын, жерлесіміз Бауыржан Жақыптың шығармашылық кеші өтті. Сондай-ақ, Рахметолла Райымқұловтың 100 жылдық мерейтойының сахнасын жасады. Ал Гәкку Семейдің педагогикалық институтын тәмамдап, магистратурада оқыды. М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжде сабақ береді. Жақында босанды. Айзада есімді жиен немереміз бар.
Рухани бай болғаныммен, аздаған бөспелігім бар. Сәбит Мұқанов айтқандай, бөспелік өнер адамына қажет. Өйткені, қаны кішкене бүлкілдемесе, шығармасында дұрыс стиль таба алмайды.
Өмірлік қосағымды жүздеген қыздың арасынан таңдап алғанмын. 49 жасқа келді. Әлі әдемі. Жиырмадан жаңа асқанда тіпті сұлу болатын. Алайда, мені Гүлбаһрамның жанының әдемілігі, өлеңді жақсы көретіндігі, әке-шешені сыйлайтындығы, адалдығы, адамгершілігі тәнті етті. Жігіт пен қыз кезіміздегі қарым-қатынастың өзі бұрыннан ерлі-зайыптыдай, ішкі дүниемізді жазбай танитын жақындықта болды. Жиренше шешеннің Қарашашындай мені сабырлылыққа шақырып отырады. Әлгіндей тағдырға ұшырағанда сабырлылық пен ақылдылық ұштаспаған басқа әйел болса кетіп қалушы еді. 25 күн ауырған күнде әйел жалығып кетуі, шаршауы мүмкін, әйел түгілі қасыңдағы дәрігер шаршайды. Ал мен 25 жыл төсек тартып жаттым. Өлең жазатын, дүниеге сөйлеп отырған адамға шыдау қиын. «Аз білсең, ұйқы қатты» деген орыста сөз бар. Кез келген адамды сөйлеспей танимын. Қай түкпірде жүрсем де, білмейтін адамның аурасынан оған қалай жақындап алғанымды немесе алыстап кеткенімді өзім де сезбей қаламын. Себебі, менің іздейтінім адалдық, әдемілік және шынайылық. Махаббаттың да ғұмыры болады. Қаншама адам бар – соншама махаббаттың түрі, биіктігі бар. Ал менің махаббатым – тамаша, әңгіме қылып айтарлықтай әдемі сезім. Гүлбаһрамды таңертең әнмен оятып, кешке әнмен ұйықтатамын (қолындағы домбыраны шертіп жіберіп, әуелете ән айтып берді). Адам үйінде бақытты болмаса, түзде бақытты бола алмайды. Жаратушы бір адамды бір адамға арнап жаратады дегенге ішкі сезімім иланады.
Мен – І топтағы мүгедекпін. Бірақ маған біреу мүгедексің десе, өне бойым түтігіп, ойланып қаламын. Өйткені, жайшылықта ауру екенімді ойыма алмаймын. Күнделікті жеңіл кір тасын көтеріп жаттығамын. Жас кезімде бокстан спорт шеберлігіне кандидат атанғанмын. 20-армияның жеті дүркін чемпионы болдым. Атақты спортшы болмасам да, ауруды жеңуіме бала кезден айналысқан спорттың көмегі көп тиді.

Ауылдан кеткім келмеді

– Оқушыларды әдебиетке, руханиятқа тәрбиелейді екенсіз. Ауылда өзіңізге шәкірт боларлық жастар өсіп келе жатыр ма?

– Өлең мен автор арасында үйлесім болуы тиіс. Ақын көп. Әрқайсысының өз табиғаты, болмыс-бітімі бар. Жарбұлақ ауылында 52 жыл өмір сүрсем де, осы ауылдың ауа-райын толық білемін деуге болмайды. Туған жердің күні мен түніне, ыстығы мен суығына мәңгі тоймай һәм түсінбей өтесің. Жер шарында қанша адам болса, олардың сонша сыртқы һәм ішкі келбеті бар. Осы сияқты ақынның да асылы, адалы, ақымағы, өтірікшісі, шенеунігі, спортшысы болады. Ақын қандай қайнардан сусындап жатыр? Міне, гәп осында. Мұны ғылымда «ген» десе, қазақ «тек» дейді. Қариялар «Өй, тексіз» деп ренжиді. Тексіз – тамырсыз деген сөз. 100 метр биікке дейін жайқалып тұрған теректің тамыры 500 метрге дейінгі жерді шеңгелдеп жатады.
Айжарық болып жер басып жүргеніміз тамырымыздың, тегіміздің арқасы. Қабанбай батыр батыр болып жаралуы үшін арғы ата-бабаларынан қасиет даруы қажет болды. Он оқу орнын бітірсең де, табиғат ақымақ қылып жаратса, ақымақ болып қала бересің. Хакім Абай приходская школаны ғана бітірді. Сол Абайдың ішкі миллиардтаған толқындарынан бізге жеткені тамшылар ғана. Соның өзімен бүкіл қазақ сусындап келеді. Қазақтың руханиятынан Абайды алып тастасақ, ұлтымыздың күні мүшкіл болар еді. Ұлтты ұлт ретінде ұстап тұрған Абай табиғаты. Қазақ – қарға тамырлы. Барлығымызды бір туыстық, ағайындық, құда-жегжаттық дәнекерлеп байланыстырып тұр. Мен ептеп күнделік те жазамын. Бірде былай деп жазыппын: «Ұстаз – табиғат жаратқан ұлы адам, мұғалім – мемлекеттік қатты қағаз-дипломы бар адам». Аристотель, Әл-Фараби, Сухомлинский, Макаренко, Рашидов, Алтынсарин – ұстаз. Айжарық ақын да ұстаз. Неге?!.. Тыңдаушысы жоқ сөз – жетім. Егер сөз жетім болса, менің өлеңім, поэзияға деген махаббатым кімге керек, кімге дәрі? Қазақ – өткелектен көп өткен халық. Жақсы мен жайсаңдарымыз қынадай қырылып, қарапайым ұл-қызы ғана қалған елдің еңсе тіктеп келе жатқаны енді ғана. Осындай кезде ақынды, жазушыны, шежірешіні, тарихшыны әлі де іздеп жатқан ешкім жоқ. Қазақтың қанында қалған қызғаншақтық бүгінгі барымызды бағалауға мүмкіндік бермей келеді. Мәселен, Қабанбай ауылында мен жоқ болайын. Ауылда 4 жарым мың халық тұрады. Олардың бәрі сиыр сауады, мал өсіреді, яғни, экономикамен айналысады. Ал руханиятпен, әдебиетпен кім айналысады?..
Абай: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дейді. Шәкерім сәл өзгеріс енгізіп: «Анық бақ деп айтарлық, үш нәрсе бар: кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек» дейді. Адам бойындағы осы үш қасиеттің менде қайсысы бар, сізде қайсысы бар? Осы үш қасиеттің жартысы болса да, біз жарқыраған азамат болар едік. Сол да жоқ па деп қорқамын. Өйткені, біз өтірік айтамыз, қорқақпыз, жалтақпыз, туысшылмыз. Бізде батырлық, батылдық, махаббатшыл мінез жоқ. Қолымыздан келсе пенделікке, туыстыққа бұрып кетеміз. Бабаларымызда болған тұнық мінезден арылып қалғанбыз. Міне, осы мінездің там-тұмдаған қалдығы болса, оны не істеуім керек? Атлант мұхитының 4 мың метр тереңдігінде мекендейтін балығы өзінен-өзі алдындағы 2 метрге дейінгі жерге сәуле шашады екен. Алла тағала түпсіз тұңғиықта алдын көру үшін солай жаратқан. Мен сол балық секілді шәкірттерімнің ой-санасына сәуле шашсам өзімді бақыттымын деп санаймын.
Менің ауылдан кеткім келмеді. Мектепті де жақсы көрдім. Бұл білім ордасынан пәленбай мың оқушы білім алып, жан-жаққа тарады. Мектептің қасында тұрсам да, оның иісін сағынып тұрамын. Сыныпқа кіріп келсең, сырдың иісі ме, әлде балалықтың, тазалықтың иісі ме, керемет рахаттанып қаламын.
2000 жылы «Баладарын» атты әдеби үйірмені аудандық оқу бөлімінің бастығы болған Құсмілия Нұрқасымның көмегімен құрып, екі балдақпен барып, балаларға сабақ беріп жүрдім. Ата-аналар балаларын музыка мектебіне берсе, домбыра тартуды үйреніп шығатыны секілді, маған берсе, ақын болуын күтеді. Тұқымында жоқ ақындық қайдан қонады? Сабақ өткізу үшін маған еш дайындықтың қажеті жоқ. 25 жыл үйде жатып дайындалған адаммын. Алаш алыптарынан бастап барлық тарихты қамтимын. Оқушылар «Бұл дүниені бұрын неге білмегенбіз?» деп сұрайды. Жағрафия, химия, физика, биология сабақтарына қатысты дүниелерді де оқытамын. Ең соңында ҰБТ-ға дайындаймын. Балаларға: «Бұл – өмір сабағы» деймін. Анығы, бұл – үйірме ғана. Осы үйірмені жүргізгенім үшін екі мектептен мардымсыз еңбекақы аламын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Думан Анаш

Осы айдарда

Back to top button