Айғыз ауылындағы жаңа мешіт

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай «Туған жер» бағдарламасы аясында Аягөз ауданының Айғыз ауылында сәні мен сәулеті жарасқан жаңа мешіт халық игілігіне пайдалануға берілді. Мешіт ауыл тұрғындары мен мектеп түлектерінің демеушілігімен салынған.
Мешіттің салтанатты ашылу шарасына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов, Аягөз ауданының әкімі Бақытжан Байахметов, аудандық мешіт имамы, демеушілер және ауыл тұрғындары қатысты. Мешіттің іргетасы мамыр айында «Ауылым-алтын бесігім» атты бастамашыл топтың ұйымдастыруымен қаланған еді. Ауызбіршіліктің арқасында ауыл тұрғындары бірден жұмылып, құрылысты бес ай ішінде салып шығыпты. Бірі малын әкелсе, енді бірі шайын демдеп, үлкен-кішісі бірдей атсалысып, асарлатқан.
-Бұл әрине, көпшіліктің қолдауымен біткен іс,-деді бастамашы топ мүшесі Мұхтар Есқалиев,-ал негізгі еңбекті сіңірген осы ауыл азаматтары, ауылдың студент жастары. Тіпті, мектеп оқушыларына дейін ала жаздай осы жерде тынбай еңбек етті. Мұның бәріне бас-көз болып, ұйымдастыру жұмысына өте жоғары деңгейде басшылық жасаған осы ауылдың тумасы, Алматы қаласының тұрғыны Өмірсерік Нүркебаев деген бауырымыз. Сол сияқты Ербол Рахымжанұлы Рахымжановты айта кеткім келеді.
– Екі мыңға жуық тұрғыны бар Айғыз ауылында ХХ ғасырдың 80-ші жылдарынан бері ешбір ғимарат тұрғызылмаған еді. Құрылыстың басталуы ауыл өміріне тың серпіліс, жаңа леп әкелгендей болды. Жаңа мешіт еліміздегі бірлік пен келісімді сақтауға, жастарды тәрбиелеуге өз үлесін қосатынына сенімдімін,-деді Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов,-бұл игі осы ауылдың халқының ұйымшылдығымен береке-бірлігінің бар екенін және бір-бірін қолдай білетінін көрсетті. Яғни, еліміздің болашағына қосып жатқан үлестері айрықша. Осындай игі істер әрқашанда жалғасын табады деп ойлаймын.
Айта кету керек, екі жүздей адамға арналған жаңа мешіттің іші заманауи талапқа сай салынған. Ерлер мен әйелдер залы, имамға арналған бөлме, тіпті, жеке қазандығы бар.
-Айғыз ауылындағы бұл мешіт халықтың рухани жаңғыруына, рухани өркендеуіне үлес қосып, жастарды жақсы бағытта тәрбиелеуге мүмкіндік беретін болды,-деді Аягөз ауданының бас имамы Думан Нәдірұлы,-осы мешіт салынған кезде үлкен демей, кіші демей, барлығы бірдей жүгіріп, ауылдың халқы өз ынтымағын, бірлігін шынымен де паш етті. Енді басқа да кейбір ауылдарымызда осындай бір рухани ордалардың ашылуына шын жүректен тілектеспіз.
-Мешіттің құрылыс жұмыстары кезінде ешкім де қиналған жоқ. Студент жастар мен мектеп оқушылары еңбек сүйгіштікке бейімделіп, имандылық бағытта тәрбиеленді,-дейді ауыл тұрғыны, ардагер ұстаз Қадиша Қабдолдина.
Мешітті салуға халықты жұмылдырған бастамашыл топ мүшелерінің айтуынша, сауапты шара ауыл тұрғындарын бірлікке жұмылдырса, жырақта жүрген азаматтардың туған жерге деген ыстық ықыластарының нығаюына себепші болған.
-Тәуелсіздік алған соң дініміз, тіліміз өзіміздің еркімізге берілгеннен кейін, осы жастарға тәлім-тәрбие беруде мешітіміздің атқарар рөлі өте үлкен деп білемін. Сондықтан бүгін ашылып жатқан мешітімізге құтты болсын айта отырып, іші жамағатқа толсын, Алла тағала елімізге тек жақсылығын бере берсін деп тілегім келеді,-деді кәсіпкер Дәулет Мамырбеков.
Айғыз ауылын туған жерім, алтын бесігім деп қастерлеп, көмек қолын созған барша жандарға мәдениет үйінде құрмет көрсетілді. Оларға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мен Семей өңірі бойынша өкіл имам Мақсат қажы Алтыбай атынан Алғыс хаттар табысталды. Осы жерде басқа да қайырымдылық шаралар жасалды. Ауылдың волейбол командасына демеушілер атынан спорттық костюмдер сыйға тартылды. Шара соңында ас беріліп, түрлі мәдени шаралар өткізілді.
Раушан Нұманбекова
Айғыз ауылы,
Аягөз ауданы.