Қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырды
Жәрмеңке арқылы жылу жинады
Бірлік мерекесі қарсаңында «Алтай» қайырымдылық мекемесінде жәрмеңке өтті. Қайырымдылыққа бағытталған бұл шараға мекеменің тұрақты демеушілері мұрындық болыпты.
Тұрмысы төмен отбасылардың балаларын қанатының астына алып, студенттерге ақысыз жатақхана, оқушыларға тегін интернат ұсынып отырған бұл мекеме негізінен демеушілердің қаржысына жұмыс істеп келеді. Сабақтан бос уақытта мұндағы шәкірттерге асыл дін – ислам негіздерінде тәрбие беріледі. Оның өзі ерікті түрде ғана.
Жәрмеңкеден түскен табыстың бәрі мекеменің қаржылық шығындарын өтеуге жұмсалатын болса да, өңірдің әр түкпірінен кәсіпкерлер қатысып, өз өнімдерін ұсынды. Бірі балаларға батут алаңын ұсынса, бірі кәуап сатты. Қолдан тігілген киімдер мен жиһаздар да көрменің көркін кіргізді.
-Біз Зырян ауданының Бұқтырма кентінен келіп отырмыз. Жиһаздарымызды нарық бағасынан 20 пайызға арзандатып сатпақпыз. Бүгін оның қаржысы қалтамызға түспегенімен, өскемендіктерге жарнамалаудың сәті түсіп тұр. Жалпы мұндай жәрмеңкелердің жиі өтіп тұрғаны керек, – дейді К.Зырянов.
Таңнан кешке дейін жалғасқан жәрмеңкеге мекемеге көршілес орналасқан үйлердің тұрғындары да келіп қатысты. Жай ғана қатыспай, әрқайсы өзіне ұнаған тауарды сатып алып, қайырымдылық шарасына шамасы келгенше үлес қосты.
Есжан Ботақара