Қайырымдылық қазанмен шектелмеуі керек
Қазан айы – мейірімділік пен жылулыққа толы ай. Бұл айда өңіріміздегі қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көмек көрсетіліп, барынша көңіл бөлінеді. «Мейірімділік» айлығы аясында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне бірреттік төлемақы беріліп, қарияларға жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнұр Сұлтанова айтып өткендей, «Мейірімділік» айлығы шеңберінде аз қамтылған қарттар, жалғызілікті зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар басты назарда болып, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек көрсетіледі.
Қазір өңірімізде барлығы 235 мың зейнеткер болса, қайырымдылық айлығы аясындағы іс-шараларда 150 мың қария қамтылған.
Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген адамдарға, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған майдангерлері мен мүгедектерінің әйелдеріне бірреттік төлемақы беру жоспарланған. Айлық аясында 757 адамға 8 590 мың теңге төленеді.
Елдегі карантинге байланысты талаптарды сақтау үшін биыл өткізілетін іс-шаралардың тізімі шектеулі. Дегенмен облыстың қалалары мен аудандарында санитарлық сақтық шараларын сақтай отырып, Ұлы Отан соғысының қатысушылары, тыл еңбеккерлері, сондай-ақ барлық қарияларға азық-түлік жиынтықтарын, сыйлықтар табыстау, жылыту маусымына қажетті отын-көмірмен қамтамасыз ету сияқты іс-шаралар өткізіледі.
Өңір мектептерінде «Қарттарға құрмет» тақырыбындағы сынып сағаттары қашықтан өтті. Мемлекеттік мекемелерде құрметті зейнет демалысына шыққан ардагерлер үшін мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Қарттар күнінде облыстың барлық емханаларында қариялар үшін ашық есік күні өтті. Қариялар қалалық қоғамдық көліктерде тегін жүрді. Қала және аудан әкімдері Ұлы Отан соғысына қатысушыларды, өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтарды, ғасыр жасаған қарияларды, тыл еңбеккерлерін құттықтап, сый-сияпат жасады. «Ғасыр құрдасы» акциясы аясында Өскемен қаласының әкімдігі тыл еңбеккері, еңбек ардагері А.Фоминцевке және ғасыр жасаған тағы алты қарияның үйіне барып құттықтады. Үйден қызмет алатын жалғызілікті зейнеткерлерге шаштараз қызметі тегін көрсетілді.
Семейде жергілікті бюджет есебінен сексен жастан асқан 4017 қарияға жалпы сомасы 17 040,1 мың теңге болатын бірреттік әлеуметтік көмек көрсетілді. Курчатов қаласында мейірімділік айлығы барысында бірінші топтағы мүгедек жандарға жергілікті бюджет есебінен 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бірреттік әлеуметтік көмек көрсету жоспарланып отыр.
Облыстың барлық медициналық-әлеуметтік мекемелерінде «Мейірімділік» айлығына арналған салтанатты іс-шаралар, концерттік бағдарламалар, сурет көрмелері мен демалыс кештері өтіп, мектеп оқушылары мен балалар үйінің тәрбиеленушілері қарияларға бейне құттықтаулар жолдап, онлайн-концерт қойды. Орталықтарда спорттық іс-шаралар, шахмат-дойбы турнирлері өтіп, көркем фильмдер көрсетілді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында біз ерекше қажеттілігі бар мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге баса назар аударамыз. Протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарды, сондай-ақ кресло-арбаларды ұсынамыз, – дейді Айнұр Сұлтанова.
Қазір облыста 55 981 мүмкіндігі шектеулі адам тұрады, оның ішінде: I топта – 5388 адам, II топта – 23467 адам, III топта – 21625 адам, мүмкіндігі шектеулі 5 501 бала бар.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде 2025 жылға дейінгі облыстық жоспар бекітілген. Биыл облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға 1 758,5 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен 1 019,9 млн. теңге, облыстық бюджеттен 738,6 млн. теңге.
– Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарды санаториялық-курорттық емдеуге 124,8 млн. теңге бөлінді, – деді Айнұр Сұлтанова.
Алайда елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты санаториялық-курорттық емдеуге қарастырылған қаражат қайта бөлінді. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған компенсаторлық құралдарға 42,9 млн. теңге, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының материалдық-техникалық базасын жабдықтауға 80,5 млн. теңге қарастырылды.
Елдегі төтенше жағдай кезінде мүгедек адамдарға азық-түлік жиынтығы берілді. Азаматтардың аталған санатына жағдай жасау үшін 2643 нысан паспортталды, оның тоқсан пайызға жуығы бейімделді, қалғаны осы жылдың соңына дейін бейімделетін болады.
Өскемен мен Семейде инватакси қызметі жұмыс істейді. Былтыр осы қызметпен жергілікті бюджет қаражатынан жалпы сомасы 40 млн. теңгеге жүріп-тұруы қиын 470 мүгедек қамтамасыз етілді. Биыл бұл мақсатқа 40,7 млн. теңге бөлінген.
Өскемендегі балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының балаларын үйден орталыққа және кері тасымалдау үшін де такси қызметі ұйымдастырылған. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 29,1 млн. теңге бөлінді.
Биылғы қаңтардан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектерге мемлекеттік қызмет көрсету үшін әлеуметтік қызметтер порталын кезең-кезеңімен енгізуде. Бұл – арнаулы әлеуметтік қызметтер, оңалтудың техникалық құралдары, ымдау тілі маманының және жеке көмекшінің қызметтері, санаториялық-курорттық емдеу қызметтері.
Бірінші қазандағы ақпарат бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін өтініш білдірген 623 мүмкіндігі шектеулі адамның 563-і жұмысқа орналасты. Субсидияланатын жұмыс орындарына 434 адам, оның ішінде 21-і әлеуметтік жұмыс орындарына орналасса, 18-і жастар практикасына, 395-і қоғамдық жұмыстарға қатысты. Сонымен қатар 45 адам грант алды, қысқа мерзімді курстар бойынша 24 адам, кәсіпкерлік негіздері бойынша 12 адам курста оқыды, осы санаттағы он адам несие алды.
Алтай ауданының Грехово кентінде сексен адамға арналған оңалту орталығы жұмыс істейді. Семейде болжамды құны 3,8 млрд. теңге болатын мүгедек балаларға арналған 150 орындық оңалту орталығын салу жоспарланған.
Айта кетейік, қайырымдылық айлығы осы айдың соңына дейін жалғасады. Алайда қариясын қазына санайтын қазақ үшін қайырымдылық жасау қазан айымен ғана шектелмеуі тиіс.
Айжанат Бақытқызы