Қоғам

Қайырымды азаматтар құрметке лайық

 Аймақ басшысы Даниал Ахметов облыстық «Жомарт жүрек» байқауының жеңімпаздарын  құттықтады. Марапатталғандар ішінде кәсіпкерлер ғана емес, еңбек  адамдары  мен жастар  да бар.

«Жомарт жүрек»  байқауы  қоғамдық сананы жаңғыртуды  көздейтін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілетінін естеріңізге сала кетейік. Осымен бірнеше  жыл қатарынан әлеумет, білім, мәдениет, денсаулық сақтау және спорт салаларына айтарлықтай үлес қосқан ең лайықты дегендер 10 аталым бойынша марапатталып келеді.

Биыл   «Жыл меценаты»  аталымы   «Казцинк» ЖШС бас директоры Александр Хмелевке табысталды. Аталмыш кәсіпорын жыл сайын қайырымдылық жасау ісін дәстүрге айналдырған. Осы жылы да   жүздеген тұрмысы төмен отбасылар мен ауыр дертке ұшыраған науқастарға, балалар мен қарттарға көмек қолын ұсынды.

Жарма ауданының Шалабай ауылдық округінде ірі әлеуметтік жобаларды іске асырып, аз қамтылған, көпбалалы жанұяларға, зейнеткерлерге көмек көрсеткені  үшін  «Шалабай» ЖШС бас директоры Қуаныш Сүлейменов те «Жыл меценаты» атағына лайық деп танылды.

Ауылдастарына   үнемі әлеуметтік қолдау  көрсетіп келе жатқан «Лина» шаруа қожалығының басшысы Юрий Ковязинге «Туған өлке» номинациясы бойынша  марапат  бұйырды.  Кәсіпкер өз қаражатына Бородулиха ауданының Новопокровка ауылының саябағын абаттандыру ісін қолға алған.

Зайсан ауданында ауқымды қайырымдылық шараларына қатысып, демеушілік көрсетіп жүрген ««Ақбай» шаруа қожалығының жетекшісі Сәулеш Абылгожина  мен Алтай ауданының «Плюс»  ЖШС басшысы Сергей Смирнов «Жыл тұлғасы» аталымы бойынша марапатталды.

Әлеуметтік маңызы бар қайырымдылық жобаларды жүзеге асырып, қоғамдық маңызы бар іс-шараларға демеушілік көрсеткен Семей қаласының  «SemAZ» ЖШС мен Жарма ауданының Әуезов кентінің дамуына қосқан үлесі үшін «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС  «Жылдың үздік ұжымы» аталымына ие болды.

«Ерен еріктілігі»  аталымы бойынша Семей қаласының отбасын қолдау орталығының басшысы Людмила Асташкина,  Үржар аудандық жастар ресурстық орталығы жанындағы «Үржар белсенділері» тобының жетекшісі Алтынай Құрманова  марапатталады.

– Сіздердің әрқайсыларыңыз – облыстың мақтанышысыздар. Сіздердің игі істеріңіз қалғандар үшін лайықты үлгі-өнеге. Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіргім келеді! Осындай қайырымды азаматтардың арқасында биыл облыстың ауылдық жерлерінде 270 отбасы баспаналы болып, бақытқа бөленді. Халық үшін жасаған жақсылықтарыңыз  өздеріңізге еселеніп қайтсын,-деді марапат иелерін құттықтаған облыс әкімі Даниал Ахметов.

Лаура Тілеубайқызы      

Осы айдарда

Back to top button