Әдебиет

Айыртаудың қос шыңындай асқақ еді…

Айыртаудың қос шыңындай асқақ еді...

(Суретте: алдыңғы қатарда үшінші тұрған Серік Ғабдуллин, ол кісінің қасындағы әйгілі жазушы Оралхан Бөкей)

Біз – Тұрғазы, Серік үшеуіміз Ұлан ауданы, Айыртаудың баурайындағы Шымқора ауылында бірге өстік. Тұрғазы орта бойлы, дөңгелек жүзді, сабырмен сөйлейтін салмақты жігіт болды да, Серік шарғылау келген қағілез қара торы жігіт еді. Шапшаң қимылды, сөзге де жылдам, басынан кісі сөзін асырмайтын шақарлығы бар-тын.

Қалай сөйлесек те, қалжыңымыз жарасатын

Біз облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде бірге жұмыс істедік. Бұл кезде Тұртай, Секен деген балалықтағы еркелетпе аттарымызды тастап, Тұраға, Сераға болған шағымыз. Үшеуіміздің де тырнақалды туындыларымыз баспадан кітап болып шығып, ақын, жазушы атана бастаған едік.
Бір мектептің үш түлегі журналист мамандығы бойынша облыстық газетте жұмыс істеп, ақын, жазушы атанғаны өзімізді оқытқан мектеп мұғалімдерінің де мақтан сезімін туғызса керек, бір күні мектеп оқушыларымен кездесуге шақырды. Шымқора ауылындағы Сәрсен Аманжолов атындағы (бұрын Жамбыл атында болатын) өзіміз оқыған мектепке бардық.
Салтанатты жиын басталып кетті. Тұрғазы мен Серік өлеңін оқыды. Бізді оқытқан мұғалімдер кезек-кезек сөйлеп, Серік екеуімізді мақтағанда, не істерімді білмей, ыржиып Секеңе қарай бердім. Оның ойында түк жоқ, Тұрағаңа бірдеңесін сыбырлап қойып, жайынша отыр.
Шыққаннан кейін Серікке:
– Әй, түремшік, мақтағанға марқайып, жаның жайланып, жалыңды күдірейтіп отыра бердің ғой, – дегенімде, Тұрағам:
– Түремешігің не? – деді біреу естіп қалардай сыбырлай таңданып.
Тұрғазы жоғары сыныпқа келгенде Өскеменнің Жамбыл атындағы мектеп-интернатына ауысып кеткен, сондықтан біздің мектепте болған жайды қайдан білсін, тосырқай таңдана сұрады.
– Тұраға, сен білмейсің ғой, бұл ініңнің істемегені жоқ…
– Өй, әкең, қайдағыны мыжиды енді, – деп Секең шылымын аузына қыстыра берді.
– Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде сабақ басталуға қоңырау соғылып, есіктен химия пәнінің мұғалімі Күләнда кіріп келе жатқан. Клава деген қыз: «Әй, Ғабдуллин, поэмаң шығыпты ғой» – деді аудандық «Социалистік майдан» газетін ақтарыстырып отырып. Екеуі тату сияқты еді, араларына ақ сайтан қалай кіргенін қайдан білейік, Секең қызға тұра ұмтылды. Газет жыртылып, балалар шу- шұрқан болды да кетті. Сабаққа дайындалмағандарға жақсы жағдай өз-өзінен туындады. Пән мұғалімі шуылдақты баса алмай, жылап, кластан шығып, директорға кетті.
Тап осы кезде СОКП Орталық Комитетінің жеңіл-желпі бұзақыларды он-он бес күнге қамау туралы қаулысы жарыққа шыққан. Мектеп басшылары соны негізге алып, шу шығарған Секеңді ауданға хаттап-шоттап айдап жіберген. Сөйтіп, Секеңнің екі шумақ өлеңін «поэма» деп мазақтаған қыз үшін үкіметтің қаулысын бірінші болып «жүзеге асырғаны» бар. Ініңнің түремшік екенін енді білдің бе, Тұраға?
– Өй, өй… Сенің сондайың бар ма еді? – деп Тұрғазы оған өбекси бұрылды.
– Өзіңде ондай болған жоқтай айтасың-ау, – дедім Серікке қулана көзімді қысып.
– Жо-жоқ, ондай болған жоқ, – деп ол шыр-пыр болды.
– Шыжақтағаныңа қарағанда бірдеңең бар-ау, – деп Серік айтсаңшы дегендей маған иек қақты.
– Тұқа, интернатта төбелескенің есіңде ме? – дедім.
– Кетші, мен төбелестім бе? – Бала кездегі шалдуарлық Тұрағамның есінен шығып кеткен екен.
– Өзіңмен бірге оқитын Шәкәрім Мейірбаев «Тұрғазы өлең жазады екен. Міне, мына дәптерде оның ғашықтық өлеңдері жазылыпты, қыздың аты аталған шығар, оқып көрелік» деп жұртқа көрсетпек болғанда, екеуің дәптерге таласып, арты төбелеске айналып кеткенін ұмыттың ба? «Екеуі жекпе-жек төбелессін» деп үлкен балалар бізді арашалауға жібермей тұрғанда, интернат тәрбиешісі келе жатыр деген хабардан соң, ұшқан шыбынның ызыңы естілердей тым-тырыс сабақ қараған болып отыра қалғанбыз.
– Сондағы төбелес енді есіме түсті, – деп Тұрағам мәз болды. – Қатты төбелестім, ә?
– Иә, қатты төбелестің, қатындарша бір-біріңді жұлқылап, ақыры екеуің екі төсекке құлай кеткендерің есіңде жоқ па, Тұраға?
– Мен интернаттың жатақханасында жатқамын жоқ, ағамның мұндай тентек екенін білмейді екем, – деді Серік Тұрғазыны қыжыртып. – Қалай, қатындарша төбелесті деймісің?
– Кетші-ей, кішкене мақтанайын десем… – Ашуланған сыңай танытты.
– Үшеуің неге бөліне қалғансыңдар? – деп Күләндадан кейін химия пәнін оқытқан Тұрсынбек Садуақасов жанымызға жақындағанда:
– «Алгебра, химия, қонбайды менің миыма» деген кезімізді еске түсіріп тұрмыз, – деді Серік Тұрсекеңе күлімсіреп.
– «Черчение сызық қой, әдебиет қызық қой» деп жүргендеріңді білемін. – Тұрсекең де сөз тапқанына қуанғандай қарқылдай күлді. – Екеуіңнің өлеңдеріңді оқып жүрем…
– Химиялық қосындысы көп пе, мұғалім, көпірме сөз бен көрікті сезімнің байланысын айтып тұрмын, – дедім Тұрсекеңе түсіндіріп.
– Маған екеуінің де өлеңдері ұнайды. Тұрғазы биязы, Серіктің адуын мінездері өлеңдерінде көрініп тұрады.
– Тұрғазының биязылығы тым жуастыққа, Серіктің адуындығы есерсоқтыққа әкелетіндіктен, Тұрағама «жібің бос, шират», Серағама «шақарлықты тастап, сабырға көш» деп екеуіне ақыл айтумен сорға туған Сырымның папасының шашы ағаратын болды, – дегенімде:
– Онысы кім-ей? – деді мұғалім түсінбей.
– Бұл әкең, өзін айтып тұр емес пе, – деді Секең әдеттегідей шапшаңдығына бағып. – Аузына «ақаң» тисе, «Құмекең баласы» болып шыға келеді де, әншейінде «сорға туған Сырымның папасы» деп өп-өтірік мүсіркей қалады.
– Е, екеуіне «ақыл айтып» шашын ағартқан кім десем, өзің екенсің ғой, – деп Тұрсынбек ағай менің иығымнан ұстады. – Шашыңда бір тал ақ жоқ қой, ей.
– Мен шашымды «ағартатын болды» дедім ғой. Бұл сіздің жылдам жүретін химиялық реакцияңыз емес, жүйкені жұқартқаннан ақырындап басталып, қартайғанша созылатынын білмейсіз бе? – дедім мұғалімге.
– Бала кезіңдегі шымшымаң әлі қалмаған екен… – деп күліп алған Тұрсекең әзілді әрі қарай жалғастырды. – Екеуін бәйгі атын баптағандай ақындыққа тәрбиелеп жүрген сен екенсің ғой.
– Әрине, мен, – дедім Серіктің қитығына тие түсу үшін. – Тұрағам «Екатериновкада» директорлықта шіреніп жүрсе де, мына шақар неме Қанайдың жындыханасынан шыға алмайтын еді.
– Ол Қанайда мұғалім болды емес пе? – деді Тұрсекең түсініңкіремей.
– «Жындының» суын ішіп, жындылармен бірге ойнап-күліп, мұғалімдігі жайына қала бастаған соң «қалаға алдырдым», – дедім өз қолымда тұрғандай.
– Мені Мұқан Әбуғалиев алған, – деп Серік шақ ете түсті.
– Тұрғазыны да сол алған, бірақ дем беруші Сырымның папасы ғой.
– Өй, әкең…
– Мұғалімнің көзінше иянаттаудан ұялмайсың ба, ей? – деп Серікті қыжырттым.
– Мен «әкең» дедім, ар жағын айтқамын жоқ қой… – Ол мұғалімге қарады.
– Айтқан жоқсың, – деді Тұрсынбек Серіктің арқасынан қағып. – «Әкеңді» мақтайын деп тұрған шығар, Секеңе тисе бермесей, – деп арашаға түсті. – Мұғалім болып жүргенде Түкеңнің де соңына бір арызқой шырақ алып түсіпті дегенді естіп ем.
– Сол арызқой мұғалім мектепті басқара алмай, қаржыны шашып, орнынан түсіп қалғанда, Тұқаңа «Есе қайыратын кез келді, мен жазайын» деп едім: «Нәжісті таптаған сайын көңірсік иісі қолқаңды атады, одан да таптамай, аулақ жүргенің дұрыс» деп жолатпады. Жетімдіктің жалтаңы қалмағаны шығар.
– Әй, Мүсілім, – деді Тұрағам өзіне жақпайтын сөз естігенде Мүсаға демей, менің атымды тура айтатын әдетіне бағып.
Оның жақтырмай қалғанын байқаған Тұрсынбек ағай:
– Кекшілдік – текшілдік емес, кемістік. Тұрғазының үлкен жүректі азамат екенін көрсеткенін түсінбегенбісің, Мүсілім. Жаманшылық жасау әркімнің қолынан келеді, жақсылық жасау үлкен жүректі адамға тән қасиет екенін білгенің жөн, бауырым, – деп мені Тұрағаңа жығып берген соң, өзінің қарлығыңқы даусымен қарқылдай күлді.
– «Жақсының ашуы жібек орамал кепкенше, жаманның ашуы басы жерге жеткенше» дегенді түсінбейді ғой, бұл ит, – деп Секең де қыстырыла қалды.
– Шүршейіт екі нағашыма ақтағыш мұғалім қосылып, күпінің битіндей жабылған соң менің тамтығымды қалдырмас, сорға туған Сырымның папасы аманыңда ағаңның үйін тап, – деп кетпек болғанымда:
– Әй, қайда барасың? Мектеп бір үйге тамақ дайындатып жатыр, – деген Тұрсынбек ағайға:
– Манадан соны айтпайсыз ба?.. – деп кері бұрылдым.
– Өй, тамақсау, әкең… (Тұрғазы мұны өлтірсең де айтпайды, Серіктікі екеніне ешкім таңдана қоймас).

Алдияр бергізбеген атаққа ашуланған

Айыртаудың қос шыңындай асқақ еді...

(Суретте: сол жақтан екінші тұрған – Тұрғазы Нұқайұлы)
Редактор мен бірінші орынбасар Тұрғазының ат шаптырым кабинеттеріне әрең сиятын редакция қызметкерлері менің аз орындықты, шағын кабинетіме лезде жайғаса кететін. Ешкімнің ренжіп шыққанын білмеймін. Бірде Серік от алып қопаға түсердей ашуланып кірді.
– Соңғы гранатаңды лақтырып, жау қоршауын бұзып шықтың ба, ей? – дедім күліп.
– Сен не білесің, жағаң жайлауда отырасың… – Серік «сен не білесіңнен» бастаса, шатақтың басталғаны дей бер, үндемей тосып отырмын. – Сенің бауырың… Ұландағы … кім ед?
– Ержан ба? Ол не істеп қойды?
– Ол емес… «Тапсыз қоғам» колхозындағы бірінші орден алған Әубәкір атамыз деп айтып отырушы едің ғой, соның баласы Әубәкіров Ұланда әкім емес пе?
– Алдиярды айтып отыр екенсің ғой… Ол – Әубәкірдің немересі, Ақылбектің баласы… Ол саған не істеп қойды?
– Маған емес, үшеуімізге…
– Астапыралла, үшеуімізді жер аудармақшы ма екен, «отыз жеті» өтіп кетіп еді ғой…
– Өй, әкең, осы сенің қылжағың қалмайды… Үшеуімізді Ұланның «Құрметті азаматтығына» қабылдамай қойыпты…
– Ол немене? – дедім түсінбей. – Біз арыз жазып па едік?
Кеңес үкіметі кезінде «Құрметті азаматтық» сирек қолданылатын. Алматыдан келген Қабдеш, Хасенхан, Нұркенже деген ақын, жазушылармен Тарбағатай ауданында кездесу өткіздік. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Зәріпхан Дәукеевтің алғашқы барған кезі. Бұл кезде «Қазақстанды айналып жүрген он мың шапан» жоқ болатын. «Бауырым, шапанды Күлән апай тігіп жатыр, басқа не істеймін?» деді Зәріпхан ағай оңашада маған. «Қабдеш Жұмәділов Қытайдан келген, кездесулерде «Тарбағатай екі елге де ортақ» деп жүр ғой, «Тарбағатайдың құрметті азаматы» деген қағаз жазып берсеңіздер, разы болады» дедім. Солай болды да. Бұдан соң «ауданның құрметті азаматы» дегенді Серіктен естіп отырғаным осы, таңданғаным да сондықтан.
Осы кезде есік ашылып, Тұрғазы кірді.
– Әй, немене шулап кеттіңдер? – деді мұғалімдік дағдысымен күлімсіреп.
– Не айтып отырғаныңды мына Тұрағаңа түсіндірші, – дедім Серікті ашуландыра түскім келіп. – Үшеуімізді Ұланның әкімі қабылдамайды дей ме, қамауға алады дей ме… «Балықтың тілін бақа біледі» деген, ағайындысың ғой…
– Бұрмалама сөзімді… Тұраға, біз үшеуімізді Ұлан ауданының «Құрметті азаматтығына» ұсыныпты. Сол ұсынысты мынаның інісі қабылдамай тастапты.
– Е, сол ма, – деді Тұрғазы езуін жимай. – Сераға, сол саған керек пе?
– Қатын-баласына мақтанып қалу үшін керек еді бұған, – дедім ши жүгіртіп.
– Кетші-ей, – деді Серік ашуы басылғандай ыржың етіп.
– Барған жеріңде Ұланнан шыққан ақын деп таныстыра ма?
– Таныстырады.
– Ұландықтар өзіміздің ақын деп мойындай ма?
– Мойындайды, – деп тұғыжықтаған Серік маған қарай береді.
– Халық мойындаған нәрсені әкімшіліктің бір жапырақ қағазымен куәландырудың қанша қажеті бар, ей? – деді Тұрғазы оның иығына қолын салып. Мен оны қолдап:
– Міне, нағыз данышпанның сөзі, мынаның миы соған жетпеді ғой, – дедім Серікті нұсқап.
– «Алмағаның батпады арашалап, батты маған тұрғаның тамашалап» дегені бар еді ғой Абайдың. Сол сияқты «үшеуінің Ұланға сіңген қандай еңбегі бар?» дегені менің жаныма батып кетті.
– Ол редактор Мұқан Әбуғалиевтың «Үшеуің Ұланның итіне дейін жазып бітірдіңдер емес пе» дегенін естімеген-ау шамасы, – деп Тұрғазы жайдары күлкісін ағытты.
– Әрине, сенің еңбегің жоқ, – дедім Серікке. – Комсомолдық жолдамамен ұжымшарда екі жыл сиыр бағып, екеуін жоғалтқансың…
– Сен мініп жүрген астыңдағы атты жоғалттың…
– Міне, осындай міні бар екеуімізге қайдағы құрметті атақ? Тұрағаңа берсе бір сәрі, – дедім Серікке.
– Жоқ, мен туған елден атақ іздеп жүргем жоқ, туған жерден қуат көзі – нәр алғанға не жетсін…
Туған жер – өмір сынақта,
Мәңгілік ыстық тұрағым.
Бейнесі оның бірақ та
Қуатым, ойым, нұр, әлім.
Елімнің нұрлы күні үшін,
Барымды беріп кетсем-ау.
Отты жыр оның үні үшін
Лапылдап жанып өтсем-ау, – деп Тұрғазы аттанып кете барды…
Ұланда туып, еңбек жолын Ұланда бастап, қатардағы мұғалімнен мектеп мүдіріне дейін өскен, әдебиет әлеміне өзіндік үнімен келіп, қазақтың белгілі ақыны болған Тұрғазы Нұқайұлына ұландықтар тіс жармай отырғанымен, Өскемен қаласы өзінің бір көшесін ақынның атымен атағанына шүкіршілік етеміз де.
Ештеңені парық қылмай, аңқылдап сөйлеп, саңқылдап күлетін Серік те:
Керегі жоқ темірің де,
Терсегің!..
Қалаймын мен
Еңкеймеуін еңсенің.
Теңдігімді
Сұрағанмын ақырып
«Ақыным» деп
Артқан кезде ел сенім.
Бір жапырақ
Қағазбенен анықтай
Алмайсың сен
Төккен тердің өлшемін.
Әдетің бар
Көрге бірге кететін,
Мақтап-мақтап
Көме салар өлсе кім? – деп жүріп, қоштасып кешу-шешу жасаспастан, жарық дүниемен бақұлдасқанын қайтерсің…
Әдебиет әлеміндегі «Айыртаудың» қос шыңы қатар құлағанымен, егіз қозыдай бірге өскен екі ақынның ұрпақтарына қалдырған ұлағат сөздері замана көшін бастайтын азаматтардың аузынан түспейтіндігіне сенемін…

Мүсілім Құмарбекұлы, жазушы

Осы айдарда

Back to top button