Қоғам

Айыппұлы миллион теңгеден асқан

Өскеменде бір өзінде бір миллионнан астам теңге көлеміндегі айыппұлы бар жүргізуші ұсталды. Бұл туралы қалалық полиция басқармасынан хабарлады.

– Полиция қызметкерлері тоқтатқан жүргізуші көлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірі жалған болып шықты. Оның атында 39 әкімшілік құқық бұзушылық бар екен және төленбеген айыппұлының жалпы сомасы 1 миллион 50 мың 609 теңгені құрады. Оның үстіне, аталмыш азаматтың көлік құралын басқару құқығы жоқ екені де белгілі болды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды, – дейді полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Орал Рыспаев.

Еске салайық, 14-16 қыркүйек аралығында облыс орталығында «Борышкер» жедел-алдын алу іс-шарасы өткен болатын. Осы ретте, тәртіп сақшылары кезкелген адам әкімшілік хаттама толтырылған сәттен бастап жеті тәулік ішінде айыппұл сомасының 50 пайызын ғана төлеуге құқылы екенін еске салуда. Бұл мерзім әкімшілік құқық бұзушылықты автоматты режимде жұмыс істейтін арнайы техникалық құрал тіркеген жағдайда және адамға айыппұл төлеу туралы хабар келіп түскен сәттен бастап есептеледі.

Полиция басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, заңнамада айыппұлды ерікті түрде төлеуге 40 күн беріледі екен. Ал айыппұл төленбеген жағдайда әкімшілік материал мәжбүрлеп өндіріп алу үшін мемлекеттік немесе жеке сот орындаушыларына жіберіледі, деп ескертеді мамандар.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button