Аюлар неге ұйықтамай жүр?
Аюлар қыста ұйықтайды десек те, биыл Семейдегі биологиялық орталықтағы Зита мен Гриша атты қос аю ұйықтамай жүр.
– Олар ұйықтамаса да, өздерін жайлы сезініп, күні бойы орталыққа келушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлауда. Әсіресе, Зита келген қонақтар тәтті бермейінше, алдыңғы аяқтарын көтеріп тұрып алады. Қазір жыртқыш жануарлар негізінен көкөніспен қоректенеді, – дейді орталық қызметкері Сая Төлеубек.
Зообақ мамандары өңірде күн әлі де суытып, аюлар қалың ұйқыға кетеді деп үміттеніп жүр.
Негізі, қоңыр аюлардың иіс сезу қабілеті жақсы дамыған. Сондықтан олардың тамақтану тәртібі бойынша орталық қызметкерлері жыртқыштарға күнде сағат төртте тамақ береді екен. Мамандар аюлардың тәбеттері жаман емес дейді. Бәлкім, олардың осылайша ұйықтамай қоюына торға қамалуы да кері әсерін тигізсе керек.
Раушан Нұғманбекова
Семей.