Қоғам

«Аюдың» етін жеп, сүтін ішетін боламыз

«Аюдың» етін жеп, сүтін ішетін боламыз


Ұсақ шаруа қожалықтары кооперативтерге біріккен кезде ғана үлкен нәтижеге қол жеткізе алады. Оған нақты мысалды біз Зайсан ауданынан таптық. Мұндағы «Аю» атты кооперативте қазіргі кезде 25 адам еңбек етуде. Бұл бірлестік өткен жылдың мамырында құрылған болатын. Оның құрамына «Бекарыс», «Жиде», «Досым», «Есенғұл» және «Еңсе» қожалықтары енген.

– Қаратал ауылдық округіне қарасты шаруа қожалықтары және жеке тұлғалар біріккен «Аю» кооперативі Жіңішкесу елді мекенінде қора салып, шетел инвесторларымен бірлесіп үш мың басқа арналған мал бордақылау алаңын, консервіленген ет өнімдерін, тері илейтін, сүйек ұнын шығаратын цехтарды салуды жоспарлауда. Облыс әкімінің тапсырмасына орай кооператив сүт қабылдау пунктін ашуға, әрі тауарлы сүт ферма құруға симменталь тұқымды 30 бас аналық асыл тұқымды мал сатып алды, – дейді аудандық әкімдік мамандары.

Бүгінгі таңда «Аюдың» меншігінде 540 гектар егіндік, 400 гектар шабындық, 3080 гектар жайылым бар. 212 бас сиыр, 350 бас қой-ешкі, 50 бас жылқы өсіріледі. Техникадан алты дөңгелекті трактор, үш шөпшапқыш, екі «ГАЗ-53», бір «ЗиЛ-157» жүк көлігі, алты тіркеме жұмыс істеп тұр.
Біз барғанда мал жайлауда болды. Шаруашылықтың тыныс-тіршілігі туралы «Аю» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жетекшісінің өсімдік шаруашылығы туралы орынбасары Асқар Аманжанов айтып берді.

– Кооператив басшысы болып бұрынғы «Бекарыс» қожалығының басшысы Саян Әдібаевты сайладық. Оның өсімдік шаруашылығы жөніндегі орынбасары менмін, мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары болып бұрынғы «Жиде» ШҚ басшысы Бақытбек Бейсембаев, бас мал дәрігері болып бұрынғы «Есенғұл» ШҚ басшысы Нұрлан Абзалбеков тағайындалды. Бұрынғы «Досым» ШҚ басшысы Досым Боқышбаев Жіңішкесу елді мекеніне салынатын нысандарға материалдық тұрғыда жауап береді, – дейді бұрынғы «Еңсе» қожалығының басшысы Асқар Аманжанов.

Кооперативтің алға қойып отырған мақсаты зор. Олар қазіргі кезде болгариялық «МАК» компаниясынан инвестиция күтіп отыр. Қомақты қаржы түскен соң, алдымен асыл тұқымды сиырлар сатып алынады. Олар үшін 10-15 күнде құрастырылатын арнайы қора-жайлар салынады. Жоспар бойынша сиырдың 200-і сүтті, 800-і етті бағытта болмақ. Шаруашылық толық қуатына жеткенде күніне 6-8 тонна сүт сауылатын болады. Өнім осы жерде өңделеді. Кішігірім сүт зауытында сауылған сүттен айран, ірімшік, қаймақ, сарымай, балмұздақ сынды өнімдер шығарылатын болады. Ал ең басты өнім – құрғақ сүт болмақ. Сүттің 60 пайызы осы өнім жасауға пайдаланылады. Оның себебі, қаражат құйғалы отырған халықаралық инвестициялық компания аталмыш өнімді осы кооперативтен сатып алмақ. Өйткені, бұл жердің табиғаты таза, шөбі шүйгін, демек сүттің де құрамы сапалы, денсаулыққа пайдалы. Осыны ескерген еуропалық инвестор қаржысын осы өңірге жұмсауды шешкен.

«Аюдың» сүтімен қоса, еті де болады. Яғни, шаруашылық ет өнімдерін шығаруды да көздеп отыр. Ол үшін бордақылау алаңы салынады, жемшөп базасын нығайту үшін қосымша жеті мың гектар жер сұрап аудандық әкімдікке арыз да беріп қойған. Асыл тұқымды болғандықтан бұзаулар алты айлығында әжептәуір салмақ қосады. Ет осы жерде іргесі қаланатын комбинатта өңделмекші.

Жемшөп үшін биыл 100 гектар аумаққа соя, 120 гектар аумаққа жоңышқа, 50 гектарға бидай, 50 гектарға арпа, 15 гектарға сүрлемге арналған жүгері егілген. Қазір шөп шабу науқаны қызу жүріп жатыр. Шамамен бір мың тонна шөп әзірленген. Жоспарланғаны – үш мың тонна. Келесі аптада 50 гектардан арпа-бидай орыла бастайды.

– «Аю» деген сөз – әрі қысқа, әрі түсінікті. Сосын есте жақсы сақталады. Біз келешекте Зайсан ауданын, көршілес өңірлерді ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз еткіміз келеді. Тауарларымыз ел арасында «мынау «Аюдың» еті», «мынау «Аюдың» сүті» деп аталып, брендке айналса екен деген арманымыз бар, – деді бізге Асқар Аманжанов кооператив атауы туралы.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button