Аю оянып кетті
Семейдегі биоорталықтағы қоңыр аю қысқы ұйқысынан ертерек оянып алды. Ал оның көршісі, тағы біреуі әлі «түс көріп» жатыр.
– Күн жылынып кетті. Еретерек оянуы сондықтан, – деп түсіндіреді мамандар.
Мамандардың айтуынша, бұл аю биоорталыққа қызық жағдайда жеткізілген. Екі айлығында әлдебір маскүнемнің қолына түсіпті. Ол болса қонжықты бір бөтелке араққа айырбастай салмақ болған. Мұны білген жанашыр адамдар құқық қорғау қызметкерлеріне хабарлап, арнайы мекемеге алып кетуін өтінген. Солай.
Биоорталық зообаққа ұқсайды. Бірақ барып көрген адам мүлде басқа екенін түсінеді. Мұнда жан-жануарлар әртүрлі себеппен жеткізіледі. Қазір 75 бас аң мен құс бар.
– Мектеп оқушылары жануарларға ғылыми-зерттеу жүргізіп, жазда тәжірибе бақшасында жұмыс істейді. Қоршаған ортамен танысады. Жастардың табиғатқа деген махаббатын арттыруға тырысамыз, – дейді сала маманы Сұлушаш Сұлтабаева.
Тасқын Болатұлы