Аю неліктен адамға шабуылдайды?

Үстіміздегі жылдың тамыз айында аюдың адамдарға екі рет шабуылдау оқиғасы тіркелді. Зырян ауданында бір топ қонжықтар ұялы байланысты орнату жөніндегі қызметкерлердің зәресін ұшырды. Абырой болғанда, орман шаруашылығы қызметкерлері көмекке келгенше олар жақын маңда орналасқан құтқару мұнарасын паналаған. Ал екінші оқиға өкінішке қарай, қайғылы аяқталды. Шемонаиха ауданы, Медведка ауылының тұрғыны орманға жидек теруге барып, сол беті оралмаған. Келесі күні кешке оның аю талаған мүрдесі орманнан табылды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, сол оқиғадан біраз уақыт бұрын ауыл маңында жүк көлігі қонжықты қағып кеткен. Ізін суытпай орын алған қайғылы жағдайды жыртқыштың адамдардан кек алуы деген болжамдар да бар.
Жалпы, аю-ең ірі жыртқыштардың бірі. Олардың жекелеген түрлерінің салмағы 450 келіге дейін жетеді.Әдетте табиғатта аюлардың 100-200 келі салмақ тартатындары да жиі кездеседі. Аю – қоректі талғаусыз жейтін жануар. Азығының құрамы – жыл маусымына және өніміне тәуелді. Ұзын тырнақты алдыңғы қарымды аяқтарымен аю сиырдың омыртқасын немесе бас сүйегін сындыра алады. Адам оның қоректену объектісі болып табылмайды. Алайда, жоғарыдағы жағдайлар аюдың іс-әрекетін болжап білу мүмкін еместігінің дәлелі.
Біз табиғатқа жақын болу үшін орманға барамыз. Қозғалтқыштардың, жол талғамайтын көліктердің, квадрациклдердің гуілі орманды мекендеушілерді үркітумен қатар, орманның таза ауасын газбен ластайды. Табиғаттың ең құпия және шалғай жерлері біртіндеп шулы компанияның көкке шығатын және демалатын жеріне айналып бара жатыр. Біз аюларды өзімізге қалай үйретіп жүргенімізді байқамаймыз. Жыртқыш адамға үйреніп алады («синантропты» аюға айналады). Осылайша біртіндеп адам алдындағы қорқынышын жояды, нәтижесінде табиғатынан адамды жақсы көрмейтін аюдың басқыншылығы арта түседі. Аюға кездесіп қалуды және оның шабуылының құрбанына айналмаудың алдын алу үшін бірнеше ережелерді сақтау қажет. Әрқашан естеріңізде болсын, орманда қыдырып, саңырауқұлақ пен жидек теріп, әдемі жерлерде серуендеп жүргенде кез келген уақытта және кез келген жерде аюға кездесіп қалуыңыз мүмкін және осыған моральдық жағынан дайын болу керек. Оның жақындауын және абайсызда тап болуына жол бермеу үшін орманда қатты айқайлап, кем дегенде үш адамнан тұратын топ боп жүру керек. Демалған жерлерде тамақ қалдықтарын қалдырмаған ләзім. Лагерьді ашық жерлерге орналастыру да аюдың шабуылдауына жағдай жасаумен тең. Аюмен абайсызда кездесіп қалған жағдайда одан қашпай, қозғалмай, қатты дауыспен көмек шақыру керек. Жолға шығып кеткен аюды көрген кезде қанша зиянсыз және сүйкімді көрінсе де, оны ешқандай жағдайда тамақтандыруға болмайды. Ол ондай тамақты қажет етпейді, бірақ адам қолынан азық жеп үйреніп алса, кейін үнемі осыны талап етіп отырады. Талабы орындалмаған жағдайда адамдарға шабуылдай бастайды. Осылайша кез келгеніміз өз іс-әрекетіміз арқылы өзге адамдардың өміріне қауіп төндіруіміз де мүмкін.
Өкінішке қарай, осы ережелерді ұстансақ та, аюдың шабуылдау ықтималдығын толық жою мүмкін емес. Ол жануар болғандықтан да, оның іс-қимылын болжай алмаймыз. Алайда сақтықта – қорлық жоқ екендігін ескергеніміз абзал.
Е.Афанасьев,
облыстық табиғи ресурстар және табиғат
пайдалануды реттеу басқармасының
«Өскемен орман шаруашылығы» КММ
аңшылығының маманы