ҚоғамТОП

Айтып келмес апатқа дайынбыз ба?

Осыдан біраз бұрын Алматы қаласында тіркелген жерасты дүмпулері күллі республика жұртшылығын дүр сілкіндіргені рас. Айдың, күннің аманында екі миллионнан астам тұрғыны бар мегаполистің халқына бұлтсыз күнгі найзағайдай әсер етіп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған оқиға өзгелерге де сабақ болғандай. Осыған байланысты, көкейімізде сан сауал туындағаны да жасырын емес.

Біз де қауіпті аймақтамыз

«Біздің облысымыздағы аталмыш саланың жай-күйі қалай?», «Дәл осындай зілзала Шығыста тіркелген жағдайда оған қалай төтеп береміз?», осы және басқа сұрақтарға жауап алу мақсатында біз күні кеше Шығыс Қазақстанда өткен «Жер-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын көріп қайтқан болатынбыз.

Мамандардың сөзіне сенсек, бүгінде республика аумағының үштен бір бөлігі сейсмикалық қауіпті аймақ саналады екен. Қазір бұл аймақтарда алты миллионнан астам адам тұрады. 400-ден аса үлкенді-кішілі елді мекен, мемлекеттің өнеркәсіп әлеуетінің 40 пайызы да дәл осы аймақтарда шоғырланған. Сейсмологтар қауіпті аймақта Алматы қаласымен бірге Шығыс Қазақстан облысы да орналасқанын айтуда. Мұнда жер сілкінісінің күші 9-10 балға дейін жетуі ықтимал екен.

Ал айтып келмейтін апат болса, төтенше жағдайлар қызметі мен өзге құрылымдардың дайындығы, олардың қысылтаяңда бірлесе әрекет етуі сияқты факторлардың шешуші рөлге ие болатыны анық. Міне, осыны ескерген үкімет ел аумағында ауқымды республикалық оқу-жаттығу жиындарын өткізуге шешім қабылдаған. «Жер-2024» деген атауға ие болған сондай командалық-штабтық оқу-жаттығулардың бірі Шығыс Қазақстанда да өтті. Екі күнге созылған оқу-жаттығу барысында жойқын жер сілкінісі кезіндегі түрлі қызметтер мен құрылымдардың іс-қимылдары тексерілді.

Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісовтің басшылығымен өткен оқу-жаттығуға Абай, Жетісу, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарынан, Ұлттық ұлан бөлімшелерінен, Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдерінен ұзын саны бес мыңға жуық адам қатысты. Сондай-ақ мыңнан астам техника жұмылдырылды.

Бұл – ойын емес

Жоғарыда жазғанымыздай, Шығыс Қазақстан сейсмикалық тұрғыдан аса қауіпті аймақ саналады. Өңірдегі 344 елді мекеннің 75-і тоғыз балға дейінгі жер сілкінісі болуы мүмкін аймақта орналасқан. Мамандар жер дүмпуі кезінде төрт мыңнан астам тұрғын үй қирауы ықтимал деген болжам жасап отыр. Бұған қоса жер сілкінісі су тасқыны, сел, қар көшкіні, өрт сияқты апаттардың, сондай-ақ техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың себепшісі болуы мүмкін екенін айтады төтенше жағдай мамандары. Ал бүгінгідей оқу-жаттығулар сол апаттарға қаншалықты дайын екенімізді аңғартуға тиіс.

Оқу-жаттығудың сценарийі бойынша, аймақта жер сілкінісі болып, көптеген ғимарат қираған. Оқиға орнына «Қазавиақұтқару» қызметінің тікұшағы жетіп, табиғи апаттың салдарын, қираған ғимараттардың санын тіркеуге кіріскен. Дабыл дыбысынан кейін тұрғындар үйлерін тастап, облыстың барлық қаласы мен аудандарында ашылған эвакуациялық пункттерге қарай ағылды. Артынша алғашқы көмек алған халық қала сыртындағы лагерьлерге жеткізілді.

Шатырлы лагерьде медициналық пункт, тамақтану орны, автокөлік тұрағы қарастырылған. Тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін лагерьде полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Апаттар медицинасы орталығының мамандары дала ауруханасын орналастырды. Төтенше жағдайлар министрлігінің психологтары мен дәрігерлері халыққа шұғыл көмек көрсетті.

Оқу-жаттығу аймағына келген облыс әкімі Ермек Көшербаев бұл істе барлық қызметтің практикалық дағдылары мен үйлесімділігін жетілдіру өте маңызды екенін атап өтті.

– Оқу-жаттығу – ойын емес, ол барынша шындыққа жақын жағдайда өтуге тиіс. Апаттан кейінгі алғашқы уақытта барлық ауыртпалық бізге, жергілікті жердегі мемлекеттік қызметтерге түседі. Бұл сыннан сүрінбей өту үшін әрқайсымыз іс-қимыл алгоритмін жетік меңгеруіміз қажет. Бұл бағыттағы жұмысты ширатыңыздар, – деген өңір басшысы жауапты мекемелерге бірқатар міндет жүктеді.

Волонтер мен дәрігерлердің маңызы артпақ

Айта кетейік, соңғы уақытта Шығыс Қазақстанда жүйелі түрде халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Мамандар тұрғындарға зілзала кезінде аман қалу үшін не істеу керектігін егжей-тегжейлі түсіндіреді. Биылғы «Жер-2024» оқу-жаттығуы аясында мұндай жұмыспен 83 мыңнан астам адам қамтылған. Жалпы, жыл басынан бері облыста 1 815 рет сейсмикалық жаттығу өткізіліпті.

– Барлық ұйымда, мектептер мен сауда орталықтарында сейсмикалық жаттығулар мен үгіт-профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Қазір тұрғын үйлерге эвакуация пункттері туралы ақпарат беретін QR кодтар қойып жатырмыз. Оны адамдарға қажетті алғашқы нұсқаулық деуге де болады, – дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ерғали Бахаев.

Оқу-жаттығулар аясында Өскемен қаласының маңында 1 700 адамға шақталған үш шатырлы лагерь орнатылған. Сондай лагерьдің бірі Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінің іргесінде орын тепкен. Осыған ұқсас шатырлы қалашықтар облыс аудандарында да бар. Мұнда жер сілкінісі кезінде зардап шеккен тұрғындарға барлық қажетті көмек көрсетіледі. Жұмысқа еріктілер де жұмылдырылған.

– Волонтерлердің санын көбейту, олармен жұмыс жүргізіп, дұрыс бағыт-бағдар беру. Міне, осы бағыттағы жұмыстарға мән беруіміз қажет. Бұл жердегі науқастарды қабылдайтын пунктер Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі госпитальдарға ұқсайды. Оларды жаңартпаса болмайды және ол жерде істейтін мамандарды да ұмытпау керек. Апат кезінде алдымен хирургтер, реаниматологтар мен травматологтарға сұраныс артады. Ең қажетті адамдар солар болады. Бір сөзбен айтқанда, ішкі тәртіп болуы керек. Сол сияқты, қаланың сыртында қоймалар әзірлеу қажет. Онда дәрі-дәрмек пен өзге де қажетті заттар, сондай-ақ, дабыл шабаданы, радиацияны өлшейтін құрал-жабдықтар қоры жинақталуы шарт, – деп нақтылаған аймақ басшысы лагерьде құрылған штабтың жұмысына қатысты.

Атқарар шаруа әлі де көп

Оқу-жаттығу барысында көпқабатты үйлерде қалып қойған адамдары құтқару жұмыстары да пысықталды. Құтқару қызметінің мамандары альпинистік жабдықтар мен автосатыны қолдана отырып көмекке мұқтаж тұрғындарды қауіпсіз аймаққа алып шықты. Жарақат алғандарға дәрігерлер шұғыл көмек көрсетті. Жаттығу барысында жер сілкінісінің қаупі төмен өңірлерде зардап шеккен тұрғындарды қабылдау мәселелері де қарастырылды.

– Бұл жаттығуларды өткізудегі негізгі мақсат – халық арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және нығайту. Төтенше жағдайлар бола қалған сәтте адамдар дұрыс әрекет етсе, өз өмірін сақтап қалуға мүмкіндік артады. Жалпы, өткен оқу-жаттығулар әлі атқарар шаруамыздың көп екенін аңғартты, – деп атап өтті ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қаһарман Оразалин.

Оның айтуынша, мұндай оқу-жаттығулар халыққа төтенше жағдай кезінде не істеу керектігін үйрете отырып құтқарушылардың біліктілігін шыңдауға, дайындығын пысықтауға мүмкіндік береді. Яғни аяқ астынан болатын апатқа қаншалықты дайын екенімізді байқап көреміз.

Екі күнге созылған іс-шара соңында оқу-жаттығуға толық талдау жүргізіліп, авариялық-құтқару құрылымдарының дайындығына баға берілді. Азаматтық қорғаныс жүйесінің қызметін одан әрі жетілдірудің басым бағыттары айқындалды.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан біраз бұрын облыста жұмылдыру дайындығы жөніндегі басқарма құрылған болатын. Өңір басшысының айтуынша, соңғы уақытта елдің түкпір-түкпірінде болып жатқан төтенше жағдайлар бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігін көрсетеді. Сондай-ақ облыста құтқару қызметтерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту мәселесі де пысықталуда.

 

Осы айдарда

Back to top button