Айтықов көшесінің жылу құбыры неге жарылды?
Қасым Қайсенов кентіндегі орталық жылу магистралінен Айтықов көшесінің тұрғын үйлеріне дейінгі құбырлар жердің беткі қабатында ашық-шашық жатыр. Ең қиыны құбырлар аязда қатып қалмауы үшін сыртынан арнайы материалмен қапталмаған. Облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмасымен партиялық бақылау комиссиясының мониторингі осындай кемшіліктерді анықтады.
Естеріңізде болса, Ұлан ауданының орталығында бірнеше шаңырақ күні кешеге дейін жылусыз отырған. Осы мәселеге байланысты аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ Қайсенов кентіне арнайы барған. Ізінше қара суықта қалтыраған отбасыларға жылу берілген. Дегенмен, облыс әкімі кентті жылумен қамту проблемасын назарда ұстауды «Нұр Отан» партиясының бақылау комиссиясына жүктеген. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі аталған комиссия отырысында тыңдалды.
Бақылау комиссиясының мәліметтеріне сүйенсек, мониторинг барысында Қайсенов кентіндегі орталық жылу желісінен Айтықов көшесінде орналасқан тұрғын үйлерге дейінгі аралықтағы құбырлар жердің бетімен тартылғандығы және қатты аяздан қорғау үшін сырты қапталмағандығы белгілі болды. Бұл бір деңіз. Екіншіден, темір құбырлар тұрғындардың көлікпен және жаяу жүруіне кедергі келтіруде. Қазан айының соңын ала күн күрт суытқанда «жалаңаш» құбырлар қатып, кей жерлері жарылған. Соның салдарынан бірнеше үйге жылу бармай қалған. «Молодежное» коммуналдық мекемесі мен «Жемчужина» ПИК өкілдері тұрғындармен бірге құбырлардың мұзын ерітіп, жарылған жерлерін дәнекерлеп қойса керек.
Ал жалпы биыл күзде қазына қаржысына жөнделген Айтықов, Заводская, Опанби көшелерінің жылу желілеріне келсек, қайта жөндеу жұмыстары өте сапасыз орындалған. Техникалық талаптар сақталмаған.
– Бұл проблеманың бірнеше себептері бар. Атап айтқанда, қаржының жетіспеушілігі, жергілікті биліктің тиісті жұмыстарды уақытында және өз деңгейінде ұйымдастыра алмауы. Сондай-ақ, төменнен жоғарыға берілетін мәліметтердің дұрыс болмауы. Осының бәрі айналып келгенде мәселе туғызып отыр, – деп түсіндірген партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Олег Чернышов тұрғындар да өз міндеттеріне мұқият болуын ескертті.
Жиында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ринат Омаров аймақтың елді мекендерінде атқарылған жылу желілерін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары туралы, олардың жылыту маусымы барысында тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде ақпарат берді. Өз кезегінде комиссия өкілдері басқарма басшысына технологиялық қателіктерге жол бермеуді қадағалап, коммуникациялық желілердің дұрыстығын ұдайы назарда ұстау қажеттігін еске салды.
Күн тәртібіне қойылған мәселенің тағы бірі – 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасының жүзеге асырылуы еді. Өкінішке қарай бұл тақырыпта партия өкілдеріне ақпарат беруі тиіс болған құрылыс, сәулет және қалақұрылысы басқармасының басшысы Мәди Отарбаев төбе көрсетпеді. Семейге іссапарлап кетсе керек. Ал басшының орынбасарлары әртүрлі себептермен жиынға қатыса алмады. Отарбаевтың орнына бас маманның міндетін атқарушы келіпті. Өңірде салынып жатқан тұрғын үйлер құрылысы мәселесі маңызды болғандықтан, комиссия өкілдері бұл тақырыпты басқарма басшысының қатысуымен келесі жиында қарастыратынын айтты. Сонымен қоса, Қасым Қайсенов кентінің Айтықов көшесіндегі үйлердің жылумен қамтамасыз етілуі де қарашаның ортасында өтетін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының саяси кеңес бюросында қаралатын болды.
Серік Әбілхан