Қайтарымсыз қаражат берілді

Өткен жылы семейлік жастар шағын құс фабрикасы мен ет, сүт өнімдерін өндіру бойынша бірнеше жобаны жүзеге асырыпты. Бұл туралы «Zhas project» жастар корпусын дамыту жобасының аймақтық үйлестірушісі Серік Жүнісов мәлім етті.
– Жобаның шартына сәйкес жұмыссыз жастарға қайтарымсыз несие берілді. Ал олар бұл қаражатты кәсіп бастауға жұмсады, – дейді ол.
Аталмыш жоба бойынша кәсіп бастаған жастар бас қосып, өзара тәжірибе алмасты. Солардың бірі – Серікжан Сағынбеков. Ол «Алтын тауық жұмыртқасы» атты жобаның авторы. Оның айтуынша, аудан тұрғындары тарапынан жұмыртқаға деген сұраныс жоғары.
– Алты ай бойы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға тегін жұмыртқа тараттым. Өйткені, жобаның басты мақсаты да осы, – дейді жас кәсіпкер.
Ал Балнұр Есболатова болса, мемлекет тарапынан берілген қаражатқа ешкі сатып алыпты. Сөйтіп, ол төрт түліктің осы түрін дамытуға бет бұрған. Бойжеткеннің айтуынша, ешкі сүті қант диабеті мен асқазан-ішек жолдары ауруларына шалдыққан науқастар үшін өте пайдалы.
– Алдағы уақытта ағылшын тілін үйрететін үйірме ашуды жоспарлап отырмын. Бұдан бөлек журналистикаға икемі бар жастарға да қолдау көрсеткім келеді, – дейді ол.
Басқосу барысында қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова сөз алып, жас кәсіпкерлерге сәттілік тіледі.
Айта кетейік, «Zhas project» жастар корпусын дамыту жобасы аясында барлық қатысушыға ай сайын шәкіртақы төленіп келді. Бұдан бөлек, әрқайсысына бір миллион теңге көлемінде қайтарымсыз қаражат берілді. Ал мұның бәрі мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған.
– Өткен жылы Семейде жас кәсіпкерлерге ерекше қолдау көрсетілді. Бұл «Zhas project» жастар корпусын дамыту жобасы аясында жүзеге асырылды, – дейді қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Олжас Соғымбай.
Раушан Нұғманбекова