Қайта түлеген Қарағаш ауылы
![Қайта түлеген Қарағаш ауылы Қайта түлеген Қарағаш ауылы](http://didar-gazeti.kz/uploads/posts/2016-08/1470280687_img_0235-kz.jpg)
Қарағаш ауылы аудан орталығынан 35-40 шақырым қашықтықтағы тау ішіне орналасқан. Ауыл ежелден тек жақсы жағынан көрініп келе жатқан елді мекен. Ауыл әкімі Талғат Махмұтұлының айтуы бойынша, мұнда қылмыс деген мүлде болмайтын көрінеді. Жұрт тек – ұрпақ тәрбиелеп, мал өсірумен айналысып келе жатыр. Ауданда биыл «Агробизнес-2020» бағдарламасымен 108 жоба жоспарланса, соның 5-еуі осы Қарағаш ауылдық округіне тиесілі көрінеді.
– Былтырдан бері шағын ауылдың кәсіпкерлері «Агробизнес-2020» бағдарламасымен «Қаз Агро Қаржы» АҚ арқылы сегіз дана техниканы қосалқы жабдықтарымен алды,-дейді ауыл әкімі Т.Сыздықаев.
Ал С.Шалғынбаев, М.Құнанбаев деген азаматтар техниканы өз қаражаттарына сатып алған. Сол сияқты, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасымен 18 адам 69 миллион теңге несие алып, 100 бас ірі қара, 793 бас ұсақ мал алыпты. Сондай-ақ, бір тойхана мен бір көпшілік монша салынып, жұрттың игілігіне берілген. Бұдан өзге А. Қасеновтың «Жарқын» шаруа қожалығы, А.Искаковтың «Әли», Д.Хасеновтың «Жас талап», Р.Мақашевтың «Әсем», Г.Қасенаеваның «Қайнар» шаруа қожалықтары мал басын асылдандыру жолында асыл тұқымды мал сатып алған.
Бұлардан өзге «Алтын асық» бағдарламасы бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Р.Қаюпова деген кәсіпкер ұсақ малға 5 миллион 100 мың теңге субсидия алды. «Агробизнес-2020» бағдарламасының елге берері мол. Енді Атлант Сасеновтың «Шаңырақ» шаруа қожалығы 5 миллион теңгеге «Қаз Агро Қаржы» АҚ арқылы техникаға құжаттарын өткізіп отыр. Жалпы, ауылдық округте 31 шаруа қожалығы жұмыс істеп келеді. Көпшілігі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие алып, шаруаларын дөңгелетіп отыр. Мәселен, «Даму» бағдарламасы бойынша Барлықбай Қойжайғановтың «Айдос» шаруа қожалығы 3,5 миллион теңге несие алып, 42 бас ірі қара сатып алды. Осы «Даму» бағдарламасымен Ерғали Түсіпбеков монша салу үшін жуық арада 3 миллион теңге алмақ. Талғат Махмұтұлы елді мекеннің шағын болуына қарамастан өткен жылы Қарағаш ауылдық округі 100 миллион инвестиция кіргізгенін айтады.
-Биыл ауыл орталығындағы Мәдениет үйін ағымдағы жөндеу үшін 6 млн. 700 мың теңге қаржы бөлініп, жұмыс жүріп жатыр. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 1 млн. 116 мың теңге бөлініп отыр. Мәдениет үйінің қатарындағы саябақты көркейтуге күш салынуда. Осыны жете түсіндіру үшін шаруа қожалықтарының басшыларымен жұмыстар жүргізудеміз. Мәселен, «Әли» шаруа қожалығының басшысы Асхат Искаков бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша он шақты шырша сатып алып берді. Қазір саябақ ішін гүлдендіру жұмыстары жүруде,-дейді ауыл әкімі Талғат Сыздықаев.
Шынында да береке-бірлігі артқан шағын ауылда ауқымды шаруа атқарылған сыңайлы. Бұл ең алдымен, мемлекетіміздің ауыл шаруашылығын дамытуға жеткілікті назар аударуынан болса, екіншіден, тәжірибелі басшы Талғат Махмұтұлының да сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Осы Қарағаш ауылында туып-өскен Талғат бүгінде елуді еңсерген жігіт ағасы. Туған жерден түлеп ұшқан ол алдымен осы жердегі мектептен орта білім алған соң Семейдің теміржол училищесін, құрылыс техникумын, Алматы сәулет-құрылыс академиясын бітірді. Ол кіндік қаны тамған Қарағаш ауылында 10 жылдан бері әкім болып қызмет етіп келе жатыр. Өмірдің біршама баспалдақтарынан өткен жігіт ағасы кезінде жұмысшы, экономист, прораб, кәсіподақ ұйымының төрағасы секілді сатылардан өткен. Жұртшылықпен жұмыс істеуді білетін оның тәжірибесі де жетеді.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.