Білім

Айсәуле АҚШ-тың үздік оқушысы атанды

 Айсәуле АҚШ-тың үздік оқушысы атанды


Өскемендік оқушы Айсәуле Самарбекова FLEX бағдарламасы бойынша АҚШ-та білім алып жатыр. Үлгерімі озат оқушы жуықта «Студенттер айырбасы бойынша ең үздік студент» атағын жеңіп алыпты.

Америкада оқып жүр талай қазақ баласы. Оның ішінде магнат әкесінің алқауымен мұхит асқандар да, дөкей көкесінің қолдауымен «Болашақтың» грантына жиендік жасаған Асандар да, талабы таудай, таланты теңіздей тасжарған Үсендер де бар. Айсәуле солардың соңғысынан болса керек. Оған қаршадай қарындасымыздың жетістігі дәлел. Атасы Самарбек Әбішевтің айтуынша, кейіпкеріміз бастауыш сыныпты аяқтағаннан кейін-ақ ағылшын тілін оқып-үйренуге ден қойыпты. Талапты шәкіртке мектеп бағдарламасындағы білім багажы аздық етсе керек, мұғалім үйреткен ілімді жетілдіре түсу үшін өз бетінше ізденген. Интернеттің шексіз мүмкіндігін бала күннен дұрыс кәдеге жаратқан санаулы жеткіншектің бірі осы Айсәуле шығар. Түрлі роликтермен жұмыс істеп, жат тілдің табиғатын, өзіне ғана тән заңдылықтарын болмысына сіңіріпті. Кейін бұл талпынысы қосымша үйірмелерде үлкен жеңілдік туғызған екен. Жоғарғы сыныпқа жеткен кезде ол ағылшынша еркін сөйлей бастайды. Тілмен бірге сол ұлттың психологиясы, ділі де қанға енетін заңдылығы бар. Мұны бәріміз ана тілін білмей өскен қандастарымыздың бойынан күнде көріп жүрміз. Ағылшынша сөйлейтін Айсәуле де біртіндеп америкалықтарша ойлай бастаған. FLEX бағдарламасы арқылы АҚШ-та сапалы білім алуға болатынын анықтап, соған кезең-кезең бойынша дайындалуы сол батысша ойлаудың басы болса керек.
FLEX-тің ақтық сынға берілетін жолдамасын жанқалтаға басу үшін Айсәулеге екі жыл жеткілікті болды. Өлермен ғалым мен кәсіби спортшының күн тәртібіне ұқсас сол бір мазасыз күндерді анасы Айжан Самарбекова бүгінде былай деп еске алады.

«Демалыста барлық балалар асыр салып жүргенде Айсәуле таң атпай тұрып «Американ сыныбына» баратын. Ана болған соң жаның ашиды ғой. Балалығын оқу жеп жатқандай көрінетін. Басқа күні оқыса да, демалыс күні тынығып, ұйқысын қандырса екен дейтінмін. Ол күлетін де қоятын. Келе-келе менің бұл «қамқорлығым» оның арманына қиянат болатынын түсіндім». Сөйткен Айсәуленің ортасынан оза шапқаны соншалық, тіл оқыту мектебінде ерікті ретінде сабақ жүргізе бастаған.

FLEX жолдамасы қолға тигенімен, үлкендердің батасын алу қажет еді. Анасы да, ата-әжесі де қинала-қинала келісті ақыры. Қиналатын жөні бар еді, жат ел, жат құрлық дегенді былай қойғанның өзінде қыздары басқа бір үйге бала болып, сабақтан бос уақытында солардың қарамағында болуы шарт еді.
АҚШ Айсәулені бөтенсінбеді. Әлемнің әр түкпірінен келген алты мың үміткерден ілгері шығып, үздік 24 адамның қатарына қосылды. Ақтық сын тіпті әйгілі Гарвард университетінің емтиханынан да қатал болған деседі. Гарвардқа келген үміткерлердің алты пайызы ғана арманына жетеді екен. Ал мұнда сынақтан тек 2,5 пайызы өткен.

Қазір Айсәуле АҚШ-тың Уисконсин штатындағы TurtIe Lake қаласында High SchooI-дың 12 сыныбында оқиды. FLEX шарты бойынша хост-жанұяның бір мүшесіне айналған. Мұндай хост-жанұялар қатаң іріктеуден өтетін көрінеді. Себебі, осы қызметі үшін оларға мемлекет қаражат төлейді. Өмір бойы заңнан аттамай, адал жүрген отбасылардың ішінен бөтен баланы бауырына баса алатын тәрбиелі жұптар ғана таңдап алынады. Kennety MandIey мен Connie MandIeyдің үйі – сол іріктеуден іркілмей өткен үлгілі ошақтың бірі. Оларды Айсәуле қысқартып Лэн, Канни деп атайды.

-Бірде Лэн мен Каннидің әулетінде қайғылы оқиға болып, екеуі ұзақ уақыт сыртта жүретін болды. Менің жалғыз қалатыныма алаңдаған ерлі-зайыптылар EmiIy мен Jason Buck есімді жандарға тапсырып кетті. Ұзақ сапардан оралған соң Лэн мен Каннидің қолына қайтып келдім. Төртеуі де ерекше мейірбан жандар. Америка азаматына тән жақсы қасиеттердің көбін әуелі солардың бойынан көрдім, – дейді Айсәуленің өзі.

Демократияны ту еткен АҚШ-тың мектептерінде таңдау еркіндігі қатты сақталады. Оқығысы келген пәндердің тізімін әр оқушы болашақ мамандығына сәйкес өзі таңдайды.

Сол мүмкіндігін пайдаланып, Айсәуле математика, ІТ-технология пәндеріне басымдық беріпті. Тарих, қаржылық сауаттылық, азаматтық құқық негіздері, бейнелеу, фитнес, театр өнері сияқты пәндерді қосымша ретінде оқып жүр. Соған қарамастан, Өскемендегі волонтерлық кәсібін мұнда да жалғастыруға уақыт тауыпты. Өзі тұрып жатқан аудандағы мектеп оқушыларына арнайы курс ашып, Қазақстан туралы дәріс оқуда. Ол дәріске кейін келе ересектер де қызығушылық танытыпты. Ұлы дала елін алпауыт Америкаға танытсам деген қарындасымыздың бұл талпынысы шынымен көңіл сүйсінтеді.

«Америкалық оқушылар тым дербес. Өз бетінше оқиды, жасынан болашақ мамандықтарын жоспарлайды. Шын мәніндегі тұрақтылықтың не екенін солардың әңгімесінен ұқтым. Қандай мамандық таңдаса, еңбекақысы қанша болатынын, кейін қанша зейнетақы алатынын жоғары сынып оқушылары еш мүдірместен есептеп айта алады. Олардың әр күнге, әр айға, әр жылға белгілеген жоспары бар. Тұрақтылықтың қадірі сонысында»,- дейді талапты жас.
Америкалық ата-анасы Айсәуленің бос уақытын мейлінше әсерлі өткізуге тырысады екен. Күзден бері Минесотта және Техас штаттарын, Чикаго қаласын, Мичиган және Мексика шығанақтарын аралатқан.

Оқу озаты деген атты АҚШ-та сақтай алған қарындасымызға сондағы мектебі үлкен құрмет көрсетіп, елордасы Вашингтонда өткен ағылшын тілін оқытушылардың конференциясына апарыпты.

Айсәуленің ендігі мақсаты – мектепті ойдағыдай бітіріп, университетке түсу.

«АҚШ-тағы өмір сонымен аяқталуы керек. Ол жақты жайлы екен деп бәріміз қала берсек, Қазақстанды кім дамытады? Диплом қолға тиген соң Қазақстанға қайтам», – дейді жерлесіміз.

Айжан Самарбекова қызының осындай биіктерді бағындыруына қолғабыс тигізген О.Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейіне дән риза.
«Мектеп директоры Таңатқан Түменбаевқа, ұстаздары Мира Мамырханова мен Раушан Мұхамедрахимоваға шын жүректен аналық алғысымды білдіремін,- дейді анасы.

Жас буынға үлгі ететін жандар аңдап қарасақ, өз ішімізде баршылық. Айсәуле де іні-қарындастарына мысал етіп көрсетуге лайық талапты жастың бірі. Бетке ұстап, маңдайға басар нағыз жаңа есімдер осылар болуы тиіс.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button