Айшықты шумақтардың тұсауы Алтайда кесілді
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойы құрметіне арналған «Ел бірлігін сақтаған татулықты айт» атты жинақ жарық көрді. Кітаптың тұсаукесері Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада өтті.
Кітаптың бас редакторы – белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имаш. Жинаққа Тәуелсіздік алғаннан кейін сахнаға көтерілген Мұхамеджан Тазабеков, Мэлс Қосынбаевтан бастап, Жандарбек Бұлғақовқа дейінгі 25 ақынның әр жердегі айтыстарда айтқан айшықты шумақтары кірген.
Тұсаукесер рәсіміне арнайы келген Балғынбек Имаш Өскеменннің зиялы қауым өкілдерімен, студенттермен жүздесіп, кітаптың қандай мақсатта, қалай шыққанын, өлеңдердің қалай іріктелгенін баяндады. Кеш тізгінін ұстаған филология ғылымдарының докторы Бауыржан Ерденбеков елді еркін әңгімеге шақырды.
– Тәуелсіздік жылдарында өткен әрбір айтулы айтыстардың әрқайсысын бір-бір том кітап етіп бастырса да болар еді. Бірақ, біздің мақсатымыз – ел үшін ең қадірлі, қазақ үшін ең қымбат болған: Отан мен Отбасы, Азаттық пен Астана, Тіл мен Дін, Ел мен Елбасы туралы айтылған ең таңдаулы 25 ақынның айтулы, айшықты шумақтарын іріктеп алып, қос бірдей мерекеге тарту жасап отырмыз, – деп сөзін сабақтаған кітап редакторы халыққа Тәуелсіздіктің қадір-қасиеті жайында айтып, елімізде атқарылып жатқан негізгі іс-шараларға тоқталды. – Былтыр Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау арқылы тереңге кеткен тектілігімізді, тарихи санамызды жаңғыртып, кім болғанымызды еске түсіруге, тамырымыздағы бүлкілдеген қазақ ханымызды, ешқандай дауыл шайқай алмайтын тұнық та, таза жанымызды, рухани мықты генетикалық кодымызды тірілтуге арнадық. Ал биылғы мақсатымыз – Алла нәсіп еткен Азаттығымыздың бағасын білу, қадіріне жету! Себебі, жеңіске жету жолындағы күрес қаншалық ауыр болса, оны ұстап тұру, айырылып қалмау жолындағы еңбек – одан да қиын. Сондай-ақ, бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі жер туралы да өз ойын ортаға салған айтыскер ақын халықты арандап қалмауға шақырып, Тәуелсіздікті әрбір перзент көзінің қарашығындай қорғау керектігін ұқтырды.
Кітаптың тұсауын әріптесіміз, ардагер журналист Оңдасын Елубай мен қаламгер Тоқтарбек Мағзұмов кесті. Қастербек Сайрауғазы бастаған өскемендік жас ақындар кештің көркін отты өлеңдермен асырды. Көрермендер айтыскер ақынға бүгінгі таңдағы айтыс, айтыстағы кейбір өрескел шоулар туралы сұрақтар қойып, тұшымды жауап алды. Кітаптың шығуына еңбегі сіңген тағы бір айтыскер ақын Мейіржан Әлібеков бұл кітаптың тұсауының алғаш рет Алтайда кесілгенін тілге тиек ете келіп, халыққа кітаптың ішінен мынандай бір шумақ өлең оқып берді.
Жетісу, Алтай, Атырау, Арқаға да,
Айтарым: болмаса екен алтау ала.
Қадірлеуге тиісті әрбір адам,
Отан деген – бәріне ортақ ана.
Майлы жілік дәметкен Украинаң,
Соғысып жете алған жоқ сорпаға да.
Қанша дүкен өртеніп, үйлер қирап,
Қалалардан қалмап па еді қаңқа ғана.
Көршіңді жылан шақса, бейғам жатпай,
Қазағым, өзің де түс сәл тобаңа.
Нан сұрап ереуілге шыққан халық,
Қансырап қырылмаса нан таба ма?
Мемлекеттің шықса да тас-талқаны,
Қайғырмайды кей жүрген қалталы аға.
Өйткені дөкейлердің үйлері бар,
Нью-Йорк, Дубай, Париж, Анкарада.
Бір жерлерде ереуіл бола қалса,
Қашуға дайын отыр әр қалаға.
Олардың түгі кетпес, біз қалармыз,
Қираған үйлер менен конторада.
Сондықтан сәл қиналсаң, соғыс ашып,
Қазағым, таудай күнә арқалама.
Отыннан қысылсаң да, еш уақытта,
Отырған бұтағыңды балталама!
Бұл өлең жолдары белгілі айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақовтың әлдебір айтыста айтқаны екен. Өлеңді тыңдаған жұрт бас шұлғысып қалды. Кітапқа елдің ықыласы бірден ауды. Кітап иесі бұл жинақтың 3000 данамен шыққанын айта келіп, егер қолдаушы азаматтар табылса, кітапты халыққа тегін тарататындарын айтты.
Мұратхан Кенжеханұлы