Айшолпан Тілеутай, айтыскер ақын: Жігіттер жігерсіз боп бара жатыр

Айтыс аламанында ғана емес, әлеуметтік желіде де орамды ой, сүбелі сөзімен тыңдарманын «бәрекелді!» дегізетін ақын қыз Айшолпан Семейден Аягөзге қалай «зайчик» боп келді? Пойыздағы жолсерік апай неге тұра қашты? Жас қыздың қазіргі жігіттерге неге көңілі толмайды? Қиып түсер қылыштай өткір тілімен тауып та, қауып та айтып жүрген Айшол Тілеутаймен болған сұхбатта осының бәрі тілге тиек болды.
«Ақберенде» шыңдалдым
– Өлең де жазады екенсің. Ең алғашқы өлеңіңді қай кезде, неше жасыңда жаздың?
– Малгелді ауылындағы орта мектептің 1-ші, 2-ші сыныптарында оқып жүргенде жаздым. Айтыс сахнасына Аягөз қаласындағы №6 орта мектептің 8-сыныбында оқып жүргенде шықтым. Ол тұста республикалық «Ақберен» атты балалар байқауы өтіп тұратын. Ол көркемсөз оқу, айтыс, шығарма жазу, мәнерлеп оқу секілді номинациялар бойынша өтетін. Соның «Айтыс» атты жанры бойынша қатысып, бірінші орын алғанмын. Сол байқауға жыл сайын қатысып, шыңдалдым. Ақыры, осы «Ақберен» байқауының грантын жеңіп алып, Семейдегі Шәкәрім атындағы университетке оқуға түстім. Университет қабырғасында да айтыстарға қатысып жүрмін. Жыл сайын Алматыда «Менің пірім – Сүйінбай» атты студенттер арасында дәстүрлі түрде өтетін айтыстың тұрақты қатысушысымын десем болады. Сол жерде Жүрсін Ерман, Ринат Зайытов сынды тұлғалардың көзіне түстім. Жүрсін атамыздың ақ батасын алдым. Өзімнің жерлесім, белгілі айтыскер ақын Ринат Зайытовтан көп нәрсе үйрендім. Қазір Ринат ағамды өзіме ұстаз тұтамын. Ұстаз дегеннен шығады: Малгелді ауылындағы мектепте әдебиет пәнінің мұғалімі Құралай Төкенова атты өзіме үлгі тұтатын ұстазым болды. «Сенен бірдеңе шығады. Поэзияны көп оқы. Ұйқасы келмесе де өлең құрастыра бер. Шалыс ұйқаспен құрастыр, он бір буынды өлең жаз, қара өлең ұйқасымен құрастыр!» деп тапсырма беретін. Кейін Аягөзде Айгүл Ахметкәрімова деген ұстазым болды. Айгүл апайым «Ақберен» айтысына еш жүрексінбей қатысуыма себепкер болды. Ол кісіден кейін Жанар Алпысбаева деген мұғалімім үш жыл бойы айтысқа дайындап, дүбірлі додаларға үкілеп қосты. Тіпті, оқушы кезімнің өзінде менің шығармашылық кешімді ұйымдастырып, ерен еңбегін сіңірген осы Жанар Саяжанқызы болды. Сосын белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имаш ағамның шығармашылығына қатты қызығамын, ол кісіден де үйренерім көп деп есептеймін. Балғын ағаның адамгершілігі, жастарға деген зор қамқорлығы мені де, мен секілді жас ақындарды да тәнті ететіні рас.
Айшолпан Тілеутай 2001 жылы Аягөз ауданы, Малгелді ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы Төлеуғали Есімжанов атындағы орта мектепте 8-сыныпқа дейін оқыған. Кейін Аягөз қаласындағы №6 мектепке ауысып, аталған білім ордасын бітірген. Қазір Семейдегі Шәкәрім атындағы университеттің филология факультетінің 3-курс студенті.
Шоу-айтыс мені танымал етті
– Мектепте оқып жүрген кезіңде де айтыстарға қатыстың. Сабағыңа кесірі тиген жоқ па?
– Әрине, кейде сабаққа дайындалуға уақыт жетпей қалатыны рас. Осыған байланысты мен сізге бір қызықты оқиғаны айтып берейін. Жаңағы «Ақберен» айтысы бар, мүшәйраларға да көп қатысамын ғой. Мүшәйрадан мүшәйра… Павлодар, Алматы, Өскемен бардық. Сабаққа қатысу азайды. Бір күні түн ішінде пойыздан түскем. Кітаптарымды ауыстыруға да уақытым болмай апыл-ғұпыл сабаққа кешігіп келдім. Дәлізде мектеп директорының орынбасары Майра апайымыз көріп: «Айшолпан, сағат қанша болды? Қазір қай сабақ?» десе, миым айналып келе жатып, сасқанымнан «Сәлеметсіз бе, бүгін өзі қай күн?» деппін ғой (күлді). Ондай қызықтар көп болды. Бір күні Семейден Аягөзге қайтайын десем, пойызға билет жоқ екен. «Енді не істеймін!?» деп қиналып тұрғанымда жолсеріктің киімін киген бір апай: «Әй, қызым, жүр менің вагоныма. Мен сені ала кетейін. Орын тауып берем, – дегені. Қуанып кеттім. «Қанша?». «Төрт мың теңге». Іштей қымбатсынсам да, амал жоқ, келістім. Орын жоқ, жаңағы сөз жалған болып шықты. Біреудің аяқ жағына қыстырылысып отырып келем. Пойыздың іші суық. Содан Шар қаласынан астық. Апайыма жәутеңдеп қарап қоямын. Ол кісі де: «Қазір болады орын. Қазір…» деп жұбатумен жүр. Бір кезде әлгі қыстырылысып отырған жерімнен де тұруға тура келді. Жармадан астық, Үшбиікке келдік. Аягөзге тіпті, таяп қалдық қой енді. Сөйтіп отырғанда бір аға танып қалды: «Бәле! Мына ақын қызды қара! Ал балам, домбыраңды алып, әу деп жібер!» деген соң, «Халық сұраса, хан түйесін сояды» деген, шырқадым. Қарсы алдымда отырған ағайға да, екінші полкада жатқан апайға да арнап жатырмын.
«…Пойыздағы ағайын, қалайсыздар,
Қалайсыздар десем жақсы қарайсыздар.
Проводникке ұрыстырып от жаққыздық,
Негізінде, ағайын, жарайсыздар!» – деп айтып отырғам. Бір кезде әлгі жолсерік апайым да: «Маған да бір ауыз бірдеңе айтпадың ба!?» деп қояды. Өзім орын бермегенге қыстығып ашуланып келе жатқан адаммын ғой. Сосын:
«Апатай, асулардан асып жүрсіз,
Пойыздарды шаршамай басып жүрсіз.
«Зайчик» қылып ақын қызды алып алып,
Еріксізден бастықтардан қашып жүрсіз.
Құдайым-ау, біз секілді студентті
Неге сонша қымбат ақшаға тасып жүрсіз?» – деп едім, апайым маған жұдырығын бір түйіп қашып жоғалды. Содан бері сол апай мені көрсе де көрмегенсіп жүреді. Бірге отырғандардың біреуі видеоға түсіріп алыпты. Ойлағам, түсірсе де бүкіл Қазақстанға тарай қоймас деп…
Айтыстағы жетістіктері: «Менің пірім – Сүйінбай» атты республикалық студенттер айтысының 3-орын иегері. «Жастық шақ көк семсердің жүзі емес пе» атты республикалық жастар айтысының 1-орын, Шымкент қаласында өткен «Тәуелсіз елдің жастары» атты республикалық ақындар айтысының 1-орын иегері. Тәуке бабаның 350 жылдығына орай ұйымдастырылған айтыстың 2-орын, Өскемен қаласында өткен «Алтайдың ақиығы – Ақтан ақын» атты облыстық айтыстың Бас жүлде иегері.
– Иә, қызық болған екен! Жалпы, қалай ойлайсың, өнерпаз адамның айт пен тойда көп өнер көрсеткені дұрыс па?
– Жалпы, ақындарға сәл еркіндік керек пе деймін. Оларды шектемеу керек сияқты. Дегенмен, бет албаты айт пен тойда өлең айта бергені дұрыс емес. Тек тойларда ғана домбыраны қолға алып, жеңіл өлеңге, жеңіл сөзге әуестеніп кетуден аулақ болған абзал. Сол үшін де өзім белгілі бір шақырту болмаса, той мен айтқа бара бермеймін.
–Бәрекелді! Жалпы, мына пандемия кезінде айтыс сәл де болса саябырсып қалды ғой. Негізі «Қазақстан» ұлттық арнасындағы өзің қатысып жүрген шоу-айтысқа көзқарасың қалай? Өткен жолы осы шоу-айтыста Таңжарық атты ақынға қазіргі жігіттерге көңілің толмайтынын айтып қалдың ғой.
–Ежелден қазақ халқының төл өнері болып келе жатқан айтыс ешқашан да өлмейді ғой. Ұлттық арнада болып жатқан шоу-айтыс мені де жұртқа танымал етті. Сондықтан шоу-айтыстың да айтыс жанрына қосар үлесі аз емес деп білемін… Иә, сол жолы Таңжарық менің қытығыма тиетін сөздер айтты ғой. Менің жұлқынып қимылдайтыным ұнамайтынын айтты емес пе!? Иә… сол кезде мен…(сәл ойланып) былай дегенім есімде:
«Таңжарық әрбір жырын тыңнан өрді,
Жырыңмен алдамайсың құрғақ елді.
«Жұлқынып Айшолпан», деп айтып қалдың,
Құлағына сырға таққан жігіттерің
Несімен қорғай алсын туған елді.
Жігіттер жігерсіз боп кеткеннен соң
Қыздарға жұлқынуға тура келді…»
Мұндай қолма-қол айтқан өлең жолдары көп енді.
– Рақмет, Айшолпан! Өнерің өрге жүзсін!
Сұхбаттасқан – Берікхан Тайжігіт