МәдениетТОП

Айшолпан Нұрғайып: Мен бүркітті, бүркіт мені биікке көтерді

Өз ұлтын өнерімен өзге жұртқа танытқан қазақтың саны санаулы. Соның бірі – бүркітші қыз Айшолпан. «Google» іздеу жүйесінің мәліметі бойынша, ол ХХІ ғасырда қазақты әлемге әйгілі еткен бес адамның бірі. Әлемге әйгілі Гарвард және Оксфорд университеттері бастаған шетелдік озық оқу орындары шақырса да, Айшолпан Алатау бауырындағы Алматыда білім алуды жөн көріпті. Жуықта Алтайына да келіп кетті. Асқар тау әкесімен бірге келген Айшолпанмен сұхбаттасып қайттық. 

– Алтайға қош келдің, Айшолпан! Осындай бүркітшілер тойына жиі шақырып тұра ма?

– Саятшылық маусымы басталған тұста көбірек шақырады. Бұл жолы Алтайдағы салбурынға да арнайы шақырумен келіп отырмын. Жалпы, осында салбурыннан қалмауға тырысып, сәті түскеніне барып жүрмін. Қазіргі таңда оқуда болғандықтан уақытымның көбін білім алуға жұмсауға тырысудамын.

– Қыз бала үшін қыран баптау оңай емес екені белгілі. Осы құсбегілік жолды мақсатты түрде таңдадың ба?  

Бүркіт салу – әулетімізден жалғасып келе жатқан дәстүрлі үрдіс. Біздің үйдің босағасынан жеті атадан бері бүркіт кетпеген екен. Біз – бүркіттің дауысымен оянып, қыранның қанатымен аласталып өскен ұрпақпыз. Осы бір дәстүрлі үрдіс мені құсбегілік жолға алып келді деп ойлаймын. Бала күнімнен құсқа құмар, атқа үйір болдым. Әуелі 6-8 жас аралығында атқа мінуді үйрендім. Ал сегіз жасымнан кейін саятшылық сапарларға ілесетін болдым. Мінезім ұл сияқты болғандықтан болар, құсбегілікке тез бейімделіп кеттім. Одан бөлек, мен өскен Моңғолияда құсбегілік қатты қанат жайғандықтан болар, қызығушылығымды оятты. Сол қызығушылығым қызықты өміріме ұласып кетті.

– Әуел бастан қазіргідей атақты бүркітші болуды мақсат еттің бе?

– Атағымды алты құрлыққа жайып, даңқымды асыруды өзіме міндет еткен жоқпын. Әрине, бүркітші болуды бала күннен арман еткендіктен белгілі бір жетістікке жетуге құлшынатынмын. Бұл енді менің тағдырыма қыранның қанатымен келіп қонған бақ шығар деп ойлаймын. Жалғыз күнде жарқ етіп жұлдызға айналам деп ойламаппын. Әуел баста осылай танылып жатқаныма өзім де сенген жоқпын.

 – Сенің жұлдызыңды жаққан бір ғана сурет екенін білеміз. Сол сурет туралы айтып берсең.  

– Қарапайым өміріңдегі бір сәттің саған сәттілік алып келетінін ешкім болжай алмайды ғой. Сол сияқты мен де бір фотоның жұлдызымды жағарын білген жоқпын. Менің жұлдызымды жаққан жалғыз ғана сурет еді. Оны түсірген Ашер Свиденский атты израильдік фотограф болатын. Жалпы, бала күнімізде ауылға шетелдік туристер өте көп келетін еді. Бірі келіп, бірі кетіп, бізді фотоға түсіре беретін. Сол суреттерімнің бірі шетелдік басылымда жарияланып, бір айдан кейін мені әлемге танымал етті. Бүркіттің арқасында алты құрлыққа танымал болдым. Ал мен арқылы қазақтың құсбегілік өнері, ұлттық құндылығы әлемге танылды. Сол сурет мен туралы кино түсіруге де себепкер болды.

– Өзің туралы кино жайында, оның түсірілу барысы туралы толығырақ айта кетсең. 

– Сол израильдік фотогроф Ашер Свиденскийдің суретін көрген  америкалық режиссер Отто Беллге мен туралы, құсбегілік туралы кино түсіру жайында идея келіпті. Содан кино түсіру басталып кетті. Ол киноны түсіруге екі жарым жыл уақыт кетті, өйткені киноның сценарийі бойынша төрт мезгілді қамту керек болды. Жалпы, кинода режиссер қазақ қызының қайсарлығын, мықтылығын, қазақтың құсбегілік өнерін көрсетуді көздеді. Мен үшін әуелгіде камерамен жұмыс істеу біраз қиын болды. Алайда режиссер еркіндік беріп, күнделікті өмірдегідей әрекет жасау керектігін айтты. Түсірілімнің күрделі тұсы 18 метр құздағы ұяға арқанмен түсіп, бүркіттің балапанын алу болды. Мен үшін онша қиын болмаса да, кино түсірушілерге қиындық туғызды. Өйткені қыста камераның көзін қырау басып, қуаты тез бітіп қалады деген сияқты. Жалпы, қызық та қиын тұстары көп болды.

– Ең бастысы бұл кино сені алты құрлыққа танытты ғой?

– Иә, «Бүркітші қыз» атты киноның арқасында әлемнің отыз мемлекетінде болдым. Бір қызығы, мен туралы, қазақтың құсбегілік өнері туралы кино отыз елде сатылымға шықса да, Қазақстанда әлі көрсетілмепті. Алайда алдағы уақытта Қазақстанда көгілдір экранға шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл кино «Оскар» сыйлығына да ұсынылды. Сонымен қатар Америкада мен туралы кітап ағылшын тілінде жарық көріп, сатылымға шықты. Кітаптың тұсаукесеріне қатысу керек болғанмын, бірақ әлемде пандемия басталып кетті де, бара алмай қалдым. 

Алтыншы тілді үйреніп жатырмын 

– Кино түсіру барысында тіл жағынан қиыншылық болған жоқ па? 

– Иә, аздап болды. Ол кезде мен он үш жаста ғана болдым да, тіл білмедім. Ал қазір, құдайға шүкір, бес тіл білемін және тағы бір тілді меңгеріп жатырмын. Алтыншы тіл ретінде жапон тілін үйренуді қолға алдым. Айтпақшы, Қазақстанға келген соң орыс тілін үйренуге тура келді, себебі қайда барсам да, алдымнан орыс тілі шыға берді. Мен дәл осы Қазақстанда орыс тілі осыншама қажеттілік тудырады деп ойламаппын. Содан, тіл білгенім артық болмас деп орыс тілін де оқып, үйреніп жатырмын. Кейде қазақша түсіндіре алмағанда ағылшынша және түрік тілінде сөйлей салу әлдеқайда жеңіл маған. Жалпы, өз басым алты тіл білемін деп ауыз толтырып айтуға ұяламын, өйткені бұрынғы заманның өзінде оннан астам тіл білген адамдар көп болған. Сондықтан мен он тіл үйренуді мақсат етіп келемін.

– Қазіргі таңда қайда білім алып жатырсың?  

– С.Демирел атындағы университетте қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Бір ғана мамандықпен шектелмей, жоғарыда айтқанымдай, шетел тілдерін  үйренуді жалғастырудамын.

– Әлемге әйгілі оқу орындары шақырғанын білеміз. Неге шетелге оқуға бармадың?

– Бұл сұрақ маған өте жиі қойылады. Бірден шетелге оқуға кетпегендігімнің де өзіндік себептері бар. Жеке басыма қатысты себептер болғандықтан құпия қала берсін. Одан бөлек, мен мектеп бітірген жылы пандемия басталып кетті де, шетелге шығу мүмкін болмай қалды. Сондықтан Қазақстанда білім алуды жөн көрдім және осы елде білім алғаныма өкінбеймін. Мүмкіндік болса, кейін шетелде білім алуды жалғастырамын деген жоспар бар. Магистратураны Америка мен Жапонияның бірінен оқуды жоспарлап отырмын.

– Алға қойған арман-мақсат қандай? 

– Арманымды көп айта бермеймін, мақсатым көп. Әуелгі алға қойған мақсатым – туризм саласын дамытуға үлес қосу. Одан бөлек, білім алам деген жастарға көмектессем деген мақсат бар. Осы мақсатта ашылған «Aіsholpan Foundation» атты қор қазіргі таңда  Моңғолияда жұмыс істеп жатыр. Осы қор арқылы әлеуметтік жағдайы төмен, білім алуға құштар жастарға көмектесіп тұрамыз. Ал негізгі мақсатым – мектеп ашу. Мен 2018 жылы Н.Назарбаевтың алдында сөз сөйлеп, мектеп ашу туралы ұсынысымды айтқан болатынмын. Ол қазақ қыздарының мықтылығын, тәрбиесін, қолынан іс келетінін, жан-жақтылығын дамытатын мектеп болса деп ойлаймын. Бұл мақсатқа жету үшін қазіргі уақытымның көбін білім алуға жұмсап жатырмын.

– Бүркіт салуды білім алуға ауыстырдым дейсің ғой. Қанша танымал болсаң да, әлеуметтік желіге көп шыға бермейтін сияқтысың?

– «Блогер неге болмайсың?» деп отырсыз ғой. Иә, қазір бәрі блогер ғой. Менің де блогер болып кетуге мүмкіндігім бар, бірақ әлеуметтік желіге көп қызыға бермеймін. Шығармашылық өміріме қатысты дүниелерді ғана кейде әлеуметтік желіге салғаным болмаса, ішкен-жегенімді, жүрген-тұрғанымды салуды құптамаймын. Өйткені сен тойып тамақ ішкеніңді салып отырғанда, басқа бір жерде біреу аш отыруы мүмкін. Сондықтан көпшіліктің жүйкесіне тигім келмейді. Блогерлікпен айналысуға ұсыныс айтқандар көп болды. Әзірге уақыты келгенде көрермін деумен келемін. Өйткені балалығымның, жастығымның қызықты шақтарын әлеуметтік желіге арбалумен құртқым келмейді.

– Айшолпанды қазақ көп тани ма, әлем көп тани ма?

– Әлем көп танитын сияқты. Өйткені «Google» іздеу жүйесінде де шетелдіктер көп қарайтын көрінеді. Десе де, он қазақтың біреуі таниды деуге болады. Мен Астанада жүргенде бірде автобусқа отырдым. Содан кіре бере: «Бұл біздің бүркітші қыз Айшолпан ғой» деп кезек-кезек суретке түсті. Сөйтіп жүргенде, түсетін аялдамадан өтіп кетіп, айдаладан түсіп қалғаным бар. Қазір де екі адамның бірі болмаса да, бірі танып суретке түсіп, қолтаңба алып жатады.

– Сен бүркітті биікке көтерсең, бүркіт сені биікке көтерді. Құсбегіліктегі жетістіктеріңнің бірін баяндап берсең.

– Иә, мен бүркітті, бүркіт мені биікке көтерді. Мен алғаш рет он үш жасымда бүркітшілер сайысына қатыстым. Сол сайысқа 79 ер бүркітшінің арасында жалғыз қыз мен қатыстым. Сол бүркітшілер тойында бірінші орынды ғана алып қоймай, бірнеше рекордты бұздым. Бұрын-соңды бүркіттер шырға мен шақыруға 13-15 секундтың шамасында түсіп жүрген болса, менің құсым 5 секундта шырғаға, 6 секундта шақыруға келді. Десе де, бұл жеңісімді кейбір адамдар мойындағысы келмеді. Содан кейін қыс түскенде кәдімгі табиғатқа аңға шығып, бауашар жасадық. Сол жолы бүркітім тау түлкісіне түсіп, нағыз бүркітші болғанымды дәлелдедім. Сол күннен бастап қазақ қызы да қыран баптап, құс сала алатынын дәлелдедім.

  • Бүркітті сағынатын кездерің бола ма?

– Әрине, бүркітті сағынбау мүмкін емес қой. Қаладан ауылға барғанда бірінші сол бүркітімді сағынып жетемін. Бір байқағаным, бүркіт мені тіптен қатты сағынады екен. Мен шет елдерде жүріп келгенде үйге қаншалықты үндемей кірсем де, бүркітім жүрісімнен танып қояды да, піштәктай жөнелетін. Қыран құс сондай сезімтал болады екен.

– Газетімізге сұхбат бергенің үшін рақмет! Қанатың талмасын!

Сұхбаттасқан – Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button