Қайсеновтің \”ерлігін\” қайталады
1944 жылдың қазан айында Қасым Қайсенов бастаған отрядқа «Белая Таня» концлагерін жаудан тазарту туралы бұйрық түсті. Әңгіме Екінші Дүниежүзілік соғыс туралы. Фашистер бұл лагерьде украин, шешен, венгр халықтарының азаматтарын – ұзын саны 700-дей адамды тұтқында ұстап отырған болатын. Ал лагерьдің айналасына түгелдей мина орнатылған-ды.
«Белая Таня» лагері туралы аз-кем ақпарат. Ол – ерекше құпия лагерь. «Көз көрмес, құлақ естімес» дерліктей, Карпат тауының адам аяғы баспайтын бір түкпірінде орналасқан. Қарапайым жұрт ол туралы біле бермейтін.
Сонымен, берілген тапсырманы партизан жасағы асқан ептілікпен орындап, жаудың көзін жойды. Карпат тауын қақ жарып өткен Қасым Қайсеновке сонда әйгілі командир Александр Тканко: «Қасым, сенің бұл ерлігің Карпат шыңының тасына жазылуға тиіс!» деген екен. Бұл қайтпас қайсар батырға қарата айтылған шынайы баға еді. Кейіннен Қасым Қайсеновтің мүсіні сол таудың шыңына орнатылды да. Ол туралы батырдың өз аузынан айтқан мынадай естелігі бар: «…Украинада маған орнатылған ескерткіш бар. Жау тылына алпыс адам ұшақтан түсіп, ойран салғанбыз. Кейін алпыс адамға арнап, таудың ең биігіне мәрмәрдан ескерткіш орнатқан. Әне, солай!»
Мұны неге айтып отырмыз? Таяуда Өскемен қаласындағы мектеп оқушылары арасында әскери сайыс өткен еді. «Зарница» деп аталатын бұл сайысқа жоғарыда сөз еткен оқиға арқау болған.
– Бұл әскери-патриоттық ойынды Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің 100 жылдығы қарсаңында өткізуді ұйғардық. Қаладағы 40 мектептен келген оқушылар екі топқа бөлініп сайысты. Бірі – «партизандар», екіншісі – «фашистер». Айтпақшы, «соғыс» рәміздер тауы – «Қазақстанда» өтті, – деп, сайыс туралы Олег Фралов түсіндіріп берді. Ол – жарыс ұйымдастырушысы, Өскемен қалалық Ауған соғысы ардагерлері төрағасының орынбасары.
Бір қызығы, тарихта бұл оқиға қалай аяқталса, ойында да дәл солай қайталанған екен. Яғни, жау жеңілген.
– Біздің жасақ берілген тапсырманы бұлжытпай орындап, жаудың көзін жойды. Олар өздерін жақсы қырынан көрсете білді. Бұған қарап, олардың әскери сабақ барысында жақсы дайындалғандығын көруге болады. Біздің болашақ отан қорғаушыларымыз, міне, осылар. Мұндай әскери жарыстар жиірек болып тұрса құба-құп, – деді партизан жасағының жетекшісі, №44 мектептің алғашқы әскери даярлық пәні мұғалімі Фархат Оразаев.
Жасын Қалибек