Қоғам

Қайсенов қасқайып тұрған жоқ, Қайсенов қамығып тұр…

Қасым Қайсеновке Өскеменде бюст бар. Кезінде бұған да тәубе деп қуанғанымыз рас. Уақыт өте келе басқа ойдың жетегінде жүрміз. Ескерткіштің қасынан өткен сайын Қайсенов қасқайып емес, қамығып тұрғандай көрінеді.

Қайсенов қасқайып тұрған жоқ, Қайсенов қамығып тұр...Баһадүр бабаларына қалталы азаматтар қоладан ескерткіш құйып берсе, ешкімнің ырысы кеміп қалмас еді. Батыр Вася атанып Украина ормандары мен Карпат тауларының сай-саласында жортқан дала көкжалының ерлігін жалғыз қазақ емес, күллі Еуразия құрлығының жартысы мойындағанын барлығымыз білеміз. Осындай батырымыз бола тұра, біз оған неге еңселі ескерт-кіш қоюды ескермедік?

Қайсенов түлеп ұшқан Өскеменнің төңірегінен тағы екі батыр шыққан. Олар – Төлеген Тоқтаров пен Ізғұтты Айтықов. Жуықта ғана жетпіс жылдығын атап өткен Мәскеу түбіндегі шайқаста Төлеген көзсіз ерлік көрсетіп, мерт болды. Мәскеуді қорғаған ең алғашқы Кеңес Одағының Батырларының бірі, қазақтан шыққан алғашқы батыр. Ал жау дзотын кеудесімен жапқан Ізғұттының ерлігі аңызға бергісіз болатын. Осы екі батырды ескерусіз қалдырдық, облыс орталығы Өскеменнен екеуіне бюст те бұйырмай тұр. Өкінішті.

Ниет, ынта-ықылас болса, үш батырға да еңселі ескерткіш тұрғызуға болады. Мәселен, батырлар туған өлкенің мәрт мінезді қалталы азаматтары бұл іске бірлесіп, шындап кіріссе, мәселенің түйіні шешілер еді. Оның үстіне Өскеменде «Қазцинк», «ТМК», «ҮМЗ» сынды алып өндіріс ошақтары бар. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қыруар шаруа тындырып жатқан бұл кәсіпорындарға өтініш айтып, қолқа салсақ, теріс айналмайды.

Осындайда еске түседі, батыр Бауыржан Момышұлына Таразда, Алматыда, Астанада алты метрлік ескерткіш орнатылды, бұл – нағыз батырға лайық құрмет. Әрине, оған мемлекеттің де қолдауы болды. Ал қазақтың Қасым Қайсенові ше? Жанармай бекетінің жанына орналасқан Қасым бюсті қардың астында жетімсіреп тұр қазір. Дұрысында Қасым батыр қасқайып тұру керек еді…

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button