Қоғам

Қайраткер тұлға

Қайраткер тұлға


Биыл ұлылар мекені – Абай ауданының құрылғанына 90 жыл. Осынау тарихи уақыт ішінде ауданның дамуы жолында талай ұрпақ тектіліктің, жанқиярлық еңбектің, өнерге деген өршіл ұмтылыстың үлгісін көрсетті…

Өткен ғасырдың 70-80 жылдарында Абай ауданы әлеуметтік-экономикалық дамуда тамаша табыстарға жетіп, өнері өрістеп, береке-бірлігі нығайып, халқының рухы көтерілді. Аудан тоғыз дүркін Бүкілодақтық жарыстың жеңімпазы болды. Түйіндеп айтқанда, киелі жердің рухы мықты адамдарының ерен еңбегін, үздік өнерін Одақ танып, шет елдер білді. Топтан озған ұл-қыздары Еңбек Ері атанып, КСРО Жоғары Кеңесіне депутаттыққа сайланды. КПСС съездеріне делегат, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттары атанып, есімдері аудан тарихының жарқын беттерінде мәңгілік жазылып қалды.

Абай ауданының осы өрлеу жылдарында үздіксіз ізденісі, іскер басшылығы, қажымас қайраткерлігімен халық жадында қалған дара тұлғалардың бірегейі, республикаға танымал шаруашылық басшысы, Абай ауданының құрметті азаматы, Ленин орденінің иегері, биыл туғанына 80 жыл толатын марқұм Мұратхан Қорғанбаев еді.

Мұратхан Қорғанбайұлымен бірге қызмет істедік, бір ауылдың тумасымыз. Қырық жылдан астам ауданда жұмыс істегенде ақылдастық, кеңестік, сыйлас, сырлас болдық. Өзімнің ұстазым санаймын.

Мұқаңның туған жері – Саржал ауылы. Ол осы ауылда ержетіп, үлкен өмірге қадам басты. Бала кезінен елгезек, ширақ, пысық болып ел аузына ілікті. Белгілі атбегі Шаймардан Жанұзақов ақсақал жаратқан «Көкторғайдай» сәйгүліктің шабандозы болып, сан мәрте республикалық, облыстық, аудандық бәйгелерде жүлде алды. Сондай-ақ әкесі Қорғанбай Қаратаев пен ағасы Жұбайхан да елге, өңірге аса танымал, беделді, ел басқарған адамдар болатын. Жас азаматтың болашағының ойдағыдай қалыптасуына осы жандардың әсер-ықпалы болғаны сөзсіз. Жұбайхан аға туралы Мұратхан Қорғанбайұлы ерекше тебіреніспен әңгімелейтін.

«1961 жылы зооветтехникумды қызыл дипломға бітіріп, Зооветинститутқа оқуға түстім. Бұл кезде аға №2 ферманың басшысы болатын. Мен осы ауылға Әбеуов Омарбектің орнына бас мал дәрігері болып тағайындалдым. Осы кезден бастап аға маған барлық ақыл-кеңесін беріп, жұмысты қалай істеу керектігін үйретті» («Әкем – асыл қазынам» кітабы 17-18 беттер. 2007 жыл). Осындай текті адамдардан тәлім-тәрбие алған еңбекшіл, ұйымшыл елде шарболаттай шыңдалған Мұратхан Қорғанбайұлы 1971-1994 жылдары Абай ауданының Архат, Жданов, Тельман кеңшарларын іскерлікпен басқарып, абыройы асып, еңбек даңқына бөленді. Бір айта кететін ерекшелігі – үш шаруашылықты да әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі аса төмендеп кеткенде қабылдап, тығырықтан алып шықты.

Мұратхан Қорғанбайұлы басқарған тұста Архат ауылының атағы асқақтап, еңбек майталмандарының есімі КСРО-ға танылды. Сөзіміз дәлді болу үшін, 1973-1975 жылдары Абай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, ұзақ жылдар Семей облысының ауыл шаруашылығы саласын басқарған қоғам қайраткері Нәсен Сембаевтың сөзіне жүгінейік: «Мұратхан жұмысты қопарып істейтін, оның жұмысында ұсақ-түйек дегенге орын болмайтын. Атқарған жұмыстары, істеген істері өзі сияқты кесек болатын. Осы Архат совхозының шопаны Б.Бағдатов – Кеңес Одағы Жоғары Кеңесінің депутаты, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған білікті маман Ө.Қасымжанов деген үш дүркін «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталған озат шопан да осы М.Қорғанбаев тұсында республикаға танымал болды. Бұл совхоздың адамдары – тау мүсінді, еңбекқор адамдар. Мұратхан осыларға «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген принциппен басшылық жасай білді («Азаматтық антым бұл» кітабы 109 бет. Семей. 2007ж.).

Ауылдардың ажары кірген еді

Архат кеңшарын басқарған 11 жылда Мұратхан Қорғанбайұлы үлкен өмір мектебінен өтті. Еңбегі жанып, елге танылды. «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталып, есімі еліміздің алтын кітабына енді. Бірнеше мәрте облыстық, аудандық, партия кеңес органдарына сайланды.
1982 жылдың жазында тәжірибелі басшы дамуы кенжелеп қалған шаруашылықты көтеру мақсатында Жданов кеңшарын басқаруға жіберілді. Бас-аяғы бірер жылдың ішінде іскер басшының ерен ұйымдастырушылығы арқасында Құндызды, Шет өңірі қайта түледі. Ақдаланың ажары кіріп, жаңа арна қайта жаңғырды. Мал азығының берік қоры жасалып, қысылған кезде көршілес Шұбартау ауданының шаруашылықтарына жем шөппен көмек бергенін көзіміз көрді. Дала шаруашылығы жұмыстарында да үлкен бетбұрыс жасалды.

Құндызды өнерпаздарының өнері өрістеп, халық театрының шығармашылық ізденістері облысқа танылды. Ауылда жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, сәулеттене түсті. «Социалистік Қазақстан» газеті 1982 жылғы тамыз айындағы «Кадрлар – партияның алтын қоры» атты бас мақаласында М.Қорғанбайұлының есімі республикаға әйгілі Головацкий, Геринг сынды шаруашылық басшыларымен қатар аталды. Мұқаңмен бірге қызмет істеген жылдарда байқағаным – оның еңбеккерлігі, қарапайымдылығы, еңбек адамдарына жақын тұратындығы, адамдарды әділ бағалауы, кәсіби біліктілігі, өтірік уәде бермейтіндігі, шешімінің беріктігі. Меніңше, осы адами қасиеттер оның шоқтығын биіктетіп, өз ортасынан озық шығарды. Бұл сөзімді аудан басшылары да, үзеңгілес жұмыс істеген сыйлас әріптестері де бекітеді. Мәселен, А.Мұқатаев «Өз уақытының ерен тұлғасы» деп бағаласа, С.Кошкин: «Мұратхан – сирек кездесетін тұлға. Еңбекшілердің көңіл-күйін, тұрмыс-жайын тамыршыдай тап басып біліп отыратын қасиетті басшы еді. Сондықтан оның ісі алға басты», – дейді. Ал Абай ауданын 20 жылға жуық табысты басқарған, белгілі қоғам қайраткері Х.Матаев: «Асылында, ел ортасынан шығып, өмірдің қызық шақтарымен қоса, қысылтаяң, қытымыр сәттерін басынан өткізген басшы соңынан ерген халқына мейірлі бола түсетіні айдан анық. Мұратханның өзіне тән биіктігін танытатын ерекше қасиеті – оның қарапайым еңбек адамдарына тым жақын тұратындығы. Оны еңбек адамдары осы қасиеті үшін жақсы көретін еді. Мұратхан әділ, шындық сөзге құлап түсетін, орнықты, тиянақты басшы болды», – деп ой түйіндейді («Азаматтық антым бұл» кітабы, 105,116,127 беттер).
Мұратхан Қорғанбайұлы – көптеген азаматтармен қызметтес болып, олардың өсу-өрлеуіне игі ықпал еткен азамат. Семей өңірінде есімдері құрметпен аталатын О.Арғынбеков, А.Мұқатаев – М.Қорғанбаевпен бірге қызмет істеп, үлгі алып, биікке қанаттанған кадрлар. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Абай елінде М.Қорғанбаев мектебінен өтіп, бас маман, мекеме басшысы, директор, партия қызметкері болған азаматтар жетерлік. Олар бүгінге дейін Мүкеңді пір тұтып, ұстазы санайды.

Мұратхан Қорғанбайұлы 1986-1994 жылдары туған жері Саржалдағы Тельман атындағы кеңшардың директоры болып істеді. Ол басқарған сегіз жыл Саржал ауылының өрлеу, өркендеу кезеңі болып, тәуелсіздіктің арайлы таңына ұласты. Шаруашылықты алға бастыру үшін, еңбек тәртібі нығайтылып, мал азығының берік қоры жасалды. Осындай жұмыстың нәтижесінде орталықта 130 мың тонна, Өткерліде 25 мың, Алабиеде 20 мың, Зонада 30 мың тонна, қыстақ сайын екі маядан шөп үйілді. Соған қатты ризалықпен қарап, ешбір қыстан қорқуға болмайды дейтін. Кейін ауыр қыстарда қатты қысылған облыс шаруашылықтарына сатып, совхозға қыруар қаржы түсірді (Т.Жарқынбаев «Азаматтық антым бұл» кітабы, 130 бет).

Халқының мұңын жоқтады

Ауыл орталығының бейнесі сәулеттене түсті. «Жаңа саябақ», «Еңбек Даңқы» аллеясы ашылды. Қонақ үй, асхана салынды, бірнеше тұрғын үй бой көтерді. Мектеп пен емхананың материалдық базасы нығайды. Шопан-бақташылардың еңбекақысы жаңаша есептелініп, адамдардың тұрмыстық жағдайы жақсарып, әл-ауқаты артты. Халықтың еңсесі көтеріліп, өнері өрістеді. Ауыл өнерпаздары халық театры атағын жеңіп алды. Алайда Саржалдың төл перезенті ел басшысы Мұратханның жан жүрегін басқа бір жай мазалай беретін. Ол – ауыл іргесінде 40 жылдан бері ел тыныштығын алған ядролық жарылыстарға қарсы күрес еді. 1986 жылы Саржалға директор болып Мұратхан Қорғанбаевтың келуімен совхоздың шаруашылығымен қоса полигон мәселесі жаңа арна тапты. Көп жылдар бойына атом шаң-тозаңын жамылған Саржал халқы дүр сілкініп, үстерінен басқан қасірет бұлтын сейілтуге кірісті. Ауыл халқы полигонға қарсы ереуілдерге шықты. Ереуіл комитеттерін құрды (Қ.Есенғарин. «Азаматтық антым бұл» кітабы. 263.264 беттер. 2008 ж.).

Ел қасіретін жоғары органдарға жеткізіп, халықты полигон зардабынан құтқаруды азаматтық парызым деп білген М.Қорғанбайұлы бұл жолда ештеңеден тайынған жоқ. Халықаралық «Невада-Семей» қозғалысының белсенді ұйымдастырушыларының бірі ретінде Семей ядролық полигонын жабу, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлкен қайраткерлікпен күш сала күресті.

Ауыл басшысы, облыстық кеңестің депутаты М.Қорғанбаев 1992 жылдың шілде айындағы облыстық кеңестің сессиясында полигонның жабылуын қанағат етіп, тоқмейілсіген облыс басшыларына былай деді: «Полигон жабылды. Ол – ақиқат. Бірақ оның зардабы әлі жойылған жоқ. Сондықтан полигоннан қасірет шегіп, зардап көрген елді мекендерге өтемақы төленуі тиіс. Қаншама ағайын-туыстан айырылған, енді тірі жүргендердің өзі денсаулығын жоғалтса, не болмақ? Мен ауыл өкілі ретінде тұрғындардың атынан айтарым – 40 жылға созылған зұлмат зардабының өтемін төлеттірулеріңізді сұраймын» («Семей таңы». №12,15. 1993 ж.).

Халық игілігі жолында сауатты жүргізілген күрес өз жемісін берді. 1992 жылы М.Қорғанбаев сол кездегі Қазақстан Республикасының вице-президенті Е.Асанбаевтың, Жоғары Кеңес Төрағасы С.Әбділдиннің қабылдауында болды. Қабылдау ашық пікірлесу, ел басындағы қасіретті дәлелді жеткізу нәтижесінде «Семей полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» арнайы Заң қабылданды. Осы аса маңызды құжат негізінде халыққа өтемақы берілді. Аудан халқының зарыға күткен талап-тілегі орындалып, еңсесі көтерілді. Қайраткер дарабоз тұлға Мұратхан Қорғанбайұлына деген ел алғысында шек болмады. Елбасына бата берген батагөй ақсақал Ж.Жүнісжанов өлеңмен өрілген ақ батасын берсе, белгілі ақындар Т.Жанғалиев, Ә.Мәкенов жыр-толғауларын арнады. Бұл қашанда жүрегі елім, халқым деп соққан асыл азаматқа деген халық сүйіспеншілігінің жарқын көрінісі еді.

Саналы ғұмырын елінің игілігі үшін еселі еңбек пен белсенді қоғамдық қызметке арнаған М.Қорғанбайұлы мен оның өмірлік серігі, аяулы жары, алтын алқалы абзал ана Кенжеш Омарқызы екеуі ұлағатты ұл, ибалы қыз өсіріп, айналасына бедел мен берекенің шуағын шашқан жарасымды жанұя, өнегелі отбасы бола білді. Екеуінен тараған он баланың әрқайсысы өмірден өз орындарын тапты. Бүгінде Мұратхандай асыл азамат, қайраткер тұлғаның арман-мұраттарының жүзеге асуы немерелер арқылы сабақтасып жалғасуда. Өткен жылы туған ауылында марқұмның өмірден өткеніне 10 жыл толуына орай ас берілді.

Иә, Шыңғыстаудың Мұратхан Қорғанбайұлындай қыран қанатты, тұлпар талантты перзентінің өзі жаққан нұрлы сәулесінің арайлы шырағы сөнбейді, жайнаған туы желбірей бермек.

Жақсыбек Екібаев,
Абай ауданының Құрметтті азаматы

Осы айдарда

Back to top button