Қоғам

Қайрат Закарьянов, қазақ спорт және туризм академиясының президенті: -Универсиадаға жанкештіліктің арқасында қол жеткіздік

Қайрат Закарьянов, қазақ спорт және туризм академиясының президенті: -Универсиадаға жанкештіліктің арқасында қол жеткіздік


Қазақ елі жылдың басты спорт додасы ХХҮІІІ-ші Қысқы дүниежүзілік Универсиадаға қалай қол жеткізді? Орталық Азияда бірінші болып қол жеткізген, спорт додасын өткізуге белсене араласқан, бірнеше жыл бойы маңдайы тасқа тиіп, мұқалса да, жігерін, күш-қуатын Универсиада өткізуге арнаған Қазақ спорт және туризм академиясының президенті, педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы студенттік спорт федерациясының президенті Қайрат Қайроллаұлы Закарьяновпен тілшіміз жолығып, әңгімелескен еді.

-Қайрат Қайроллаұлы, ең алдымен Универсиада ойындарын өткізу идеясы қалай келді? Алайда, оны ашу оңай болмаған көрінеді. Алдымен сол жайлы айта кетсеңіз?

– Алматыдағы Универсиада ойындарының салтанатты ашылуы миллиондаған көрерменнің жүрегін жаулап алды. ҒІSU-дің президенті Олег Матыцин, оның мүшелері, шетелдерден келген қонақтар ұлттық нақышта өткен салтанатты шараға таңғалып, ризашылықтарын білдіріп жатыр. Бірден айта кетейін, Универсиада ойындарын алғаш қолдаған Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. Алайда, студенттік ойындардың қазақ жерінде өтуі үшін көп тер төктік.

1998 жылы мені қазақ дене тәрбиесі институтының ректоры етіп тағайындады. Алғаш келген кезде оқу орнының жағдайы мүшкіл болатын. Оқу ғимараттары ескірген, тіпті, қажетті жабдықтар табу оңай болмады. Оқу орнының студенттері суық аудиторияларда отыра алмай, базар аралап кеткен, тіпті, кейбірі қалталы азаматтардың оққағары болып жүр екен. Жоғары оқу орнын екі аяғынан тік қою үшін көп еңбек еттік. Сын сәтте қолдау білдірген азаматтар мен бірге қызмет ететін әріптестеріме ризамын. Аяқтан шалатындар да табылды. Үстімнен 22 рет қылмыстық іс қозғалыпты, ақыры «аққа қара жұқпайды» дегендей, ол жабылды. Өзімнің бірге қызмет еткен проректорлардың жала жапқанына әлі күнге дейін таңмын. Соңынан кейбірі менен кешірім сұрады. Қиындықты жеңдік, қазір біздің оқу орны әлемдегі 5 мыңнан астам университеттері арасында көш басында тұр.

Сол жылы мен ұлттық студенттік спорт одағының президенті атандым. Ол кезде елімізде Универсиада ойындарын өткізу жөніндегі ой ешкімде болмаған. Себебі бұл аса жауапты, мол қаржыны қажет ететін, Үкіметтің қолдауы арқылы өтетін спорттық шара. Әдетте Универсиаданы өткізу үшін 6 жыл бұрын тапсырыс беру қажет. 2007 жылы алты жылдан кейін, яғни, 2013 жылы елімізде қысқы Универсиаданы өткізсек, қалай болар деген ой туды. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, сол жылы ФИСУ-дің президенті Джордж Киллианмен сөйлесіп едім, ол қатысып көріңдер дегендей ниет танытты. Бізден басқа Канаданың Квебек, Словения мен тағы бір ел спорт додасын өткізуді ойлаған екен. Өкінішке орай, сол кездегі спорт министрлігінің басшылары бұл өтінішті қолдамады, қаржы жоқ деді. Маңдайымыз тасқа тиді.

Енді не істеу керек? 2013 жылғы Универсиаданың ауылы алыстап кетті. 2015 жылы да Универсиада өткізсек деген талап орындалмады. 2011 жылы қаңтарда Астана мен Алматыда қатар Азия ойындарының жалауы көтерілгені белгілі. 2017 жылы Алматыда Универсиада ойындарын өткізу жөніндегі бастаманы Алматы қаласы мен Астана қаласының әкімдері Ахметжан Есімов пен Иманғали Тасмағамбетов қолдады. Сол кезде Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов та мені қолдады, тіпті, ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берген кезде эфирге менімен бірге шықты. Үкімет басшысы Мәсімов неге екені белгісіз, әлде Экспо-2017-ні өткізуге мол қаржы керек, демек, екі бірдей шараны қалтамыз көтере ала ма деп қауіптенсе керек, келісім бермеді. Ал ФИСУ басшылары 2-ші мамырға дейін Үкіметтің кепілдемесі керек деп шарт қойды. Жаңа талап бойынша Универсиада өткізуге тапсырыс берген біз 10 мың еуро төлеуіміз қажет болды. Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының ректорлары бұл қаржыны табуға көмектесті. Алайда, артынан Үкіметтің кепілдемесі қажет деген хабар жетті.

-Қайрат Қайроллаұлы, сізді қуанта алмаймыз. Үкімет Универсиада ойындарын өткізу жөніндегі бастамаңызды қолдамады, Экспо өткізуге дайындалып жатырмыз, екі бірдей ірі шараны өткізуге қаржы жоқ. Ал егер демеуші тауып, студенттердің ойынын өткіземін десеңіз, еркіңіз,-деді Үкіметтің әлеуметтік даму жөніндегі бөлімінің басшысы Наталья Юревьна Котенко.

2011 жылы Қытайдың Чжан-Жинь қаласына жазғы Универсиада ойындары өткен кезде Елбасы іссапармен сол жақта болған. Сол кездегі Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов ретін тауып 2017 жылы дүниежүзілік Универсиада ойындарын өткізуге дайындық жасап жатқанымызды айтқанда, қарсы емеспін депті.

-Сонда қалай, Елбасының өзі бұл бастаманы қолдап отыр?-дедім.

-Қолдады, қолдамады, онда менің шаруам жоқ. Үкімет бұған қарсы, деп бөлім басшысы осымен сөз бітті дегендей ниет танытты.

Мен бұған дейін Алматыда Азия федерациясының мәжілісін өткізіп, қала әкімі А.Есімовтің батасын алған едім. Бұл кезде біздің қарсыласымыз Италияның Трентино қаласы болатын. Италияда Универсиада бес-алты рет, ал бүкіл Азияда небәрі үш рет өтсе, Орталық Азияда бірде-бір рет болмаған. Қаншама уәж айтсам да, Үкіметтегі шенеуніктерді көндіре алмадым. Ақыры күресті жалғастыра бердік. Бір күні Алматыда түркі тілдес елдердің саммиті өтетін болып, оған Елбасы да қатысты. Соның алдында ақпарат құралдары өкілдерін жинап алып, Универсиаданы өткізудің елдің абыройы мен беделін көтеретіні жайлы баспасөз мәслихатын өткіздік. Орталық басылымдар оны жариялады. М.Васильевтің «Честь или выгода» деген мақаласы елді бір дүрліктіріп тастады. Оны Елбасының оқығаны сөзсіз. Қала әкімі А.Есімовке тапсырма беріп, Универсиаданы өткізуге батасын берді.

Алда тағы бір биік асу-Ресейдің Сочи қаласы тұрды. Әлемнің басқа қалалары да Универсиада өткізуді қалаған көрінеді. Ресейдің спорт басшылары Сочиде заманауи талаптарға сай ғаламат спорт кешендері салынып жатыр, бұл мақсатқа орасан зор 50 миллиард АҚШ долларын жұмсаймыз. Демек, дүниежүзілік Универсиада Ресейде өтуі тиіс деп жар салып жатты.

1980 жылы Мәскеуде жазғы Олимпиада ойындары өткені белгілі. Олимпиада ойындарының 30 жылдығы қарсаңыда ФИСУ-дің президенті Джордж Киллиани, басқа мемлекеттердің студенттік федерация басшылары «Редиссон» мейрамханасында кездестік.

Жасы 80-нен асып кетсе де шымыр, сөзі мен ісі нығыз Джордж Киллиани былай деді:

-Келісіп алайық, 2017 жылды-Ресейге, ал 2019 жылды-Алматыға берейік. Екі жақта алаңсыз әзірлене берсін,-деп кесімді сөзін айтты.
Шетелдіктерді фамилиясыз айта беру өрескел емес:

-Қазақстанда Үкімет жиі ауыса береді. Кезінде Ломоносовтың өзі Ресей кең байтақ, Сібірді игергеніміз жөн деген. Сіздер 2019 жылы Красноярскіде өткізіңіздер, Сібірді игересіздер, керемет спорт кешендерін саласыздар. Егер біздің өтінішіміз қабылданбаса, Алматы Универсиада ойындарынан бас тартады,-дедім.

Обалы нешік, Ресейдегі студенттік спортты басқаратын Олег Матыцин келісімін берді. Сол кездегі Ресей Үкіметін басқаратын В.Путин де бұл идеяны қолдады. Ақыры тар жол, тайғақ кешуден өтіп, діттеген мақсатқа жеттік. Универсиада ойындарының тағдыры шешілетін 2011 жылдың 30-шы қарашасындағы қорытынды сайыста Италияның Трентино қаласымен тайталаста біз 17, ал олар небәрі 8 дауысқа ие болды. Сол кезде «Азия мониторинг» газеті Қазақстан Универсиаданы талассыз-ақ жеңіп алды деп жазып жіберді. Шын мәнінде, мен және мені қолдаған азаматтар бұл мақсатқа бірнеше жылды, жүйкемізді жұқартып барып қол жеткіздік. Ең алдымен біздің идеямызды қолдаған Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа, Алматы, Астана қаласының сол кездегі әкімдері А.Есімов, И.Тасмағамбетов, Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловқа алғысымды айтамын. Егер сол кезде аты аталған ағаларым қолдамаса жалғыз өзім не істер едім?

-Хош, Алматыдағы аламан бәйгеге қалай қол жеткізгеніңізді оқырмандар бұдай былай біле жатар. Алматыдағы университеттен қазақ елі не күтеді? Командалық есепте алғашқы үштікке іліне аламыз ба?

-Бұдан бір апта бұрын Үкімет басшысының орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Мәдениет және спорт министрін, мені шақырып алып, Универсиадағы дайындықты пысықтай келе:

-Командалық есепте нешінші орынға таласа аласыздар?-деп Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына сауал тастады.

-Бесінші орынға табан тіресек, жаман болмас еді, -деді министр.

-Жоқ бұл нәтиже бізді қуанта алмайды. Ал сіз қалай дейсіз,-деді маған.

-Қысқы спорт Қазақстанда қанат жайып келеді. 2015 жылы Испанияның Гренада қаласында спорттың 7 түрінен күш сынасып, 5 алтынмен үшінші орынға тұрақтадық. Алға тек Ресей мен Оңтүстік Корея құрамалары түсті. Жазғы Универсиада ойындарындағы нәтижеміз жаман емес. Екінші, үшінші орын үшін күресеміз,-дедім.

-Кімдерден үміт күтесіздер?

-Біздің магистрантымыз Райкова алғашқы алтынды әперді. Конькиші Креч, биатлоншы Вишневская, фристайлшы Галышева, шорт-трек шеберлері алтын алады деген ойдамыз. Шайбалы хоккейден (ерлер) 10 алтын медаль алуға мүмкіндігіміз бар. Бірінші және екінші орын үшін таласамыз. Алматыдағы Универсиада ойындары келешекте қазақ елінің Олимпиада ойындарын өткізуге қауқары бар екенін дәлелдеді.

-Сөз соңында оқу орны жайлы айта кетсеңіз?

-Мен келген кезде академияда небәрі бір мың студент, бюджет 60 миллион теңгеге әрең жеткен. Қазір бюджет бір жарым миллиард теңгеге жетті, үш мың студент білім алып жатыр. Олардың жартысы бюджет есебінен, ал қалғаны ақылы түрде оқып жатыр. 61 жылдық тарихымызда оқу орнының жүздеген студенттері Олимпиада ойындарында, Әлем чемпионаттарында топ жарып, қазақ елінің намысын абыроймен қорғады. Қазір Алатаудың баурайында өтіп жатқан байрақты бәсекеде де біздің қыз-жігіттеріміз жүлде теруде.

-Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Оңдасын Елубай

Осы айдарда

Back to top button