Қайрат ауылдастарының алғысына бөленіп жүр

Орталықтан шалғай жатса да, осы бір түтіні түзу ұшқан Бородино ауылында болып, қарапайым шаруа адамдарымен, олардың тұрмыс-тіршілігімен танысудың сәті түскен.
Әсілі, қандай елдің болмасын, әлеуметтік жағдайы, тірлігі мен бірлігі сол елдің тізгінін ұстап отырған азаматтарға байланысты. Ауыл көшелері тап-тұйнақтай. Қайсыбір ауылдардағыдай қақпасы құлап, есік-терезесі үңірейіп, иесіз қалған үй көрмейсің. Ауылдың айналасы мыңғырған мал. Бородино ауылының нарық соққыларына сыр бермей, жылдан жылға көркейіп, халқының бір-біріне қол жаймай өз күндерін өздері көріп, мамыражай тірлік кешіп жатқандығы жергілікті іскер азаматтардың бірі – Қайрат Бөкежановтың арқасы десе болады. Ердің жасы 50-ге әлі келе қоймаған жігіт ағасының сөзі мен ісі мығым. Артық сөзі жоқ. Қол астындағы жұмысшыларына болсын, ауылдың үлкен-кішісіне болмасын сыйлы. Меншігіндегі шаруа қожалығын қожыратпай, тасын өрге домалатып отыр.
Әкеден 12 жасында жетім қалған іскер жігіт осы жердің тумасы. Осында туып, Кривнюха сегізжылдық мектебінен білім алған. Бұл күндері ауыл мектебінің директоры, жұбайы Гүлмира Күршім өңірінің перзенті. Көздерінің ағы мен қарасындай екі қызы Астанада білім алып жатқан көрінеді.
– 1983 жылы Саратовкадағы ауылшаруашылық техникумына оқуға түстім. Оқудан соң әскер қатарына алынып, дәм айдап, Ауғанстаннан бір-ақ шықтық. Ол жерде әуе десантының арнайы жасағында борышымды өтедім – дейді өткен күндеріне ойша көз жүгірткен кәсіпкер. – Әскерден оралғасын туған ауылымда еңбек жолымды бастадым. Шаруаның ыңғайына қарай түрлі жұмыстар істеуге тура келді. 1996-1997 жылдары бөлімше басқарғаным бар. Міне, дәл сол кезде совхозға қарасты шарушылықтар таратыла бастады да, Никольский совхозының директоры Владимир Калганов маған «Осы шаруашылықты қолға алсаң қайтеді» деп ұсыныс жасады. Шынын айтсам, алғашында жүрексіндім. Бұрын-соңды ондай жауапкершілік арқалап көрмегендікі ме, жарты жылдай келісім бермей, қашқақтап жүрдім. Ақыры, ары-бері салмақтап, саралап дегендей, шаруаны бастап кеттік. Сол кезде Бородино совхозының қарызы 58 млн. теңге болса, оның сегіз миллионы «Алтайэнергоға» берешек.
Қазақта «Көз қорқақ, қол батыр» деген сөз бар. Әу баста Қайраттың өзі ойлағандай қанша жүрексінсе де, уақыт өте келе істің ыңғайын білетін ауылдастары мен достары шарушылықтың бір жағына шығысып жүріп тығырықтан жол тауыпты. Қазір шаруашылықтың тасы өрге домалап тұр. Бір ғана «Бородино» қожалығында 130-ға жуық жұмысшы бар. Қожалықтың меншігіндегі жалпы жер көлемі 21 мың гектар болса, оның 3,5 мың гектарына жыл сайын бидай, сұлы, арпа, күнбағыс, жүгері, тағы басқа дәнді дақылдар егіледі. Ал негізгі бағыттары – мал шаруашылығы.
– Жеті жүзден астам ірі қара мен 150-ге жуық жылқының қысқы азығын дер кезінде қамдап алу да оңай шаруа емес – дейді қожалық басшысы. – 275 сауын сиырымыз бар. Жалпы мал шаруашылығында бақташы, сауыншы, күзетшісі бар 50-ден астам адам жұмыс істесе, солардың 22-сі бақташы. Жылқыны айтпағанда, ірі қараның өзі жасына қарай үш-төрт табынға бөлініп бөлек жайылады. Жұмысшылардың жалақысын екі айда бір рет ақшалай беріп тұрамыз. Арасында жемшөппен, дәнді дақылдармен, ет, сүт өнімдерімен алатындары да бар. Сауылған сүтті Өскемендегі «Восток молоконың» «Турайда» деген филиалына 80 теңгеден өткіземіз. Ал ет өткізу мәселесі біршама қиындықтар тудыратыны рас. Негізінен Өскемен, Зырян қалаларынан келіп ет алатын тұрақты алушыларымыз бар. Олар мейілінше арзанға алып кетуге тырысады. Қайсыбір жоспарсыз сойылатын ақсақ-тоқсақ, арық-тұрақ малдарды солардың белгілеген бағасымен беруге тура келеді.
Байқауымызша, Бородино ауылы, әсіресе, қайсыбір қазақы ауылдармен салыстырғанда, әлдеқайда өркениетті тірлік кешіп жатқан секілді. Ауылда ауызсу мәселесі ертеден-ақ шешімін тапқан. Тіпті қайсыбір үйлерге дейін су, орталық жылу жүйесі тартылған. Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге арналған мекеме де, ауыл балалары білім алатын он бір жылдық мектеп те, қыл аяғы мерекелік жиындар мен концерттер өтетін ауыл клубы, ондағы шағын кітапхана да ертедегі совет үкіметінің кезіндегідей, өзіндік еңбек ырғағымен жұмыс істеп тұр. Су, жылу демекші, осы салаға байланысты күнделікті шығыннан бастап, бүкіл су құбырларының керек-жарағын алмастыру, сондай-ақ, ауыл көшелерін жөндеу жұмыстары да «Бородино» қожалығының мойнында көрінеді.
Сосын, бородинолықтар аудан орталығы Зырянда немесе Өскеменде жыл сайын өткізіліп жататын Наурыз мерекелеріне барып қатысуды былай қойып, тіпті қызықпайтын да көрінеді. Өйткені қожалық басшысының айтуына қарағанда олардың өз Наурыздары өздерінде, кәдімгідей дүбірлі тойға ұласып өтетін секілді.
– Біз жыл сайын Наурыз мерекесіне арнайы мал сойып, клубтың жанына киіз үй тігеміз. Аспазшылар еттің бір бөлігін асып, енді бір бөлігінен палау, кәуәп, тағы басқа ас мәзірін әзірлейді. Ол күні ауылдың жүріп-тұра алатын тайлы-тұяғының бірі қалмай орталыққа жиналады. Жергілікті өнерпаздарымыз орысы бар, қазағы бар, жас демей, кәрі демей бар өнерлерін халыққа арнайды. Олар сахнада мың бұрала би билеп, шарықтата ән салып еңбекші қауымның, зейнет жасындағы үлкендеріміздің көңілін бір серпілтіп тастайды. Сол мерекелі жиында еңбек озаттарын марапаттау да өзіндік дәстүрімізге айналған.
Өркениет дегеннен шығады. Бір қызығы, Бородинода интернет желісі жүйелі жұмыс істеп тұрғанымен ұялы байланыс жоқ. Себебін сұрасақ, ұялы байланыс компаниялары аталмыш елді мекенге байланыс торабын орнату үшін «Ауылдағы абонент саны екі мыңнан кем болмауы керек!» деген талап қойып отырған көрінеді. Бұл қалай болғаны, сонда? Ауыл тұрғындарының саны бар-жоғы 650-дей ғана болса, енді қалған 1350 абонентті қайдан алмақ? Әлде, әр тұрғын бас-басына төрт телефоннан тұтынуы керек пе? Мыңға жуық халқы бар Бородиноны айтпағанда, Моңғолия, Қытай жеріндегі қойлы ауылдарда ұялы байланыс баяғыда орнаған. Ол жақтың қойшылары бір-бірімен ұялы телефон арқылы хабарласып, интернетті армансыз ақтарып дегендей, ұялы телефонның қызығына қарқ болғалы қашан. Бұл – бір ғана Бородино ауылына қатысты мәселе емес. Алысқа бармай-ақ, ұялы телефон байланысын айтпағанда, Шығыс Қазақстанның көптеген ауылдарында осы күнге дейін жарық тартылмағандықтан ауызсу мәселесі шешілмеген, тоңазытқыш, теледидар деген секілді адамзат баласының күнделікті қажеттілігіне пайдаланатын қарапайым ғана дүниелер жоқ. Шамасы, бородинолықтардың Шерхан ағамыз айтатын – Бір кем дүниесі! – осы болар.
Бұған қосымша «Негізгі күре жолдан ауылға дейінгі 12 шақырымдық жолға асфальт төселсе» дейді тұрғындар. Осы бір көзге шыққан сүйелдей боп жатқан «жаман жол» ауылдық әкімдіктің балансында көрінеді. Оны асфальттауға кемі 120 млн. теңге қажет екен. Осы мәселені тілге тиек еткен қожалық басшысы «Болашақта шағын асфальт зауытын ашсам» деген ойы барын да жасырмады.
– Айта бастасақ, шешімін тапса деген мәселелер баршылық. Қазіргі біздің иелігіміздегі мал базалары кешегі кеңес үкіметінен қалған, ескі-құсқы нысандар. Қанша жамап-жасқағанмен ескінің аты ескі. Ал бұ жақтың қысы қатал екенін өзіңіз жақсы білесіз. Сауынға арналған қорамыз бар болғаны 200 бас малға арналған. Біз оны болашақта 600 басқа жеткізсек деген ойдамыз. Ауылшаруашылық техникаларымыз бен сүт сауатын құрылғыларымызды да біршама жаңалап алсақ деген жоспарлар бар.
Әңгіме арасында Қайрат қойын қалтасынан әбден сарғайып, шет-шеті жыртыла бастаған тілдей ғана қағаз алып шықты.
– Алтыншы сынып оқып жүргенімде атам марқұмның айтуымен өз қолыммен жазып алғам. Содан бері осы бір жазбаны жанымнан тастамаймын. Мынау менің жеті атам. Біз Найман ішінде Өтеміс деген атадан тараймыз – дейді көзін ашқалы қалың орыстың ортасында өсіп-өнгеннамысқой азамат. Тегінде: «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер. Жеті атасын білмеген, құлағы мен жағын жер» дейтін аталы сөз, дәл осы Қайрат сынды көптің қамын ойлай білетін, көппен бірге қуанып, көппен бірге мұңая білетін азаматтар үшін айтылғандай.
…Есік ашылып, бірнеше адам босағадан сығалаған. Бірі ақшалай, бірі жем-шөп пен отын-су сұрай келген жұмысшылар екен. Өтініштеріне қол қойып, есепшісіне тапсырма берген қожалық басшысы мұқтаж жандардың шаруасын қолма-қол шешіп берді.
Серік Құсанбаев