Тұлға

ҚАЙРАН ЖАҚСЫЛЫҚ!

Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровпен дүниеден өтерінен бір ай бұрын телефонмен сөйлескен едім. «Жәке, Шығысқа ат басын бұрмағалы бір жылға таяп қалыпты. Өткен жылы Семейдегі спорт мектебіне сіздің есіміңізді бергенде қала тұрғындары, спортпен шұғылданатын балалар дидарласып, көкейдегі сұрақтарын жаудырған еді. Күтеміз», – деген едім.

– Аманшылық болса, таяуда барып қалармын. Қожалықтың жұмысы таусылар емес. Күз де келіп қалды. Қарбалас жұмыстардан қол босар емес, – деп телефон тұтқасын қоя салды Жәкең.

Тағдырдың жазуына амал бар ма? Сұм ажал тамыздың екінші жұлдызы күні Алаштың арда ұлы, ел мақтанышы Жақсылық Әмірәліұлын арамыздан алып кетті. Төбемізден жай түскендей болды. Жақсылықпен таныс болған  қырық жылға таяу уақытта төрт Олимпиада ойындарында, Алматы мен Астанада өткен қысқы Азия ойындарында, бірнеше халықаралық жарыстарда, Өскемен мен Семейде, Көкпекті, Жармада бірге болған едік. Сонда байқағаным, Жәкең нағыз халықтың сүйікті ұлы болды. Жұрт құшағына алып, балаша еркелететін. Қойған сауалдарға тиянақты жауап қайтаратын. Мына бір оқиғалар көз алдымнан өтіп жатты.

ЧЕМПИОННЫҢ МЕКТЕБІ

…1984 жыл. Алматы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысымын. Бізбен қатар оқитын  Торғайдың Амангелді деген жігіті бірде мені Жақсылықпен таныстырды. Екеуі Семейдің мал дәрігерлік институтында бірге оқыпты. Кез келген адаммен тіл табысып, шүйіркелесе кететін Жақсылықпен тіл табысып, араласа бастадық. Екеуімізді спорт жақындастырды десек те болады. Күрес түрінен қазақ жастары арасында Олимпиада ойындарының тұңғыш чемпионы жайлы облыстық газетке мақала жазғаным есте қалыпты. Оқу бітіріп елге оралған соң, оқта-текте болса да хабарласып тұрдық. Ол кезде Алматыда күн сайын дерлік түрлі кездесулер, айтыстар жиі өтіп тұрады. Кездесе қалғанда әңгімелесіп, спорт тақырыбын қаузайтынбыз. Бір байқағаным, Жақсылық өте қарапайым, үлкенмен де, кішімен бірден тіл табысып, емен-жарқын әңгімелесетін. Семейдегі мал дәрігерлік институтына оқуға түсерде Жәкеңнің тиыны таусылып қалып, не істерін білмей дал болады. Бірде қаланы қақ жарып ағып жатқан еліміздің бас өзені Ертістің жағасына келеді. Міне,қызық! Өзеннің жағасында малдасын құрып алып, балаларды Ертіс өзенінің ар жағына малтып шыққандарға бес сом ақша беремін деп отырған егде жастағы адамды көреді. Бес сом – қыруар қаржы. Салып-ұрып жанына келеді.

  • Аға, мен дайынмын.

Көзін сығырайта қараған ел ағасы кенеттен:

– Қай жақтың баласысың? Ертіс – ағынды, асау өзен. Бұл өміріңе қауіпті ғой, – деді байыппен.

– Талас өзені де асау. Оның арғы-бергі жағына күніне бірнеше рет, тіпті кейде он рет жүзіп өтетінбіз.

Хош сонымен, Таласты бағындырған жүректі балаң жігітке сол күні Ертістің арғы-бергі жағына екі рет жүзіп өтуге тура келді. Он сомдықты ұсынып жатып, жарысты ұйымдастырған қария:

– Балам, алған бетіңнен қайтпайтын өжет екенсің, осы бетіңнен тайма, – деді ризашылықпен.

«Сабақты ине сәтімен» дегендей, сол жолы Жақсылық Семейдің мал дәрігерлік институтына оқуға түсті. Бес жылда еркін күреспен, соңынан грек-рим күресімен мықтап шұғылданды. Олимп шыңын бағындыру қасиетті де киелі Семей елінен басталды десе болғандай. Семейге келген сайын ол қаланы аралайтын, ерке Ертістің жағасына барып, жастық шағын еске алатын. Семейге деген Жәкеңнің ыстық ықыласы ерекше еді. Тек Семейде емес, шырайлы Шығыста Жақсылықтың достары, спортты серік еткен інілері аз емес, Олимпиада чемпионы келе қалса, балалармен кездесулер өткізетін. Семейліктер де Жақсылықты ерекше құрметтейтін, өз балаларындай бауырына тартатын. Соның нақты дәлелі емес пе, өткен жылы Семейдегі дарынды балаларға арналған спорт академиясына Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілді. Бұл шараға біз де қатысқан едік. Салтанатты шараны облыс әкімі Даниал Ахметов ашып, қазақ жастары арасынан күрес түрі бойынша тұңғыш Олимпиада чемпионының Семейде оқып білім алғанын, күреспен осында шұғылданғанын, талай шәкірттің томағасын сыпырғанын, күреске сіңірген еңбегін ескеріп, спорт академиясын Жақсылық Үшкемпіровтің есімімен атау жөнінде шешім қабылдағанын тілге тиек етті. Өз кезегінде Жақсылық сенім білдірген Шығыс халқына алғысын айтты. Соңынан ән мен күйге кезек берілді, Жақсылықтың турнирінде жүздеген балғын балуан күш сынасты. Жүлдегерлерге Олимпиада чемпионы өз қолымен бағалы сыйлықтар тапсырып, балалармен суретке түсті.

СИДНЕЙДЕГІ САҒЫМ ЖЫЛДАР

…Сиднейге 2000 жылдың 23 қыркүйегінде аттандық. Алматыдағы «Транс Атлантик ЛТД» консорциумы ұйымдастырған туристік топпен 54 жанкүйер жұмыр жердің жұмбақ елі, айшылық алыстағы Австралияға Лондон, Сингапур арқылы ұштық. Жолдың қашық екені жайлы ескерткен. Ақыры 30 сағат дегенде Сиднейге жеттік-ау. Бізбен бірге бір топта Жақсылық, Шымкенттегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жетекшілері Шертай Әмірбеков, еркін күрестен еліміздің үш дүркін чемпионы, экстра класты төреші Түсіпхан Сайханов, тіс дәрігері, спорттың нағыз жанашыры Мүсілім Дайырбеков, бес-алты журналист, Қазақстанның әр өңірінен жиналған азаматтар бар.

Сиднейдің көркі көз тартады. Елдің бас қаласында 4 миллион халық тұрады. Қаптаған қытайлар жол бермейді. Елдің астанасы Канберраны да алаңсыз араладық. Тірі коала, кенгуруді көріп, қолымызбен сипадық, мәз болдық. Ғұмырымда жеті Олимпиада ойындарын, бірнеше Әлем чемпионаттары өткен бас қалаларды көрсем де, мен үшін Сиднейдің орны бөлек. Себебі австралиялықтардың Олимпиада ойындарына керемет әзірленгені байқалып тұрды. Жарыс өтетін ареналар мен жабық бассейндер бір-біріне жақын. Жабылу салтанаты керемет өтті.

25 қыркүйекте тобымызбен грек-рим күресі шеберлерінің белдесуін тамашаладық. Себебі сол күні Атлант Олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченко күресетін еді. Оның қарсыласы – оңтүстік кореялық Әлемнің екі дүркін чемпионы Ким Ин Суб. Амал бар ма, қанша тырысқанмен, Юра оңбай ұтылды. Белдесуде дөрекі қимыл танытты деп Дәулет протест беріп еді, ол қабылданды. Юра тағы да ұтылды. Қасымда отырған Жақсылыққа қарап едім, өңі түтігіп кетіпті.

– Юраға не болған? Киммен бұрын белдескенде оны жеңген. Нағыз сын сәтте намысты жанып, жеңу керек еді. Екі ретте де қарсыласы талассыз ұтты. Медальдың ауылы алыстап кетті-ау. Тым болмаса Матвиенко қарсыласынан басым түссе екен.

Сол күні жерлестеріміздің жолы болмады. Матвиенко да жанкүйерлерін жерге қаратты.

Жарыстан кейін далаға шықтық. Қарсы алдымыздан елден келген азаматтар шықты. Несіп Жүнісбай, Жүнісбек Сұлтанмұратов бізді көргенде ерекше қуанды.

– Мүсілім, Шертай ағалар, Жақсылық, «Егемен Қазақстанның» төрт бірдей журналисі келіп қалған екен. Енді медальдар сыңғырын еститін шығармыз, – деп жатыр екеуі де.

Тәуелсіздіктің жемісі емес пе, еліміздің бас басылымы айшылық алыстағы Австралияға осы жолы төрт бірдей журналисін жіберіп отыр. Олар: Рысбек Сәрсенбай, Еркін Қыдыр, Ғалым Сүлеймен, осы жолдардың авторы. Алдын ала айта кеткен жөн, журналистер Сиднейдегі жан алысып, жан беріскен шешуші айқастардан елдегі жанкүйерлерді күнделікті хабардар етіп отырды.

– Мақсатымыз – қазақ елі саңлақтарын сын сәтте қолдау, жанкүйер болу. Сол үшін сонау Қазақстаннан 54 турист, журналистер келді. Грек-рим күресі шеберлері бүгін ұтылғанымен, ертең жеңуге күш салатыны сөзсіз. Еркін күрес шеберлерімен ертең жолығамын, тәжірибемді ортаға саламын, – деп ағынан жарылды Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров.

Жақсылықпен бірге екі апта Сиднейдегі жарыстарды тамашаладық. Қазақстаннан келген жанкүйерлер бокс сайысынан қалмады десек те болады. Бекзат пен Ермахан алтыннан алқа таққанда, Мұқтархан мен Болат күміспен күптелгенде, Жақсылық балаша қуанды. Жиырма жыл зарықтырған алтын алқаны алып жатқан кезде Бекзатты құшақтап, батасын берді. Еркін күрестен қарашайдың қайсар ұлы Ислам Байрамуков күміс алқаны иеленген кезде бауырынша еркелетті. Сиднейдегі сағым жылдар есте ұзақ сақталмақ. Жақсылық аңқау, кейде қалжыңдап айта салған әзілге де балаша сеніп қалатын. Олимпиада ойындары аяқталған соң бізді Саламандра деген аралға апарып, екі-үш күн демалдырды. Себебі 120 мемлекеттен келген туристерді елдеріне қайтару оңай шаруа емес. Күтуге тура келді. Қайтарда әуежайда Жақсылықты жоғалтып алдық. Жақсылықтың қасынан бір елі қалмайтын Түсіпхан Сайханов ұшаққа билеттерді тіркету басталған кезде алақ-жұлақ етіп қасымызға жүгіріп келді.

– Жақсылықты көрдіңдер ме, мана әуежайға бірге кірген. Таба алмай қалдым, – деді сасқалақтап.

Бәріміз Жақсылықты іздей бастадық. Ақыры, оны Түсіпхан тауып әкелді. Сөйтсе, Жәкең Мәскеу Олимпиадасында күрескен Ресейдің бірнеше балуанымен кафеде жолығып, әңгімеге алаңсыз кіріскен ғой. Абырой болғанда, чемпионымыз табылып, елге аман-есен оралдық. Қазақстан қоржыны қомақты. Үш алтын, төрт күміспен, жалпы командалық есепте 22-ші орынға табан тіреген, елге оралған саңлақтарды нағыз батырларша қарсы алды…

ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ «ҚҰЛАҒЫ»

Спортты бала кезден ұнатқандықтан болар, Олимпиада ойындарына жанкүйер ретінде қатыспасақ, ішкен асымыз бойға қонбайтын «дертке» шалдықтық. Дүбірлі жарыстар өтеді-ау дегенде мазаланып, қалайда барудың қамын жасай бастаймыз. 2004 жылғы Афина Олимпиадасына көлігімді сатып, ақыры, барудың амалын таптым-ау. Жәкеңнің Афинаға да, 2006 жылы Туриндегі Ақ Олимпиадаға да жолы түспеді. Есесіне, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына барды.

…Алматы әуежайы. Үстеріне спорт киімдерін киіп алған туристер, елге есімі белгілі спорт саңлақтары жинала қалыпты. Таудай болып Әбілсейіт аға жүр. Қасында жұбайы Кәмеш апай.

– Ағаларыңның тұңғыш Олимпиадасы. Өзі кеше ғана екінші мәрте инсульттен сауығып шықты. Спорт министрі Темірхан  Досмұханбетовке мың алғыс, қазақ елінің бес бірдей спорт  жұлдыздарын Олимпиадаға тегін жіберіп отыр. Жақсылық, Ермахан, Ольга Шишигина, Анатолий Храпатый бар деген, өздері көрінбейді ғой. Ағаларыңа көз қырыңды сала жүр, – деп Кәмеш апай шегелеп тапсырды.

Сәлден кейін Жақсылық, Ермахан, еркін күрестен Қазақстанның үш дүркін чемпионы Асқарбек Иманқұлов қатарымызға қосылды. Сол әуежайда отырып атақты ауыр атлет, Олимпиада ойындарының чемпионы Анатолий Храпатыйдың оқыста қайтыс болғанын естігенде барлығымыз мұңайып қалдық. Ұшақ салонында Әбілсейіт аға екі күннен кейін белдесуге шығатын Асхат Жіткеевке батасын берді.

«Бабалар мәңгі қорғаған дала,

         Ұрпаққа  мәңгі қалдырған мұра.

         Жалғасын мәңгі бабалар жолын,

         Ұл менен қызы қазақтың ғана», – деген батыр ағамыздың өзі шығарған батасы бір серпілтіп тастады. Соңынан білдік, балуан ағамыз өлең шығаруға бала кезден құмартыпты.

Бейжіңде мен Әбілсейіт ағамен, ал Жақсылық пен Асқарбек көрші бөлмеде жатты. Сейдахмет Бердіқұлдың шәкірті, қазақ спортының өркендеуіне ерекше үлес қосқан жазушы, спорт журналисі Несіп Жүнісбай, елден барған бір топ журналистер Олимпиада қазанында бірге қайнадық, елге жедел хабар-ошар жібере бастадық. Жақсылық, Асқантай, Несіп күн сайын дерлік таңертең келіп Әбілсейіт ағасына сәлемдесіп шығады, кешегі жарыстар туралы ойын ортаға салады. Қазақ елі балуандарының Олимп шыңына көтерілетін уақыты жеткенін әңгіме етеді.

– Бізді қашанғы «легионерлер» жарылқай береді. Қараңдаршы, осы жолы да олар қаптап жүр. Басқаларын былай қойғанда, балуандар Т.Тигиев, М.Муталимов, тағы басқалар медальдарын алса жақсы, ал алмаса, күні ертең елдеріне қайтып кетеді. Сендер спортқа қазақ жастарын тартатын дүниелер неге жазбайсыңдар? – деп күйіп-пісті досымыз.      Қытай астанасының Олимпиадаға керемет әзірленгені көрініп тұр. Алып қалада көлік тығыны байқалмайды. Себебі ойындар кезінде қала транспорты нөміріне байланысты тақ және жұп саны бойынша күн аралатып жүреді екен. Жарыс өтетін манеждер мен стадиондарға жету – қиын шаруа емес. Біз, Жақсылық, Ольга Шишигина, Несіп, Әбілсейіт аға, Асқантай бесеуіміз күн сайын балуандар сайысын тамашалаймыз. Бір күні Таймураз Тигиевтің финалдық айқасын көруге келдік.

«Егер дұрыс әдіс қолданып, батыл қимылдаса, Тигиевтің алтын алуы мүмкін», – деді Әбілсейіт аға. «Әй білмеймін, жартылай финалда грузин Г.Гогчелидзені әрең жеңді, оның үстіне, мойнынан жарақат алып қалды», – деп алаңдаушылық білдірді Жақсылық.

Жақсылықтың айтқаны келді. Тигиев ақтық сында жігерсіз күресті, қарсыласы, ресейлік 20 жасар Шервани Муратовқа есе жіберді. Сол күні ауыр салмақтағы тағы бір жерлесіміз Марид Муталимов қола медальды қоржынға салды. Қалай дегенде де, балуандар Бейжіңде тәуір нәтиже күресті. Грек-рим күресінен Әсет Мәмбетов пен Нұрбақыт Теңізбаев қола, әйелдер күресінен Елена Шалыгина қола, ал ұшақта балуан ағасының батасын алған Асхат Жіткеев күміс алқаны қанжығасына байлады.

Бір күні Жақсылық, Несіп, алматылық кәсіпкер Әсет Дәулетов бар төртеуіміз біз жатқан бес жұлдызды «Ю-ианг» қонақ үйі жанындағы мейрамханаға келдік. Қытайдың удай ащы тағамы жалықтыра бастаған кез. Тұшпара жегіміз келіп тапсырыс берейік десек, бізді түсінбейді. Ақыры, менің көзіме Жақсылықтың мыж-мыж тұшпараға ұқсайтын құлағы түсе қалды. Қуанып кеттім де, досымның құлағын ұстап көрсеткенім сол еді, официант қыздар күліп жіберді. Бұдан кейін тұшпара жеу қиынға соқпады.

ТҰМАНДЫ АЛЬБИОН ЕЛІНДЕ

…Тұманды Альбион түнеріп қарсы алды. Лондонда жаңбыр жиі жауады, тіпті толас таппайды деуге келеді. Жақсылықпен бірге көне қаланың тарихи жерлерін аралауға уақыт таптық. Ауыр атлеттеріміз ерледі. Төрт алтынды алған кездегі елден барған жанкүйерлердің қуанышы есте қалады.

Илья Ильин алтын алған күні кешкілік «Қазақ үйінде» бас қостық. Спорт басшылары мен журналистер де осында. Несіп екеуіміз сыртылдатып фотоға түсіре бастадық. Илья кіріп келгенде жиналғандар тұрып қарсы алды. Ақжарма тілектер айтылып жатыр. Жақсылық сөз алып, су жаңа чемпионды құшағына алып, құттықтады.

Амал бар ма, Лондонда ауыр атлеттер қоржынға салған төрт алтыннан арада бірнеше жылдан кейін айырылып қалдық. Алайда Чиншанло, Манеза, Подобедова және Ильиннің Әлем чемпионаттарында иеленген жүлделері қазақ елінің спорт тарихында алтын әріптермен жазылып қалатыны сөзсіз.

– Мен бір нәрсені түсінбеймін. Бейжіңде де, Лондонда да Ильиннен Олимпиада басталмас бұрын, сосын да сан рет сынама алынды. Арада бірнеше жылдан кейін теріс нәтиже шыққаны қалай? Сірә, Олимпиадаға да саясат араласып кеткен сияқты, – деген еді Жақсылықпен әңгімелескенде.

…Бұдан кейін қазақ елі мақтан тұтып, басқаларға үлгі ететін Жақсылық Әмірәліұлымен бірге Сочи Олимпиадасында екі апта бірге болып, қызығы көп Қысқы спорт ойындарын бірге тамашаладық. Бұл жолы Спорт министрлігі  42 журналисті Сочиға тегін жіберді. Оның сыртында төрт жүзге тарта спорт ардагерлері мен жастар, елге сыйлы азаматтар болды. Жақсылықпен бірге шаңғы, биатлон жарыстарына барып, жерлестерге жанашыр болдық. Алексей Полторанин 15 шақырымдық классикалық үлгідегі жарыста   небәрі 9-шы орынға табан тірегенде Жақсылық та қатты өкінді. Сочиде Денис Тен ғана бізге қола медальды сыйлады. Иә, қысқы спортта есеміз кетіп жүр. Бұл – ойланатын жай.

…Қайран Жақсылық! Келер жылы алтыншы мамырда 70 жылдық мерейтойын атап өтуші еді қазақ елі. Сұм ажал тұңғыш Олимпиада чемпионын арамыздан ерте алып кетті. Халқымыз Жақсылығын алақанына салып еркелетті, көзі тірісінде Семейдегі спорт академиясына есімін берді. Кіндік қаны тамған қасиетті Тараздағы спорт кешеніне де Жақсылықтың есімін береді деген хабарды естідік. Жыл сайын еліміздің бірнеше қалаларында Жақсылықты еске алуға арналған халықаралық турнир өткізіп, талантты балаларды ол жарысқа қатыстырып, томағасын сыпырса, күні ертең талай Жақсылықтың абыройды асқақтатары сөзсіз! Жаның жәннатта болып, пейіштің төрінен орын алсын дегім келеді бұл жалған дүниемен қош айтысқанына 40 күн толған досыма.

Оңдасын Елубай,

 Қазақстанның құрметті спорт қызметкері, ардагер журналист.

Осы айдарда

Back to top button