Тәуелсіздік - 30

Айнұрдың бұйымдары айрықша сұранысқа ие

«Шебердің қолы алтын» деп нақылдайтын ата-бабаларымыздан қалған сан қырлы өнеріміздің бір саласы – ұлттық қолөнер туындылары. Үңіле білген жанға бұл өнердің тылсым сырлары жетерлік. Халықтың көркем қолөнер кәсібі қазіргі мәдениеттің айқын құбылысы болып, қайталанбас және алуан түрлі әсем әшекейлерден бастап әсемдігі, композициялық шешімі, қиял ұшқырлығын ұштастырып, шебердің өзіне тән тәсілдермен жаңа заманмен бірге жаңғырып, елмен бірге жасасып келеді. Осындай ұлтымыздың көпсалалы қол өнер түрлерінің бірі – шеберлік қолөнер түрін жанына серік еткен Ақжар Мәдениет үйі жанындағы Шоқан Мұхамадиев атындағы халық театрының суретшісі, Тәуелсіздіктің құрдасы Айнұр Жұмабекқызы.


1991 жылы Семей қаласында дүниеге келген. 1998-2001 жылдары Ақжар ауылындағы Абай атындағы орта мектепте, 2002-2009 жылдары Қыдырбек Билялов атындағы гимназиядан орта білім алып шығып, 2009-2013 жылдары Семей мемлекеттік педагогикалық университетін «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша оқып бітіреді. 2013 жылдан бері Ақжар Мәдениет үйі жанындағы Шоқан Мұхамадиев атындағы халық театрының суретшісі болып еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде Айнұр өзін іскер маман ретінде сан қырынан көрсете білді. Аудан көлемінде өткізілетін көптеген мәдени іс-шаралардың дизайнер-суретшісі. Мәселен, «Дәулетбай бабам – арсысым, дүр сілкінген барысым» атты театрландырылған қойылымның декораторы, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген аудандық спартакиаданың безендіру, тарихи реквизиттерін жасау, сондай-ақ облыстық, халықаралық «Тарбағатай жұлдыздары» ән фестиваліне орай, сахналық безендіруді жаңашылдықпен, ізденіспен атқара білді. Шығармашыл маманның осы еңбектері жоғары бағаланып, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, халық театрының дамуына қосқан үлесі үшін аудандық мәдениет бөлімі тарапынан Алғыс хатпен марапатталды. Аудандық «Бояулар сыры» байқауының, «Жас келсе, іске» жас ұстаздар сайысының жүлдегері. «Менің елім-менің бақытым» атты көркемөнерпаздар байқауында аудандық білім беру бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталып, «Қазақстан болашағы балалар көзімен» атты плакаттардың республикалық конкурсының дипломанты атанса, ЮНЕСКО бағдарламасы аясында өткен Республикалық V балалар шығармашылығының «Дети рисуют мир. Казахстан» атты конкурстың арнайы сертификатына ие болды.
Айнұрдың сәндік бұйымдарды жасауда көптеген зергерлік тәсілдерді қолданып, ел ішіне кеңінен тараған маржан, меруерт және түрлі-түсті шыныларды қолдана отырып, асыл тастардан көз салынған шолпылар мен шашбаулар, ұлттық бас киімдері, сахналық киімдерді безендіруде шеберге тән көркемдік сезімталдығы, әшекей бұйымдарын жасаудағы шығармашылық қиялының ұшқырлығы, көздің мүлтіксіздігі, қолдың дәлдігі және түстік үйлесімділік құрудағы шеберге тән көкірек түйсігі әр жасаған әшекей бұйымдарынан талғамдық тартымдылығымен ерекшеленіп тұрады. Айнұрдың қолынан шыққан бұйымдар айрықша сұранысқа ие. Қай кезеңде де халқымыз шебер, зергер, ұсталарды «Жантақтан ине, жаңқадан түйме жасаған», «темірге тіл, жаңқаға жан бітірген», «бармағынан бал тамған» деп аса құрметпен қараған ғой. Олай болса, осындай қасиетті қазынаны болашаққа жарқыратып жеткізіп келе жатқан, халқымыздың қолөнерін дәріптеп, келешек ұрпақтың эстетикалық мәдениетін қалыптастыруда ұлттық өнерге баулу тәрбиенің түп қазығы екендігін ескере отырып, ұлттық қол өнерін жанына серік еткен Айнұр Жұмабекқызындай шеберлердің дәрежесін көтеру, дәріптеу – мәдениет саласы қызметкерлерінің азаматтық парызы болмақ.

Үмітгүл Баянбаева,
Ақжар Мәдениет үйінің қызметкері
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button