Қоғам

«Ақындығың нағашы жұртыңнан дарыған» деуші едің

«Ақындығың нағашы жұртыңнан дарыған» деуші едің


Менің сәби санама жердің жұмағы Марқакөл болып орныққан еді… «Марқакөлдің мөлдірлігі сондай, түбіндегі балықтар анық көрінеді. Көл таудың басында, оған жүздеген өзен құяды, бір ғана өзен ағып шығады». «Көлден ағып шығатын жалғыз өзен Қалжыр деп аталады. Қалжырдың суына басын жуған қыздардың шашы қалың әрі ұзын болады». Есім кірген күннен нағашы апам айтатын осы сарындағы әңгімелер санама сіңіп қалды…

Батпақтыбұлақ деген жерде алтын қазу жұмысында жүрген нағашы атам Әділбек Тұңғышбайұлы 1942 жылдың тамызында батысқа қанды қырғынға аттанғанда анам Қанипа бар болғаны екі жарым жаста, ал ағатайым Батиқа (анамның сіңлісін осылай дейтінбіз) болса анасының құрсағында қалып, 1943 жылдың наурызында дүниеге келген.

Зайсан аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылып, Көкшетауда жасақталған 121-атқыштар дивизиясының 574-атқыштар полкының құрамында майданға аттанған нағашы атам туралы еш дерек жоқ. Бүгін жетпіс сегізге келген анам «әкемнің ақ боз атқа мінгені, мені алдына алғаны еміс-еміс есімде» дейді. Апамның айтуынша, бұл атамыздың майданға аттанып бара жатқан сапары екен.

Нағашы атам Әділбекпен бірге інісі Қалибек Тұңғышбайұлы да майданға кеткен. Сол кеткеннен атамыздан 1943 жылдың тамызында бір хат келіп, онда жараланып госпитальға түскенін жазады. Содан кейін жазылып, қайта майданға кіргенінен хабар берген бір хат келеді де, хат-хабар мүлде тиылады. Бар болғаны «хабарсыз кетті» деген бір хат келеді. Біз ес білгеннен атама іздеу салынды. Мәскеуге, Подольскіге, т.б. жерлерге. Еш дерегі анықталмады. Анам Қанипа мен сіңлісі Батиқа әлі күнге әкелері жайлы анық деректі білмей келеді. Жақында pamyat-naroda.ru сілтемесі арқылы нағашы атамның бір дерегіне қол жетті. Аты-жөні Тунешнаев Аднебек деп көрсетіліпті.

Апам айтатын: «1945 жылдар шамасы, соғыс біткен уақыт, таң алдында бір түс көрдім. Түсімде Әділбек, Қалибек (тағы бір ауыл адамын айтқан еді, ұмыттым) үшеуі еденде ақ жамылғы жамылып, ұйықтап жатыр екен. Бір кезде Қалибек қолына шырақ ұстап орнынан тұрды. Сол сәтте әлдеқайдан жылаған сәбидің үні естілді. Ана екеуі қимылсыз жата берді. Шошып ояндым» деп… Бір үлкен кісіге түсін жорытады. «Қайның аман-сау келіп, ұл перзенті болады екен» деп жорыпты ол кісі. Апам іштей «шалдың келмейтінін сездім» дейтін. Шынында, көп ұзамай Тұңғышбай әулетінің біреуі – Қалибек атамыз аман оралып, арада жыл өткенде, 1946 жылдың күзінде Төребек нағашым дүниеге келеді. Бұдан бұрын Қалибек атамыз бен Нұрымхан апамыздың Ниязбек деген ұлы, Қанапия (Қанат) атты қызы бар екен. Қазір олардың ұрпақтары бар.

Ол кездегі татулық қандай, бірлік қандай! Бір әулеттің ұрпақтары бір-бірін сүйеп, демеп, ажырамастай тірлік кешкен. Апам қайнысы мен абысынының, қайынсіңілісі Рабиға апамыздың балаларын өз балаларындай бауырына басса, олар да анам мен ағатайымды бөліп-жармаған. Апамды күллі ауыл құрметтеген. Он қолынан өнер тамған ісмер, еңбекқор апамның мейірімі тек әулеттің емес, ауылдың балаларына жеткен екен. Анам Тарбағатайдың жігітіне – менің әкеме тұрмысқа шыққан соң (1962 жылы) апам Марқакөлде біраз тұрып, 1967 жылдың күзінде Тарбағатайға көшкен. Кейіннен, апам тоқсаннан асып, дүниеден өткен соң, 1990 жылдардың ішінде нағашыларымның ауылының көп адамымен кездестім. «Нағашыларымның жұрты Марқакөл» деп, оларға ерекше ықыласпен қарадым. Олар тарапынан нағашы апамның атына айтылған жылы сөз бен ыстық ықыластан апамның қандай адам болғанын сезіне түстім. Апамды өзім де әулие тұтып, ерекше жақсы көрген едім. Азан шақырылып қойылған аты Рәши болғанымен, жеңгелері «Дөкен» деп атап кеткен. «Ауылда балалар сырғанақ тебетін бір өр бар еді. Сол өрді «Дөкен өрі» дейтінбіз. Дөкен апамыз бізге сырғанақ жасайды, тоңсақ, үйіне барып, жылынып алатынбыз. Шай-тамағын беретін. Апаны бәріміз жақсы көретінбіз» – дейді сол кездегі, елуінші, алпысыншы жылдардың балалары.

Апам айтатын әңгімелердің кейіпкерлері де ерекше еді. Әсіресе қайнысының соғыстан келгеннен кейін туған ұлы Төребекті барынша әспеттеді. Апамның баласымын деп, үнемі екі әпекесімен апасының қойнына таласатын ұлының тентектігін риза күлкімен баяндайтын еді.

Төребек нағашыммен бірге Рабиға қайынсіңлісінің ұлы Көкенді де бауырына тартып, ерекше жақсы көрген еді. Апам айтқан әңгімемен біз де нағашымызды ерекше жақсы көрдік. Жақсы көруге тұрарлық ерекше адам еді нағашым.

Анам мен әкем апамды Тарбағатайға көшіріп әкеткенде, нағашым Қиыр Шығыста, Тынық мұхитта сүңгуір қайықта әскери борышын өтеп жүрген теңіз жауынгері екен. Апамды атамыз Аймұхамбет көшіріп әкеткенде, ағатайым тіркелуден шығып, құжаттарын реттеп келу мақсатымен Черняевкада (Қалжыр) қалып қояды. Тура сол кезде нағашым Төребек әскерден демалысқа келе қалып, апамның көшіп кеткенін естіп, ағатайыммен бірге Тарбағатайға келеді. Жиырма бір жастағы бозбала «Неге көшесің, неге кеттің? Күйеуге кеткен қыздың соңынан бізді тастап кеткенің не?» деп, апама өкпелесе, өзінің әке-шешесін «Сендер жіберіп қойып, не қарап отырсыңдар? Намыстарың қайда? Жалғыз кемпірді қыздың соңынан неге жібересіңдер?» деп жазғырады.
Кейіннен, әскерден оралған соң, «Апамның қасында боламын» деп, жаңа түскен келіншегін ертіп, Тарбағатайға кетпекші болады. Сонда анасы, жарықтық Нұрымхан апамыз «Бізді қайтпексің сонда? Біз де әке-шешеңбіз ғой», – деп тоқтатқан екен. Жиырма бір жасар жігіттің намысы мен бауырмалдығы апамды егілтіп, апамды тыңдаған біздерді де тебірентетін.

«Ақындығың нағашы жұртыңнан дарыған» деуші едің

Төребек нағашым апама үнемі келіп тұрды. Баян жеңгемді, балаларын алып келген сапары біз үшін ерекше қуаныш еді. Әр келгенде «Апамды алып кетемін» деп келетін. Апам болса: «Қыздарымның қасында болайын. Келіп тұрсаң болады, саған екі дүниеде ризамын, ұлым», – дейтін.

Апам Шар қаласы жаққа тұрмысқа шыққан ағатайымның (Батиқаның) қолында болып, әр жазда бізге келетін. 1994 жылы Тарбағатайда, анам мен әкемнің қолында дүниеден өтті. Өмір бойы Марқакөлін аңсап, сағынған апама топырақ Тарбағатайдан бұйырды…

Хабар жетісімен, апамды Марқакөлге алып кетемін деп шыққан нағашым Еспенің суы жайылып кетіп (наурыз айы болатын), соны жағалап, жолда ұзақ жүріп, топыраққа әрең үлгерді. Сол кездегі, үйге жүзі өрт сөндіргендей кіріп келген нағашым әлі көз алдымда. «Өзің кеткенімен қоймай, шешемді неге алып кеттің сонда? Тыныш қана қолымда отыратын еді», – деп анама баяғы өкпесін айтты тағы. Апасының жетісін, қырқын, жылдығын біздің ауылда өзі өткізді.
Нағашымның бауырмалдығы шексіз еді. Өзі өлеңге үйір, шежірені арыдан тарқататын оның бір өлеңінде мынадай жолдар бар:
Баласы Әділбек пен Қалибектің,

Мен едім, сөз білетін, өзі тәуір…

1990-жылдары «Боздақтар» энциклопедиясы шығып, оған нағашы атамның аты кіргенде, керемет қуанды. «Бұл да болса көңілге жұбаныш», – деп тебіренгені есімде. Апам дүниеден өткеннен кейін, 1995 жылы облыстық «Дидар» газетінде нағашы атама арнаған «Сен оралмадың» атты өлеңім жарияланды. Нағашым сол өлеңді қиып алып, көзінің қарашығындай сақтапты. Ақырғы сапарына аяқ астынан аттанып кеткенде, үйінен әспеттеліп сақталған сол өлеңді көріп жыладым… «Майданға кеткенінде бар-жоғы қырық екі жаста екен. Тура менің жасым. Қылшылдап тұрған кезі ғой», – деп күрсінген еді, 1988 жылы, Тарбағатайға бір келгенінде.

Өкінішті өзекке сіңіріп тіршілік кешетін пендеміз ғой. Нағашым үнемі тірі жүрердей көрініпті. «Су астындағы матростық өміріңді айтшы, Кеңес үкіметі жоқ қазір. Айтуға болатын шығар нағашы», – деп тәуір өтінетінмін. Тіс жармайтын.

Нағашымның қолынан келмейтін ісі жоқ еді. Әскерден кейін оқуға бармады, ауылында киномеханик болды. Кеудесінде қайнап жатқан сыр бар екенін сезетіндей едім. Жиенім деп ерекше жақсы көрді біздерді. «Нағашыларыңа, маған тартқансың» десе, соған мәз болатынмын.

Дүниеден өтерінен он күндей бұрын телефонмен сөйлестік. «Биыл нағашыма барам» деп едім сонда. Өскеменге іссапармен келіп тұрып соға алмадым. «Жазда келемін ғой, сонда әңгімесін тыңдаймын, шежіре айтқызамын», – дедім.

Сәуірдің отызы күні ұлы Ерлан телефон шалды. «Нағашыңнан айрылып қалдық», – деді. Өкінішім – соңғы рет көре алмағаным, баяғы бала күнімдей еркелей алмағаным…

«Ақындығың – бізден, нағашы жұртыңнан дарыған», – деуші едің. Өлеңге деген сүйіспеншілігің сұмдық болатын. Шамам келсе, өзің жақсы көрген өлеңнен рухыңа шырақ жағып жүрейін.

Марқакөл, мөлдіріңе үңілмедім,
Інжудей қымбат еді түбіңдегің.
Тірліктің өтеуі жоқ өкініші
Кеудемді өртеп жатыр бүгін менің…

Марқа елі – мекені ғой нағашымның,
Білмейді нағашының бағасын кім?!
Мен үшін Төребектей төр иесі
Үлгісі ед тектілік пен жарасымның.

Жалған-ай, қапы қалып өттім деме,
Егілтіп көп күнге де, жоқ күнге де…
Тақырдан* қала көштің – өкпем жоқ-ты,
Ақырға тым асығыс кеттің неге?

Нағашым, көкірегіңде көмбе бар-ды,
Сол көмбе өзіңді алып, көрге барды.
Ақтамай пейілің мен мейіріңді
Атасы өкініштің менде қалды.

Өзіммен еншілес боп бірге өсті мұң,
Өзіңнен шежірелі жырды естідім.
Жаныңның жылайтынын түсінбеген
Кеше гөр жиеніңнің білместігін!

Тереңдік өлшемі еді бақ, тағыңның,
Ешкімге сыр ашпадың, шақпадың мұң.
Сыздатқан жүрегіңді шеменді айтып,
Маған бір келген шығар ақтарылғың.

Көкейде қойылмаған қалып сұрақ,
Сенделем, ақылымнан бағыт сұрап.
Нағашы, дұғам осы, өлеңіммен
Жүрейін руxыңа жағып шырақ!

(*Тақыр – нағашымның ауылы)

Жанат Әскербекқызы,
ақын, ғалым.

Осы айдарда

Back to top button