Мәдениет

Ақындар түн ішінде өлең оқыды

Ақындар түн ішінде өлең оқыды

Өскемендегі өнер музейі «Музейдегі түн» деген айдармен ойын-сауық, танымдық бағдарламалар өткізіп, көрермен қауыммен емен-жарқын жүздесуді дәстүрге айналдырған. Халықаралық музейлер күні қарсаңында биылғы түнді музей өзінің атқарып жатқан қызметін көрерменге жан-жақты таныстыруға арнады.
Ақ залда музейлік педагогика секторының мамандары балалар мен ата-аналарға арналған қызықты да танымдық бағдарлама дайындаса, экскурсиялық сектор музыка залында жанды музыканы жақсы көретіндер үшін Ольга Штрауб жетекшілік ететін «Элегия» квартетінің тамаша бір сазды кешін сыйға тартты. Танымал педагог, өнер тарланы Людмила Романюк жүргізген жан тербетер концерт көпшіліктің көңілінен шығып, жиналған көрермендер музыканттар өнеріне дуылдата қол соғып, барынша қолдап отырды.
Қор сақтау бөлімінің қызметкерлері жиналған қауымға осындағы бағалы жәдігерлер туралы әңгімелеп, олармен таныстырды.
– Бейнелеу өнерінің қорында бүгінгі күні 1200 көркемсуреттік және 2573 графикалық туындылар сақталуда, олар музейдің залдарында және музейден тыс жерлерде өткізілетін жылжымалы көрмелерде үнемі көрсетіліп отырады, – дей келіп, музей мамандары Маржан Бахтиярова мен Назиба Мүбаракова, өнер музейінің Астана, Павлодар, Семей, Алматы және басқа қалалардағы музейлермен өзара тығыз шығармашылық байланыстар орнатқанын, олармен өз қорларындағы туындылардан жасақталған жылжымалы көрмелермен алмасып отыратындығын, сондай-ақ, өткен жылы музей қорының жаңадан 32 жұмыспен толықтырылғанын айтып, қысқаша шолу жасап өтті.
Көпшіліктің асыға күткен шараларының бірі – сөз өнерін құрмет тұтатындар үшін музейдің үлкен залында ұйымдастырылған поэзиялық сайыс түнгі сағат тоғызда басталды. Оған облыстық, қалалық басылымдарда, әдеби бірлестіктерде еңбек ететін ақындар, «Ақындар мектебінің» мүшелері, студенттер қатысты. Жүргізушілер – Лариса Мартынова мен Мәдина Шерубаеваның бірнеше тапсырмаларынан сүрінбей өтіп, берілген тақырыптар бойынша мәнерлеп өлеңдер оқыған қазақ тілінде жазатын бес ақынға, орыс тілінде жазатын бес ақынға музей директоры Нұржази Қалиева жыл соңына дейін музей шараларына тегін кіретін абонементтер тапсырды.
Өнер ордасындағы шараларды облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Нұрмұханова бастаған ресми топ та аралап, тамашалады. Түннің бір уағына дейін созылған «Музей түні» кешінің қонақтары бір серпіліп, сергіп, рухани ләззат алып қайтты.

Айтмұхамбет Қасымов,
журналист

Осы айдарда

Back to top button