Қоғам

Қайнатып-мұздату технологиясын ойлап тапты

Қайнатып-мұздату технологиясын ойлап тапты


Қайыңды ауылындағы «Ворсинка» шаруа қожалығында қазір 1600-ден астам марал өсіріліп жатыр. Шаруашылық бүгінде бұғы мүйізін өңдеп, одан биологиялық белсенді қоспа шығарудың жаңа тәсілін ойлап тапқан.

Аудандағы марал өсіру ісінің үздігі атанған Юрий Мельниченко үш жылдан бері еліміздің білікті ғалымдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, мүйізден пантогематоген және панты ваннасын қабылдауға арналған арнайы сұйықтық шығарып, оны аудан жұртшылығына қолжетімді бағада саудалауда. Кәсіпкердің айтуынша, небәрі 250 мл. шыны ыдыста сақталатын тиімділігі жоғары табиғи өнім пантогематоген адамға күш-қуат беріп, зәр шығаратын қуықтағы тастарды ерітіп, сүйектегі іріңді жараларды емдеп, ашуланшақтықты жояды.

– Бұғы мүйізінің құрамында 25 түрлі амин қышқылы мен басқа да микроэлементтер көп. Мұны ғалымдар ерте заманда-ақ анықтап қойған. Қатпаған мүйізден алынатын пантыны осыдан үш мың жыл бұрын тибеттік медицина кеңінен қолданған, – дейді кәсіпкер.

«Ворсинка» шаруа қожалығында мүйіз ваннасына арналған өнім жаңа технологиямен алы¬нуда. Бұған дейін шығысқа¬зақ¬стандықтар бұл өнімді бұрыннан келе жатқан 5-6 рет қайтара қайнату-кептіру әдісімен алатын болса, мұнда ол қайнатып-мұзда¬тудың жаңа технологиясымен жүзеге асырылуда. Мүйізден ту¬ра¬лып дайындалған өнім мұздатылады да, кейін оны жылдың кез келген маусымында қабылдауға болады. Ол үшін өнімді қайта жібітсе болғаны, мүйіз ваннасы дайын. Арнайы техниканың көмегімен жасалынатын ұнтақты жаныштау үшін вибрациялық диірмен қолданылады екен. Өйткені, бұғы мүйізі табиғатта кездесетін ең берік, қатты материалдардың бірі.

– Мүйіздерді ұнтақтап уату үшін оларды консервілеу керек. Ол үшін мүйізді қайнатып, қуырып, екі ай бойы кептіреді. Қайнатуға дейін жаңа кесілген мүйіздерді қайнаған кезде кеуекті жерлері жарылып кетпес үшін сыртынан бинтпен орап тастайды. Ыдыстағы су шамамен 85-100°С-қа дейінгі температурада қайнауы қажет. Мүйіздерді үш күн ішінде салмағына қарай қайнап тұрған суға бір-екі минутқа салып алып тұрады. Ыдыстағы судың температурасы бірқалыпты болуы тиіс. Кейін барлық процедура аяқталған соң, мүйізді кептіріп, вибрациялық диірменге салып, үгітіп, мұздатқышқа жіберіледі. Дәрілік қасиеті жоғары бұғы мүйізінен алынатын өнімдер біздің елде де үлкен сұранысқа ие. Сондықтан оны шетелге шикізат күйінде өткізуден өнімді осында дайындауға көшу бүгінгі күннің талабы, – дейді Юрий Мельниченко.

Тоқсаныншы жылдардың соңында бұғы мүйізін экспортқа шығарудан бас тартқан кәсіпкер аудан тұрғындарының денсаулығын жақсарту мақсатында «Мараленок» панты емханасын ашқан. Бүгінде онда 70 адамға қызмет көрсететін асхана, бильярд, алты орынға арналған VIP-үйлер, монша, шағын спорттық алаң бар. Шипажайда жүрек-қан тамырлары, қан айналымы жүйелері сыр берген науқастарды және басқа да ауруларды емдейді. Емдеу кезінде фитобөшке, панты ваннасы, панты қосылған дәрі қолданылады. Жазғы маусымда демалушыларға төрт мезгіл тағамдарымен қоса қымыз, шұбат беріледі. Шаруашылық басшылығы өз жұмысшыларына қамқорлық көрсетіп, емделу кезінде жеңілдіктер белгілеген. Сондай-ақ, онда панты астауы мен арнайы бөшкеден бөлек, айналдыра балқарағайдың тақтайларымен қапталған бөлме бар.

– Бір қабырғаға кербұғының мүйізі ілінген, ал екіншісіне араның балы жағылған. Ал еденге қара тұз қойылған. Бөлменің іші монша сияқты ыстық болады. Бұл тыныс жолы ауруына шалдыққан науқастардың еміне пайдалы, – дейді Юрий Мельниченко.

Бұл күндері шаруа қожалығында панты мен бал қосындысынан шипалы емдік қасиеті бар дәрі жасалады. Емделу кезінде қолданылатын дәрі-дәрмектерді толықтай шаруашылық өздері дайындайтынын айта кеткен орынды.

Ажар Сағатбекова
Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button