Қоғам

Қайнар ауылында спорт модулі ашылды

Қайнар ауылында спорт модулі ашылды

Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Зайсан ауданында жұмыс сапарымен болып, Қайнар ауылындағы спорт модулінің ашылуына қатысты және бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көріп, аудан активімен жүздесті.

Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Қайнар ауылындағы спорт модулінің салтанатты ашылуына қатысты. Зайсан өңірі – еліміз бен алыс-жақын шетелдерге есімі мәлім спорт жампоздарына бай өлке. Олардың қатарында Жанәділ Атаев, Гүлжан Исанова, Нұрлан Қасымжанов, Нұржан Ибраев, Руслан Қайролданов, Руслан Мұқанбаев және тағы басқа танымал спортшылар бар. Жуырда ғана Балуан Шолақтың 150 жылдығына арналған облыс әкімінің жүлдесі үшін өткен халықтық спорт ойындарында Зайсан ауданының екінші орын иеленуі де тегін емес.

Қайнар ауылында ашылған спорт модулі ғимаратының жалпы көлемі – 480 шаршы метр. Жалпы құны 34 млн. теңгеге салынған бір қабатты ғимараттың іші кең, жарық. Жабық спорт нысаны шағын футбол, волейбол, баскетбол алаңдарымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, мұнда спортшылардың киім ауыстыру, жуыну бөлмелері бар. Ал спорт ғимаратының ауласында жазғы спорт алаңдары салынған. Биылғы мамыр айында басталған құрылыс шілде айында аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Құрылысты «Өскемен пласт» ЖШС жүргізді.

– Әр мемлекеттің келешегі білімді, денсаулығы мықты азаматтарына байланысты. Сондықтан мемлекет өз болашағы үшін барлық жағдайды жасайды. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап спорт пен халық денсаулығына айрықша назар аударып келеді. Алыстағы Қайнар ауылында заман талабына сай спорт ғимаратының салынуы осы елді мекенде өсіп келе жатқан жастарымыздың спортпен шұғылданып, ел ертеңіне өз үлесін қоссын деген игі тілекпен бой көтергенін айтқым келеді. Бұл – мемлекетіміздің бүгінгі экономикасының ілгерілеуінің, халқымыздың әл-ауқатының жақсарғанының көрінісі, – деді облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

Ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Оразбек Бұланбаев жаңа спорт ғимараты ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік сыйлағаны үшін осы қуанышты тарту еткен облыс, аудан басшыларына алғысын айтса, Әйткен есімді ауыл ақсақалы жаңа ғимараттың ел игілігіне қызмет етуі жолында көмек қолын созған азаматтарға ақ батасын берді. Сонымен қатар, Толқын Мұхамадиұлы ауыл тұрғындары атынан аймақ басшысына арнау жырын оқыды.
– Ашылып, бой көтерді клубымыз,
Жетілер өнерлі болып ұл-қызымыз.
Қажымас жігер беріп өрендерге,
Тұғырлы спорт залын тұрғыздыңыз, – дейді ауыл ақыны арнау жырында.

Ауданның газдандырылуы көңіл көншітпейді

Облыс әкімі жуырда ғана Зайсан қаласының іргесіндегі жазықтан бой көтеріп, пайдалануға берілген атшабарды аралап көрді. Атшабар құрылысы биыл 19-мамырда басталып, 20-маусымда мәресіне жетті. 55 гектарды алып жатқан атшабарда жанкүйерлерге арналған 1500 орын бар. Аудан әкімі Алмас Оңдақановтың айтуынша, аталған нысанда таяуда Зайсан ауданында өткен облыстық спартакиаданың ат спорты түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Еліміздің ұлттық ат спорты федерациясының төрағасы Сәдібек Түгел атшабардың құрылысы басқа өңірлердегіден кем түспейтінін айтқан екен. Алдағы уақытта онда аудандық иппотерапия орталығын ұйымдастыру көзделіп отыр.

Атшабардың бір жағында бәйгелерді топтайтын алаңқай, күншығыс жақ шетінде жанкүйерлер орны, сондай-ақ, мәртебелі меймандар отыратын шатырлы орын мен оның астынан шабандоздарға арналған киіну, жуыну бөлмелері салынған. Ал 2,5 шақырымдық бәйге айналымына құм төселіп, төрешілерге арналған орын бой көтерген, электр жарығы тартылып, арнайы трансформатор қойылған. Атшабар аумағы 3 шақырымдық қоршаумен қоршалған. Аймақ басшысы аудан әкіміне жанкүйерлерге арналған орындықтардың дұрыс бекітілмегенін ескертті.

– Егер осы қалпында қала берсе, орындықтардың аз уақытта тоз-тозы шығады, – деді облыс әкімі.

Облыс басшысына Зайсан ауданының газдандырылуы бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Бұл ретте Зайсан қаласы бойынша 100 үйді газ құбырына қосу және «ҚазТрансГазАймақ» кәсіпорнының қызметін бастау бойынша өңір басшысы жүктеген тапсырмалардың орындалуы баяндалды. Бүгінде «ҚазТрансГазАймақ» 200 млн. теңгеге тендер өткізіп, өз жұмысын бастады. Өткен жылы 473 үй газ желісіне қосылса, биыл газға қосылатын үйлер санын 500-ге жеткізу керек. «Тарбағатай-Мұнай» компаниясы 9 ауылға газ құбырын жеткізу бойынша тендерді өткізді. Қазір аталған ауылдарды газдандыру жобасы Қаржы, Өңірлік даму министрліктері тарапынан мақұлданды. Енді Экономикалық даму және сауда министрлігінің келісімі қажет. Аталған келісімге қол жеткізген соң, 376 млн. теңгеге аталған ауылдарды газдандыру басталады.

Шағын ауылдарды суландыру былтыр 64 пайызға орындалса, биыл 74 пайызға жетіпті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 81 пайызға артпақ. Сондай-ақ, өңір басшысына ауданішілік автобус бағыттарының жұмыс кестесі таныстырылды. Қазіргі кезде негізгі ауылдардың барлығына автобус бағыттары жүріп тұр.

«Мұрагер» үйі – ұрпақтар сабақтастығының мекені

Облыс басшысы 600 орындық мектеп-интернаттың құрылысымен танысты. «СМУ Шығыс» ЖШС жүргізіп жатқан мектеп-интернаттың жалпы аумағы 12 мың шаршы метрден асады. 2012 жылы басталған құрылыс биыл пайдалануға берілуі тиіс. Республикалық бюджеттен қаржыландырылып отырған оқу орнының интернатында 300 орындық жатақхана құрылысы аяқталуға жақын. Мұнда қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Мектеп-интернатта оқу корпустарымен бірге спорт залы, асхана, мәжіліс залы болады. Аймақ басшысы мектеп-интернаттың толымдылығын бүгіннен бастап қамтамасыз етуді тапсырды.

Облыс әкімі «Мұрагер» қоғамдық ұйымдар, ардагерлер және жастар үйінде болды. Бұрын Зайсан қаласы әкімдігінің ғимараты болған нысан қайта жөндеуден өтіп, аталған ұйымдарға берілген екен. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұқан Мырзақанов өңір басшысына қариялар мен ардагерлерге көрсетіп отырған қамқорлығы үшін ризашылығын білдірді. Қазір «Жас Отан» жастар қанатының аудандық филиалында 62 мүше тіркелсе, «Жас ұлан» ұйымында 1200 оқушы бар. Облыс әкімі жастар ұйымдарының қатарын толықтыруды, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды тапсырды.

Қазіргі кезде зауытта түрлі өнімдерді құю қалыптары орнатылып жатыр. Италияның «Шелл» фирмасынан сатып алынған жаңа технология заманауи талаптарға сай өнім шығаруды қамтамасыз етеді.

Облыс әкімі аудан көлеміндегі ірі жобалармен таныса келе, трактор құрастырумен айналысатын «СП ҚАЗ Зайсан» ЖШС, «Еуротранзит» ЖШС көлік-логистика орталығы жобаларының жүзеге асырылуын тездетуді тапсырды.

– Жаңа заңнама бойынша олар жер, мүлік салығынан босатылды. Шекаралық аудан ретінде шағын тракторды көрші елден сатып алғаннан гөрі, өзімізде құрастыру әлдеқайда арзанға түседі. Оның кедендік алымдарын нақты есептеу алу керек, – деді облыс әкімі.

Суармалы жерлерді толық игеру қажет

Аймақ басшысы агросекторда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сабыр Әндірбаевтың айтуынша, ауданда 9 мал сою пункті бар. Биыл 150 млн. теңгеге ет комбинатын ашу жоспарланып отыр. Онда 1500 басқа бордақылау алаңын құрып, етті консервілеу, терең өңдеу жүзеге асырылмақ. Қарабұлақ ауылындағы балық зауытында жылына 40 тонна форель өндіру көзделіп отыр.

Аймақ басшысы жұмыс сапарының соңында аудан активімен жүздесті. Кездесуде аудан әкімі А.Оңдақанов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқтал-ды. Бес айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдері 3 млрд. 87 млн. теңгені құрады. 3,8 мың тонна ет өндірілді. Асыл тұқымды шаруашылықтар саны биыл жетеуге жетті. «ҚазАгро» АҚ арқылы 7 шаруа қожалығы 5 «Беларусь» тракторын, 2 астық комбайнын лизингке алып, 2 трактордың ауыл шаруашылығы құрылғыларын сатып алып, тағы 5 трактор алуға құжаттар өткізді. Өткен жылы шаруашылықтар 154 млн. теңге субсидияға қол жеткізген. Биыл бұл көрсеткіш 292 млн. теңгеге артты. Ауданда 18104 гектар суармалы жер пайдаланылуда.

Облыс басшысы суармалы жерлерді дәнді дақылдар мен көкөніс егуге пайдалану қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, төменгі пайызбен несие алу үшін кәсіпкерлердің жаңа жобалар ұсынуы керектігін айтып, аудандағы газдандыру мәселесінің шешімін табуы жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Зайсанда біраз жұмыстар атқарылып жатқанын, алайда әлі де көптеген мәселелер оң шешімін күтіп тұрғанын атап өтті. Жуырда Мемлекет басшысының өңірге жасаған сапарында туындаған міндеттер мен межелерді жүзеге асыру бағытында үздіксіз еңбектену керектігін жеткізді.

Думан Нұрланұлы

Осы айдарда

Back to top button