Айналмажолмен қашан жүреміз?

Республикалық маңыздағы Өскемен – Рахман қайнарлары тас жолының жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Алтай ауданына жасаған іссапарында аймақ басшысы аталмыш трасса құрылысының барысын бағамдады.
Өскеменді табиғаты көркем Алтай, Катонқарағай өңірімен жалғап жатқан бұл жолдың туризм саласын дамытудағы рөлі айрықша. Облыс әкімі трассаның 56-72 шақырымдық теліміндегі жұмыстардың жай-күйімен танысты.
Бұқтырма жағасындағы демалыс аймақтарына, Катонқарағайдағы ұлттық паркке, «Рахман қайнары» шипажайына, өзге де туристік нысандарға жету үшін жұрт осы тасжолдың бойындағы аса қауіпті Көктерек (Осинов) асуымен өтеді.
Осы ел арасында «серпантин» атанып кеткен ирелең жолды асумен өткен әр адамның үрей сезінетіні анық. Әсіресе қыста, боранды күндері немесе көктайғақ кезінде осы жермен өту – қиямет-қайым. Кей жағдайда асу жабылып, Алтай, Катонқарағай аудандары мен облыс орталығы арасында байланыс үзіліп жатады.
Түйткілді шешу үшін асуды айналып өтетін жол салу туралы шешім қабылданған-ды. Құрылыс жұмыстары 2017 жылдың көктемінде басталған болатын.
Даниал Ахметовті мердігер ұйым – «АБК Автодор НС» серіктестігінің өкілдері жұмыс барысымен таныстырды. Айналма жолдың жалпы ұзындығы 12 шақырымнан асады, қазір трассаның тағаны жасалуда.
Жолдың бойында көпір болуы тиіс, оның құрылысы басталған емес. Себебі жолдың осы телімі ресми түрде әлі мемлекеттік орман қорының қарамағында қалып отыр. Жер учаскесі осы қордан көлік қорына ауыстырылуы тиіс.
Бір қарағанда, мәселе соншалық күрделі де емес, десек те мердігер сол рұқсат қағазды бір жылдан астам уақыт ала алмай келеді.
Даниал Ахметов жол құрылысының маңызды екенін атап көрсетіп, жер мәселесін шешуге тікелей өзі септесетінін жеткізді. Сондай-ақ облыс әкімі жергілікті билік органдары мен депутаттарға, қоғамдық ұйымдарға құрылыс жұмыстарының сапасы мен кестесін қатаң қадағалауды тапсырды.
Мамандардың айтуынша, осы айналма жол қолданысқа берілген соң, көліктер Өскемен мен Алтай қалаларының арасын екі-ақ сағатта бағындыратын болады.
Ержан Әбіш