ТОП

Айнабұлақта Мәдениет үйі салынып жатыр

Айнабұлақ ауылында 150 орындық Мәдениет үйі салынып жатыр. Енді ауыл халқының мерекелік іс-шараларын өткізер өз өнер ордасы болады.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Зайсан ауданының Айнабұлақ ауылында 150 орындық Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

– Тәуелсіздік жылдары алғаш ашылғалы отырған Мәдениет үйінің бірінші қабатының жұмыстары аяқталып қалды. Жұмысшылар бір мезгілде ішкі әрлеуін де қолға алған. Нысанның бір бөлігін тұтасымен 150 орындық көрермен залы алып жатыр. Орта бөлігі ұжым қызметкерлеріне арналса, тағы бір бөлігінде кітапхана болады. Жоғарғы қабаттағы бөлмелер эстрада және театр өнері, бейнелеу, тағы басқа үйірмелерге арналып жабдықталады, – дейді Айнабұлақ ауылының әкімі Әділ Қаламов.

Екі қабатты нысанда бір мезетте 25 адамды қабылдайтын кітапхана да орналасады. Кітап қорында 16-18 мың әдеби оқулық болады деп жоспарлануда. Қазір құрылыс басында отыздан астам жергілікті азамат жұмыс істеп жүр. Құрылысты «KAZPROFSTROYHOLDING» ЖШС жүргізіп жатыр. Мердігер компанияның басшысы Мейіржан Әбілхасовтың айтуынша, мамыр айында басталған құрылыс жұмыстарының аяқталу уақыты 2022 жылдың мамыр айына жоспарланған. Қазіргі таңда екі қабатты нысанның бірінші қабатының жарты жұмысы аяқталған. Бұл құрылыс жұмысына облыстан 355 миллион 871 мың теңге қаражат бөлінген.

– Біз жұмысты белгіленген кестеге сәйкес жүргізіп жатырмыз. Қазір құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталып тұр. Келер жылдың мамыр айының аяғына дейін бітіріп, пайдалануға беру жоспарлануда. Ішінің жұмыстары жартылай басталып кетті, – дейді мердігер компанияның басшысы Мейіржан Әбілхасов.

Ауылдың мәдени саласын дамыту мақсатында салынып жатқан мемлекеттік мекеме – Мәдениет үйін айнабұлақтық тұрғындар көптен күтті. Мәдениет үйінде балалар мен үлкендерге де арнайы әртүрлі үйірмелер ашу жоспарда бар. Мәдениет үйі басшысының айтуынша, мұнда хореография, вокал, театр, домбыра ұжымдары ашылмақ.

Жамал Ермен

Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button