Ақын жырлары ерекше әсерге бөледі
Әдебиетсүйер қауым Александр Пушкинді әлемдік деңгейдегі классик ақын ретінде жақсы біледі. Тіпті, оның әрбір шығармашылық туындысы оқырманның көкейінде сайрап тұр. А.Пушкин ақын ғана емес, бірнеше тілді емін-еркін меңгерген полиглот та болған екен. Осылайша, А.Пушкиннің туғанына 220 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шараға барған көрермен қауым ақынның өзге де қырларын біліп қайтты.
Әлемдік поэзияның белді өкілін еске алуға арналған іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қатысты. Салтанатты іс-шара А.Пушкин атындағы кітапхананың алдындағы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды.
– Биыл Александр Пушкиннің туғанына 220 жыл толып отыр. Бұл – айтулы дата. Бүгінде біздің облыста классик ақын А.Пушкин атындағы кітапхана жұмыс істейді. Онда оқырмандарға қажетті кітаптар мен оқулықтар жетерлік. Мәселен,мұнда облыс әкімдігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Абай әлемі» сериясымен жарық көрген Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Федор Достоевский, Анатолий Иванов және басқа ақын-жазушылардың шығармалары бар, – деді Әсем Нүсіпова.
Салтанатты шараға ӨскемендегіРесей Федерациясы бас консульдығының өкілі қатысып, жиналған қауымға жылы лебізін білдірді. Бұдан соң Дүниежүзі қазақтары қауымдастығыоблыстық филиалының жетекшісі Әскерхан Ақтай сөз алып, ақжарма тілегін жеткізді.
Бұл күні облыстық кітапхананың алдында «Все о Пушкине» атты сұрақ-жауап көрмесі өтті. Сондай-ақ келушілердің назарына «Эксклюзив» фотоклубы мүшелерінің туындылары ұсынылды. Бұдан бөлек, оқушылар арасында әртүрлі ойындар ойнатылды. Жеңімпаздарға сый-құрмет көрсетілді. Студент жастар мен оқушылар ақын жырларын оқыды. Ал түстен кейін аталмыш іс-шараға келушілер «Салон Татьяны Лариной» атты әдеби-музыкалық кешін тамашалап, ақынның өлеңдеріне жазылған әуезді романстарды тыңдап, ерекше әсерге бөленді. Іс-шара «Заңғар» сауда үйінің алдында жалғасын тапты. Кітапхана қызметкерлері осынау кештің мәнді де мағыналы өтуіне қолдау көрсеткен барша қауымға ризашылығын білдірді.
Ажар Сағатбекова