Ақын мерейтойы жоғары деңгейде өтті
Семейде өткен ұлы Абайдың 170 жылдығына арналған маңызды мерекелік шараларға Мемлекеттік хатшы Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА мен облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ, алыс-жақыннан келген шетелдік қонақтар, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, қалың жұртшылық қатысты. Бұл мереке Абайдың өмірі мен өнер жолын, халыққа жасаған қызметін еске алуға мүмкіндік берді. Әуелі жұрт назарына «Абай жұмбағы» деректі фильмі ұсынылып, жаңадан ашылған энциклопедиялық интернет порталдың тұсауы кесілді.
Хакімнің музыкалық әлемі
Ұлы ақынның тойы Семей қаласында ең алдымен арнайы музыкалық кешпен ашылды. Кешке Абай атындағы академиялық опера және балет театрының әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбілов, белгілі абайтанушы Ғарифолла Есім қатысты. Абай атындағы театр сахнасында Абай әндері шырқалды. Оның алғашқы романстары, орыс және шет ел ақындарының өлеңдеріне жазылған әндері, Абайға арналған әр халықтың әндері де төгілді. Шахимардан Әбіловтың айтуынша, ол үшін Абай әндері мен музыкасы маңызды болып табылады. Ол өзінің негізгі міндетін Абай шығармашылығын насихаттау деп біледі. Абай әндері Шахимардан Әбіловтың дауысына арнап жазылғандай. 1982 жылы өзінің алғашқы жеке концертіне дайындалған кезде ол Еркеғали Рахмадиевтің Абай өлеңіне жазған музыкасын репертуарына кіргізген екен. Осыдан кейін Еркеғали Рахмадиев Абай өлеңдеріне өте көп музыка жазған.
– Ән көңілден шығу үшін не істеу керек? – дейді абайтанушы-ғалым Ғарифолла Есім, – бұл жерде сөз әдемі болу керек, ән әдемі болу керек, жақсы тыңдарман және жақсы әнші қажет. Бүгін міне, Абай әндерін осылайша төгілте шырқауға болады. Абай бүгінде әлемдегі музыкатанушылардың жоғары бағасын алып отыр. Абай өзінің алғашқы өлеңдерін шәкірті Көкбайдың атынан таратқан. Кейінірек ол өлеңдерін өз атынан жариялай бастады. Ол шығарған әндерді әйелі Әйгерім орындап, ән бүкіл Тобықты елінен асып, қазақ жерінің түкпір-түкпіріне жетті.
Қанша жыл өтсе де, Абай әндері қазақтың сүйікті әндері болып қала бермек. Шахимардан Әбіловтің шығармашылық кешінде Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Ата-анаға көз қуаныш», «Біреуден біреу артылса», «Бойы бұлғаң», «Қор болды жаным» және «Көзімнің қарасы» әндері орындалды. Абайдың Пушкин, Лермонтов, Гете және тағы басқалардың өлеңдеріне жазған әндерін музыкатанушылар жоғары бағалауда. Сондай әннің бірін Шахимардан Әбіловтің шәкірті, «Астана-Опера» театрының әншісі Жұпар Абдуллина орындады. Музыкалық кештің қорытындысында Абай өлеңдеріне музыка жазған Мұқан Төлебаев, Сыдық Мұхамеджанов, Ахмет Жұбанов, Еркеғали Рахмадиев шығармалары шырқалды. Осылайша «Абай әлемі» деп аталатын Шахимардан Әбіловтің кеші мазмұнды өтті.
Энциклопедиялық интернет порталдың тұсауы кесілді
Шәкерім атындағы мемлекеттік университетінде Абайдың 170 жылдық мерейтойына орай ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Abaialemi.kz» энциклопедиялық онлайн порталының тұсаукесер рәсімі өтті. Мемлекеттік тілді дамыту қоры бұл порталды Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бастамасымен, «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына «Абайдың ұлы жұмбағы» фильмін әзірлепті. Елбасы осы аталған сыйлықтың бір бөлігін әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін қорға берген болатын. Сол жобалардың бірі осы портал болып отыр.
Тұсаукесер рәсіміне қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, түркітанушылар, тарихшы-ғалымдар, Абай шығармаларының аудармашылары және алыс-жақын шетелден келген қонақтар қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар шығармашылық ұжымға сәттілік тіледі.
– Абай – біздің ғана мақтанышымыз емес. Ұлы ойшылды әлемнің көптеген елдерінің әдебиетшілері, ғалымдары, тіл білгірлері ұзақ жылдар бойы зерттеп келеді. Еліміздің мәдени және тарихи орталығы саналатын Семейге түрлі сала, түрлі ұлт, түрлі дін өкілдері келсе де, олардың барлығын бір дүние біріктіріп тұр. Бұл – ұлы ақынның, ойшылдың даралығының тамыры қайдан бастау алатынын зерделеу, – деді Жақсылық Омар.
Осы салтанатты шара барысында ұлы ақынның шығармашылығы мен өмірінде бұған дейін белгісіз болып келген жайттарға арнап Шығыс өңірінің тумасы, мемлекеттік «Дарын» және «Серпер» сыйлықтарының лауреаты Ақберен Елгезек «Tengri Films» кинокомпаниясымен бірге түсірген «Абайдың ұлы жұмбағы» атты жаңа рухани ағартушылық деректі фильмі көрсетілді.
«Abaialemi.kz» онлайн порталында ұлы Абай дәуірі, оның ізбасарлары туралы мәлімет, абайтану еңбектері, замандастарының естеліктері, Абайға арналған шығармалар бар. Порталда түрлі ақпарат көздерінен кітаптар, газет-журналдар, ғылыми басылымдар, деректі фильмдер, фотомұрағаттар орналастырылған.
Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шауеевтің айтуынша, аталған портал жас жеткіншектер, студенттер, абайтанушы-ғалымдар үшін аса қажет. Бұдан қазіргі заман мүмкіншіліктерін пайдалана отырып, әлемнің қай түкпірінен болмасын, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаған тұлға туралы ақпарат алуға болады.
Фильм Абайдың туған жері Жидебайда түсірілген. Онда бірнеше ақсақалдар қазақ үйдің ішінде бас қосып, өзара ақылдасады. Абай Құнанбаевтың өмірінің сан қырлы кезеңдерінен әңгіме қозғайды. Әңгімелері арасында Абай көрініс беріп қалады. Жас Абайдың рөлін Семей қаласындағы №16 мектептің 8-сынып оқушысы Жәнібек Мекежанов сомдайды.
-Абай шығармашылығымен мектепте қазақ тілі, әдебиеті сабағында таныстым, – дейді ол, – Абайдың рөлін сомдау үшін ол туралы көп оқып-білдім. Мені бір таңғалдырғаны – Абай көп оқыған, оқудан жалықпаған. Осы қасиетін мен Абайды сомдағанда әйгілеуге тырыстым.
Сондай-ақ, мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шауеевтің айтуынша, өзге елдерде ақындар мен жазушыларға көптеген сайттар арнайды. Мәселен, бір ғана Пушкин үшін оншақты сайт бар. Ал Абай туралы сайттар бізде жоқ. Барының өзі көбіне өзгеше тақырыпты қозғайды.
Мерейтой Қазан қаласында да өтеді
Бұдан кейін «Абай және әлемдік өркениет» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Конференцияда облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ, қонақтар мен облыс тұрғындарын Абайдың 170 жылдық мерейтойымен құттықтады.
– Абай – қазақтың ғана емес, адамзаттың ақыны. Ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасы, теңдессіз дана ойлары мен шығармалары бүкіләлемдік қазынаға қосылған алтын қор екені талассыз. Заман, уақыт талабына орай Абайды жаңа қырынан тану, ғылыми тұрғыдан тың байламдар жасалуы – заңдылық. Бүгінгі таңда Абайды тану, жас ұрпаққа насихаттау, ақынның асыл мұрасын әр тараптан зерттеп, Абайтану ғылымының керегесін кеңейту тұрғысында игі істер атқарылуда. Абайға арналған бүгінгі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ақын мұрасын жас ұрпаққа үлгі етуді көздейді, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Ғылыми басқосуға алыс және жақын шет елдердің, еліміздің белгілі әдебиеттанушылары, тіл мамандары, Абай шығармаларын аударушылар, ғалымдар, түркологтар, тарихшылар және оқытушылар қатысты. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысының негізгі бағыттарына келсек, Абайдың әдеби мұрасы: тарихы және зерттелуі, Абай және қазақ әдеби тілінің дамуы, Абай дүниетанымының философиялық аспектілері, Абай және тарих: елтаным негіздері, Абай шығармаларын оқытудағы инновациялық технологиялар. Аталмыш конференцияға мұрындық болған Семейдегі Шәкерім атындағы мемлекеттік университеті – еліміздің көп салалы жоғары оқу орындары арасындағы ең іргелі оқу орындарының бірі. Айта кетсек, университетте «Шәкерімтану» ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. Орталықтың ұйымдастыруымен 2012 жылдың сәуір айында «Абай арманы» зиялылар клубы құрылды. Клубтың басты мақсаты – алаштың астанасы болған Семей жерінің бүгінгі рухани-мәдени деңгейін көтеріп, қоғамның өзекті мәселелерін талқылау. Ең бастысы, Абай армандаған ой-идеяларды іске асырып, жастардың санасына рухани жігер құю.
– Абай шығармашылығы, Түркі әлеміне де танымал, – деді Абай өлеңдерін түрік тіліне аударушы Кибар Зафер. – Өз өлеңдері мен қара сөздерінде Абай ел бірлігін ойлап, бейбітшілік пен келісімді насихаттайды.
Ресейдің Қазан қаласынан келген профессор Хатип Миннегуловтың айтуынша, Татарстанда Абай қазақтың емес, татардың ақыны әрі жазушысы саналады екен.
– Абай шығармалары татар оқырманына көзі тірі кезінде-ақ мәшһүр болған, – дейді профессор Хатип Миннегулов: – Оның өлеңдері 20-ғасырдың басында татар газеттері мен журналдарында қазақ тілінде, содан соң татар тілдерінде жариялана бастады. Ақын шығармалары қазан төңкерісіне дейін Қазан қаласында қазақ тілінде жарық көрген.
Хатип Миннегуловтың айтуынша, содан бастап Татарстанның зерттеушілері Абайды татар тіліне аударуды тереңдете бастаған. Содан кейін 1945 жылы Абайдың 100 жылдығына орай оның алғашқы кітабы да жарыққа шығады. Әлі күнге дейін татар елінің Абай мұрасына деген қызығушылығы толастамай отыр.
– Абай шын мәнінде түркі халықтары бірлігінің белгісі, – деді конференцияда Хатип Миннегулов: – Ол бізді достыққа, мәдени қарым-қатынасқа шақырды. Біз бүгінде Абай салған сара жолмен жүріп, Ресей мен Қазақстан арасындағы достық нығайып келеді. Татарстан мен Қазақстанның арасындағы әріптестік байланыс та жалғасын тапты. Экономика, саясат, ғылым, әдебиет арасындағы сабақтастыққа да кеңінен жол ашылды. Енді күз айында Қазанда Абайдың 170 жылдығы кеңінен аталып өтілмек.
Конференция барысында көптеген маңызды мәселелер қозғалды. Мысалы, Шәкерім атындағы мемлекеттік университеттің жоғарғы педагогика мектебінің директоры, профессоры Арап Еспенбетов Абай қандай кітаптарды оқыған екен, соны негізге алу керек, деді.
– Менің ойымша бұл абайтану саласына зор үлес қосар еді,-деді Арап Еспенбетов. – Бірақ біздің әріптестеріміз бұған сенімсіздікпен қарайды. Бірақ сол кітаптар Абайдың ішкі дүниетанымын кеңейтуге мүмкіндік берді емес пе? Абай оқыған кітаптарды зерттеуді 1995 жылы Тұрсын Жұртбай ұсынған еді. Он жылдан соң абайтанушы, профессор Мекемтас Мырзахметов осы тақырыпты қайта қозғады. Мен бүгінде осы мәселені қайта қолға алдым. Енді ғана бастасам да, керемет дүниелерге қол жеткізіп отырмын. Густав Омир дегеннің шығармашылығы ақынның қызығушылығын тудырған, ол онда жазылған дүниелерді бала-немерелеріне үлгі еткен.
Пленарлық мәжіліске қатысқандар Абайдың әлемдік өркениетке қосқан үлесі жайын талдады. Оның шығармаларының мәтіндік құрылымын айтып өтті. Және жастарға беретін тәлім-тәрбиесінің де мол екендігіне тоқталды. Конференцияда Ресей Федерациясының және Татарстан Республикасының еңбек сіңірген ғылыми қызметкері Хатип Миннегулов, Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Мекемтас Мырзахметов, филология ғылымдарының докторы, Отырар ғылыми кітапханасының директоры Тұрсын Жұртбай, Шәкерім атындағы мемлекеттік университеті жоғарғы педагогика мектебінің директоры Арап Еспенбетов сынды белгілі ғалымдар ақын мұрасы жайында арнайы баяндама жасады.
Ұлы ақын тойы Абай театрындағы салтанатты жиынға ұласты. Салтанатты жиында Мемлекеттік хатшы Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ, танымал ақын-жазушылар, ғалымдар баяндама жасап, халықты мерейтоймен құттықтады.
– Абайдың көзқарасының қалыптасуына Ресейдің, Германияның, Еуропаның жазушылар мен философтары игі әсерін тигізген, – деді Мемлекеттік хатшы Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА. – Қазақ халқы, ұлты қандай болу керек десек, ол – Абай бойындағы асыл қасиеттер. Абай айтқандай, халықтар арасындағы достық негізіне қайырымдылық пен адамсүйгіштік жатады. Ол өзгенің де, өз ұлтының да мәртебесін көтере білді. Абай халықты еңбек етуге шақырды. Еңбекпен келген нанның тәтті болатындығын айтты. Ол – адамзаттың ұстазы, қамқор тәрбиешісі, , – деді Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА.
Мемлекеттік хатшының Абай туралы толғамдарын облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жалғастырды:
-Абайдың «Қара сөздері» – нағыз философиялық інжу-маржан. Абай мұрасы бүгінде күллі әлемге танымал. Ақынның шығармалары әлемнің бірнеше тілдеріне аударылған. Ескерткіштері Мәскеуде, Будапештте, Пекинде, Ташкент пен Тегеранда орнатылған. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Абай рухы мәңгілік, ол халықпен мәңгі бірге жасайды» деп айтқан еді. Абай айтты адамзатты бауырым деп сүйсең, бүкіл әлем саған жақын болады деді. Ал адамға жақынынан артық кім бар, – деді облыс әкімі.
Салтанатқа жиналғандар Абай әндерін тыңдады.
Ақын мерейтойы кеше туған жері Абай ауданында жалғасын тапты. Мерейтойға келген қонақтар ең әуелі ақын зиратының басына барып құран бағыштап, Жидебай – Бөрілі қорығын аралап, Қарауылда қазақ күресінен өткен ел чемпионатын, жорға жарысын тамашалады.
Сонымен қатар, бұл күні Қарауыл ауылындағы Мәдениет үйінде «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» атты республикалық ақындар айтысы өтіп, жұртшылық Қарауылтөбеде аламан бәйге мен «Абай тойының бас балуаны» сайысына куә болды.
(Абай ауданында өткен ақын мерейтойы туралы мақаланы газетіміздің келесі нөмірінен оқи аласыздар).
Раушан Нұғманбекова
Семей.