Қоғам

Ақын атындағы мешіттің қабырғасы неге көгеріп тұр

Ақын атындағы мешіттің қабырғасы неге көгеріп тұр

Елу мыңнан астам халықтың 20 пайызына жетер-жетпес қазағы бар Зырянда мұсылман мешіті бар екен дегенге әуелде сенбегенбіз. Қайсыбір елді мекендердегі ескі клуб немесе соған ұқсас бұрыннан бар құрылыс нысанына болар-болмас өзгертулер енгізіп, бір-екі мұнара көтеріп, «Мен мешіт салдым!» деп жаһанға жар сап жүретін ұсақ кәсіпкердің талайын көргенбіз. Бұл да сондайлардың өз-өзін жарнамалап жүрген іс-әрекеті болар деп ойлағанбыз. Қателескен екенбіз...
Бұл мешітті салушы жергілікті әкімдіктен де, сол жердегі мұсылман қауымынан да қол жайып, көмек сұрамай-ақ, іргетасынан бастап, шағын ғана көрікті ғибадат үйін өз қаражатына тұрғызыпты. Бізді елең еткізгені – мешіттің өз заманында шырайлы жырларымен Шығыс жұртының құрметіне бөленген Ақтан ақынның атымен аталуы.
Сұрастырып білсек, 2004 жылы ақынның ұлы, елге танымал кәсіпкер Ержан Нұрбаев жергілікті биліктің рұқсатымен жер телімін алып тұрып, бүгінгі күні Зыряндағы мұсылман қауымы мінәжат етіп жүрген осы мешіттің құрылысын бастапты. Ал оған дейін ислам дінін құрметтеуші азғана топ мұсылмандық парыздарын осындағы көпқабатты үйлердің біріндегі жалға алған пәтерде өтеп келсе керек. Әке көрген, жақсы әкенің тәлімі мен тәрбиесін көрген ұлдың игі бастамасына сол жердегі өзге кәсіпкер азаматтар қарап қалмайды. Көп ұзамай олар да Ержанның қасынан табыла біледі. Осылайша, зыряндық бауырлардың жұмыла көтерген жүктері жеңілдеп, көп ұзамай мешіттің құрылысы да сәтімен аяқталып, ел игілігіне ұсынылады.
– Мирас Көкебаев – ғибадатхана жұмыс істеген бірінші күннен бастап осы мешіттің бас имамы. Өзі бірер күнге іссапармен Алматыға кеткен еді, – деп мән-жайға қысқаша қанықтырған жас жігіт осында көмекші молла екендігін айтып, есімім Жасұлан деп таныстырды. – Былайғы жұрт «зыряндықтардың бәрі орыс боп кеткен» деген бір ұғым ұялатып алған санасына. Шындығында, олай емес. Мұндағы халықтың, оның ішінде жастардың мұсылманшылығы, ислам дініне деген құрметтері ерекше атап өтуге тұрарлық. Әсіресе, Ораза айы мен Айт мерекелері, сондай-ақ, жұма күндері мешітке ғибадат етушілер, жұма намазына келушілер кезектесіп кіруге мәжбүр боп жатады. Мешітте намаз оқитын екі үлкен бөлме болса, үстіңгі қабатта арнайы әйел адамдардың намаз оқитын орындары қарастырылған. Кіреберіс кең бөлмеде мүмкіндігімізге қарай қатым да түсіріліп тұрады. Жалпы, мұсылманшылыққа ден қойып, намазға ниет еткендер саны жыл өткен сайын артып келе жатқаны қуантады. Болашақта қосымша құрылыс салып қатымхананы бөлек шығарып алсақ деген ойымыз бар.
Мешіттің ең басты мәселесі – жылу жүйесі. Осы уақытқа дейін ғимаратты айына 150-160 мың теңге төлеп электр тогымен жылытып келген екен. Соңғы бірер жылда өз күштерімен пеш салып, көмірмен жылыта бастапты. Алайда, ол пеш ғимаратты толық жылыта алмағандықтан, қыс мезгілінде ішкі қабырғалары дымданып, тіпті кей жерлері көгеріп те кетіпті. – Осыған дейінгі бас ауруымыз төбе мәселесі болатын. Өздеріңіз білесіздер бұл жақта қар қалың жауады, қысы қатал дегендей. Күн жылынғанда, төбеден су ағып, біраз әуреге салған. Негізінен, бұл мешіттің жобасы оңтүстік өңірлерге бейімделген. Жазда салқын болғанымен, қыста ішін суық алып кетеді. Мынау жылу батареяларын бертін орнаттық. Егер жылуды күндіз-түні үзбей беріп тұрса, мұндай мәселе болмас еді. Өкінішке қарай, ондай мүмкіндігіміз жоқ. Ал электр энергиясы уақыт өткен сайын қымбаттап барады. Күндіз-түні от жағу да оңай шаруа емес, айына екі тоннаға дейін көмір жағамыз, – дейді көмекші молла.

Ақын атындағы мешіттің қабырғасы неге көгеріп тұр

Жалпы, Зырян ауданы бойынша үш мешіт қана болса, оның екеуі Жаңа Бұқтырма мен Серебрянск қаласында. Бір қызығы, 2004 жылдан бері жылудан жапа шегіп отырған мұсылман мешітінің дәл іргесінде орталық жылу жүйесінен жылу алатын көпқабатты бір емес, бірнеше үй тұр. Бірақ, ол үйлерден жылу тарту қыруар қаржыны қажет ететіндігі өз алдына, сол үйдің тұрғындары мешітке жылу берілуіне ықылас білдіргендері былай тұрсын, осы күнге дейін таңертеңгілік шақырылатын азанға наразылық білдіруден танбай келе жатқан көрінеді. Солардың арыз-шағымын ескерген әкімшілік қызметкерлері азан шақырылатын дыбыс ұлғайтқыштың дауысын әжептәуір бәсеңдеттіріп тастапты. Бұған күлеміз бе, жылаймыз ба?..
Мешіттің қазіргі от жағатын жерін де көрдік. Өте қолайсыз. Отын салатын пештің аузы адам бойындай биіктікте. Не еркін кіріп шығарлық артық-ауыз орын жоқ. Әйтеуір жоқтан бар жасап, долбарлай салған бірдеңе. Ауданның бұрынғы әкімі Е.Сәлімов кезінде мұсылман жамағаттың өтінішін ескеріп, көмек қолын созуға уәде берген екен. Алайда, ол кісі қызметінің ауысуына байланысты берген уәдесін орындап үлгермегген секілді.
– Ендігі жұрттың бар үміті бүгінгі аудан басшысы А.Кәрімовте, – дейді мешіт қызметкерлері.
Біз барған уақыт қара күз болатын. Мақала жазылып жатқанда, Зыряндағы мешіттің бас имамы Мирас Көкебаевқа хабарласып, қысты қалай өткеріп жатқандарын, болашақта жылу мәселесін қалай шешпек ойлары барын сұрап білгенбіз. Жақында әкімдіктегілер «2016 жылы мешітке жақын жерден бой көтерген «Эдельвейс» мейрамханасына жылу жүйесі тартылатындығын, сол кезде бар мүмкіндікті пайдаланып, Ақтан ақын атындағы мешітке де жылу жүйесін тартуды қарастырып жатырмыз» деген жағымды жауап қайтарыпты.
Зырянда былтырдан бері Семейден келіп, қаланың жылу жүйелерін алмастырумен айналысып жүрген бригада бар көрінеді. Мирас солардың бригадирі Архатпен әңгімелесіп, жағдайды қысқаша баяндап берген екен. Екі сөзге келмеген азамат: – Әкімшілік жылу жүйесіне қай жерден қосылуға рұқсат берген күні, сол жерден жылуды өз есебімізден қосып береміз. Бұл – біздің дінімізге, мұсылман бауырларымызға деген қайырымдылық көмегіміз, – деп уәде беріпті.
Р.S. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» демей ме. Он екі жылдан бері шешімін таппай келген мұсылман қауымының осы бір бас ауруын аудан әкімі Айбек Кәрімов назарында ұстап, мәселенің оң шешілуіне ықпал етсе, жергілікті жұрт: «Бітер істің басына дөп келген азаматымыз!» деп баға берері сөзсіз. Ал алдағы қыстың қалай боларын дәл бүгін ешкім болжап бере алмайды…

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button