Ақын алпыс жылдығын Алтайда атап өтті

Өскемендегі Пушкин атындағы облыстық кітапханада халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Мәдениет қайраткері, жерлесіміз Әділғазы Қайырбековпен кездесу өтті.
Кездесу аясында ақынның 60 жылдық мерейтойына орай жарық көрген он томдығының тұсауы кесілді. Кешке Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, ақын Нұржан Қуантайұлы, жазушы Мүсілім Құмарбекұлы бастаған жергілікті ақын-жазушылар мен ақынын ардақтаған оқырмандар қатысты.
– Менің он томдығым жарық көргенде үзеңгілес жүрген кейбір қаламдас достарым «Сонда біз не тындырдық?» деп таңғалғаны шындық. Мен жазған-сызған дүниелерімнің барлығын жиып жүрдім. Оның үстіне баспасөзде жүргенімде жазған дүниелерімнің көбі руханият саласына қатысты болды. Кітап шығарғанда сол кездегі мақалаларымды, эсселерімді, сұхбаттарымды іріктеп кіргіздім. Аздап әңгімелер де жазып жүретінмін, – деп ағынан жарылған кеш иесі өзінің шығармашылық қырларын оқырманға бүкпесіз жеткізді.
Шығыстағы қаламгер қауым атынан құттықтаған Нұржан Қуантайұлы мерейтой иесімен ұзақ жылдан бері таныстығын айта келіп, Әділғазы Қайырбековтың шығармашылығын, әдеби ортадағы орнын әдемі ашып берді. Сөзінің соңында ақынға шапан жауып, алтын қалам сыйға тартты. Бұдан кейін студенттік кездері жайында әсерлі әңгіме өрбіткен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Райысова ақынның жырларын жатқа оқыды. Ақын Мәуітқазы Зүкенов кеш иесіне ақ батасын арнады.
Шығыс өңірінде туса да, ғұмырының көп бөлігі Алматыда өткен ақынды оқырмандардың біразы танымауы да мүмкін. Әділғазы Қайырбеков Тарбағатай ауданы Қожагелді ауылының тумасы. Еңбек жолын 1978 жылы Сәбит Мұқановтың әдеби-мемориалдық мұражайынан бастаған. Қазақ телевизиясының Жастар редакциясында редактор, «Жас алаш» газетінде руханият бөлімінің меңгерушісі, «Қазақ елі» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Шалқар» қосымшасының редакторы болып қызмет атқарған. 2000 жылдан бері С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражайының директоры болып жұмыс істеп келеді.
Кездесу барысында оқырмандар тарапынан сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар берілді. Ақын ұлттық рухы аңқыған отты жырларын оқырманға ұсынды. Кітапхана қызметкерлері кеш барысында «Ән ғұмырға ғашық ақын» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрме ақынның әр жылдардағы шығармашылығынан сыр шертеді. Туған топырағындағы бас қалаға келіп, өздерімен сырласқан ақынды ортаға алған оқырмандар естелік суретке түсті.
Мұратхан Кенжеханұлы