Ақын Абаштың айтқандары
Белгілі айтыс ақыны, көрнекті өнерпаз Абаш Кәкеновті танымайтын жан аз шығар, сірә! Тарбағатайдың талантты түлегін күллі қазақ біледі десек те артық айтқандық болмайды. Сол «шаршы бойлы шайырымыз» бүгін алпыс жасқа толып отыр. Әріптес досымды мерейтойымен құттықтай отырып, ол туралы жадымда жүрген жайлардан біраз естелік жазғанды жөн көрдім.
Облысымыздың мақтанышы болған белгілі композитор Оралхан Көшеровтің күнделікті өмірде аңғалдау әрі көңілшек жан болғанын онымен жақын араласқан адамдар жақсы біледі. Сол Оралхан 1995 жылы қатты сырқаттанып, облыстық ауруханаға түседі. Онда оған күрделі операция жасалып, соңынан екі жарым ай жатып емделуге тура келген екен. Осы уақытта өскемендік достары күн құрғатпай барып, ас-суларын тасып, дәрі-дәрмегін жеткізіп беріп, бәйек болып күтеді. Олардың ыстық ықыласына риза болған сазгердің кейінірек «Достарға» атты ән шығарғанын жұрт біледі.
Міне, сол уақытта Оралханның жақын араласып жүрген досы Абаш Кәкенов Өскеменде бірнеше мәрте болғанымен, ауруханаға соқпаған екен. Ал оның қалаға келгенін Оралхан естіп жатады.
Екеуі кейінірек қала көшелерінің бірінде кездесіп қалған екен. Өз мінін білетін Абаш жалпылдап Орекеңді таяу маңдағы дәмханаға шақырады. Кіріп, үстелге жайғасқан соң, Абаш тамаққа, ішімдікке тапсырыс береді.
– Иә, Ореке, – деп сөз бастайды Абаш, – денсаулық қалай, түзелді ме?«Достарға» әнің жақсы шығыпты, риза болып жатырмыз…
– Сен риза болмай-ақ қой, – деп дүңк ете түседі ренішті Оралхан. – Оның ішінде сен жоқсың!
– Қалай жоқпын, мен де сенің досың емеспін бе?
– Досым болсаң, мен ауырып жатқанда неге келмедің? – деп нығарлай түседі Оралхан. Сәл абыржып, желкесін қасып қалған Абаш бір кезде:
– Ореке, – деген екен. – Амандық болса, тағы ауырасың ғой. Сонда келемін!
Мынадай бетсіз жауаптан тосылып қалған Оралхан:
– Әй, сен итке дауа жоқ! Жарайды, жарайды, – деп күле берген екен.
* * *
Абаш екеуіміз 1990 жылы Гурьев қаласында (Атырау) Махамбет жүлдесі үшін өткен «Жыр-семсер» атты республикалық айтысқа барған болатынбыз. Қонақүйге орналасқан соң, шай ішпесе басы ауыратын Абаштың мазасы кете бастады. Кезекшілікте көзі тұздай, сары шашты неміс қызы отырған еді, орысшасы шамалы Абаш әлгіге жақындап барып:
– Дебышка, шай надо, шай надо, – дей берді. Анау оның бетіне аңтарыла қарап біраз отырды да:
– Адыра қалғыр-ау, қазақша айтсаңшы, – демесі бар ма. Содан екеуі танысып (келіншектің аты Наташа болып шықты), Әбекең кеткенше соның қолынан шай ішіп жүрді.
Қайтатын күн де жетіп, шамаданымызды арқалап дәлізге шықсақ, кезекшілікте сол баяғы Наташа отыр екен. Мен Абашқа қарап:
– Ал, Әбеке, бірер күн болса да осы кісінің шайын іштің ғой, кетерде бата берсеңші, – деп қағыттым. Абаш ойланған жоқ, маңайда тұрған жұртқа тегіс қол жайғызды да, төге жөнелді:
– Айналайын Наташа,
Бата бердім өзіңе,
Көпті көрген аташа.
Аузы соның қисайсын,
Кім «жаман» деп атаса.
Екеуімізді, шіркін-ай,
Бір арқанмен матаса,
Жатар едік шатаса!
Мынадай «тұқымы бөлек» батаны естіген жұрттың мәз болып, күлкіге кенеліп қалғаны әлі есімде.
* * *
Қасында ақын Айтақын Бұлғақов, аягөздік әнші Аятбек Ақтеміров бар Абаш бірде сыраханадан шығып, сол кезде жаңадан ашылып жатқан «платный туалетке» кірген екен. Ана екеуі кезекші әйелге он теңгеден тастайды, ал Абаш ештеңе ұсына қоймаса керек. Кезекші:
– А вы? – деп шақшиғанда, сасып қалған Әбекең:
– Избените, у меня проездной! – деген екен.
Тағы бірде Алтынжанмен қол ұстасып трамвайға кірген Абаштың жанына кондуктор орыс қызы жетіп келсе керек. Әбекең оған мың теңге ұсынады. «Вам сколько?» – деп сұрайды анау. Сонда Абаш қызға мығымси қарап:
– Дыба белет, – деген екен. – Один мужской, один женской!
* * *
Абаштың еш жерде тиянақтап жұмыс істемегенін араласқан жұрт жақсы біледі. Өз басым, тіпті, оның еңбек кітапшасының барлығына да күмәндімін. Дегенмен, ол құдай берген өнерінің арқасында бала-шағасын ел қатарлы асырап келеді.
Бір күні Абаштың бәйбішесі Алтынжан үйде отырса, телефон маза бермей шырылдаған екен. Құлағын көтерсе, ар жағынан бір нәзік дауыс:
– Абаш аға бар ма? – деп сұрайды.
– Сен кімсің? – дейді Алтынжан.
– Мен Абаш ағаның бір қызметтесі едім…
– Шырағым, – деген екен сонда Алтынжан, – мен Абашқа тигелі отыз жыл болды. Бірақ ол кісінің бір жерде қызмет істегенін естімеппін. Сен қай жерде қызметтес болып жүрсің?
Анау үндемей телефонды қоя салған екен.
* * *
Сонау жастау кезінде Абашқа жақын апайларының бірі телефон соғып, «әйелің босанды» деп сүйінші сұрапты. Әлде ойға шомып, әлде бір нәрсеге көңілі алаң болып отырды ма, Абаш оның өзіне «қайсы?» деп сұрақ қойған екен. Ана кісі аңтарылып қалады:
– Көкшешек-ау, қайсың не? Алтынжанды айтамын.
– Е, құдай-ай, – деген екен сонда Абаш. – Ол жылда туады.
Жинақтаған – Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.