Аймағымызда селден келер қауіп бар ма?
Айтып келмес апаттың алдын алғаннан басқа амал жоқ. Тілсіз жаудың бірі су екені және белгілі. Жазда ғана Алматы қаласының Наурызбай ауданын әбігерге салған селден кейін жер-жерде сақтық шаралары күшейтіліп, селден қауіп келер тұстардың бәрі бақылауға алынды. Ал біздің облыста мұздықтар мен толассыз жаңбырдан төнер қауіп бар ма? Бұл сұрақты табиғи ресуРстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қойған едік.
Жалпы, селдің топан судан айырмашылығы өзімен бірге батпақ пен тау кесектерін ілестіре жүретінінде. Сондықтан көлемі топан судан аз болса да, әкелер шығыны орасан болады. Шіліңгір шілдеде Алматы жұртын бір дүрліктірген сел де тұтас бір ауданды батпақтың ортасында қалдырғанын БАҚ біткен жарыса талдады. Мамандар селдің себебін мұздықтардың күрт еруіне толассыз жауынның дөп келуімен түсіндірді. Қарғалы өзенінің арнасын бұзған батпақты тасқын жол-жөнекей Қарағайлы, Каменка ауылдары мен Наурызбай ауданын әбігерге салып, 200-ден астам адам жан сауғалап, 400-ден астам құрылыс бүлінген болатын. Абырой болғанда Қарғалы су бөгені тасқынның негізгі бөлігін бөгеп қалған. Кейін келе бұл тосын оқиғаға тау өзенінің бойындағы орманның бейберекет оталуы да түрткі болғаны мәлім болды. Ағаш тамыры жердің беткі қабатын ыдыратпай ұстайтын тордың қызметін атқарса, діңі тұтасқан селді ұсақ арналарға бөлшектейтінін алматылық орман қорғаушылар бір сәт естен шығарса керек. Біздің облыста да Қарғалы сияқты арнасы тар, ұзындығы 20-25 шақырымнан аспайтын шолақ өзендер жетерлік. Селдің көбі осындай шолақ өзендерден бастау алатынын ескерсек, біздің де ұзын арқан, кең тұсауға салар жөніміз жоқ.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Виталий Чернецкийдің айтуынша біздің облыстың да таулы аймақтарында сел қаупі жоқ емес. Сондықтан көктем мен қыста ғана сақтық танытып, жаз бен күзде алаңсыз отыруға әсте болмайды. Әсіресе, Катонқарағай және Күршім аудандарының аумағы сел қаупі басым аймақтар болып саналады. Атап айтар болсақ, Катонқарағай ауданының Свинчатка, Жаңаүлгі, Берел ауылдары, «Үлкен Нарын-Рахман қайнары» автожолының бойы селге көп ұшырайды. Ал Күршім ауданы бойынша Маралды ауылы мен Күршім өзенінің салаларында селдің туындау қаупі бар. Зайсан, Зырян, Үржар, Тарбағатай аудандары мен Риддер қаласының тұрғындарына да селден сақтану ешқашан артықтық етпейтінін айтады мамандар.
– Шығыс Қазақстанда Ертіс және Балқаш-Алакөл су бассейндері сел қаупі жоғары учаскелерге жатады. Ертістің Бұқтырма, Ақсу, Колмачиха, Өрел, Громотуха, Сарымсақты, Тұрғысын, Хамир, Мойылды, Сұмшат, Кендірлік өзендері сел туғызуға бейім келеді. Ал Үржар ауданындағы барлық өзендерден сел қаупін күтуге болады. Облыс бойынша тіркелетін селдердің 75 пайызы апталап жауатын жауындардан пайда болады, – дейді В.Чернецкий.
Біздің өңірдің тағы бір ерекшелігі, сел тасқынын жылдың кез келген мезгілінен күтуге болады. Жауынды күнді былай қойып, күн шақырайып тұрған шақта да сел жетіп келуі мүмкін. Жазғы жауыннан бөлек биікте қалған қардың қоры да үнемі назарда болуы қажет. Көпшілігіміз ойлағандай емес, шелектеп құйған нөсерлі жаңбырға қарағанда сібірлеп жауған ақ жауын әлдеқайда қауіпті көрінеді. Апталап жауған жаңбыр жердің беткі қабатын қозғап, оған жолындағы тастар ілеседі. Мұның салдары кем дегенде өзен арнасын бұзып, жолдар мен көпірлерді алуы мүмкін.
Жер бетінде сел апаты сейсмикалық, вулкандық және тасты-батпақты деп үшке бөлінеді. Алматы облысынан біздің облыстың бір ерекшелігі, жер сілкінісінен туындайтын сел қаупі жоқтың қасы. Ал қарқыны мен қаупі жөнінен Шығыс Қазақстанда орташа және әлсіз селдер жүруі ықтимал. Тау жыныстарының етекке шөгуіне орай орташа селдер 2-3 жыл сайын қайталанса, әлсіз селдер жыл сайын жүреді.
Виталий Чернецкийдің айтуынша, біздің облыста соңғы рет сел 2014 жылы Катонқарағай ауданында тіркелген екен. Апат салдарынан ұсақ өзендердің арнасы шайылып, Катонқарағай аулының жазық жерлеріне батпақ жайылған. Ең бастысы, бұл апат айтарлықтай шығын әкелмеген. Бар болғаны өткелдер мен су құбырлары бітеліп қалған.
Сақтансаң, сақтайды
Жоғарыда аталған жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, тиісті қызмет өкілдері сел қаупін төмендету және оның салдарын азайту жолында ұдайы жұмыс жүргізуде. Төтенше жағдайларды жою және халыққа ескерту комиссиясының кезекті отырысында тиісті қызметтердің алдындағы міндеттері тағы бір мәрте айқындалды. Облысымызда қандай да бір тосын оқиға туралы елді құлақтандырудың жүйесі жолға қойылған. Қауіпті аймақтарға тұрақты мониторинг жүргізіліп, өзендердің жағдайы үнемі бақылауда тұр. Ендігі кезекте халыққа сел тасқыны бола қалған жағдайда не істеу керектігі жан-жақты түсіндірілмек.
Дәл қазір қандай да бір тосын жағдайға халықтың өздігінен бірлесіп қарсы тұруға шамасы келмей отыр. Ең бірінші әрекетті мемлекеттік орындардан талап ететіні де жасырын емес. Сел қаупі жоғары елді мекендердің тұрғындары ең әуелі ескертпелер мен тиісті органдардың нұсқауына құлақ аса білуі керек. Тосын оқиға барысында көршілерді де ескертудің маңызы зор. Кез келген құрылысты бастамас бұрын жобаның талапқа сай екеніне көз жеткізген жөн. Өйтпеген жағдайда білермендіктің салдарынан табиғаттан жапа шегуіңіз мүмкін.
– Өз бетімен тұрғызған құрылыстар табиғи апат салдарынан құлап немесе бүлінсе, оның шығынын мемлекет өтемейді. Халыққа осыны білу керек. Су арнасының маңайына құрылыс тұрғызу ережеге жат екенін кез келгеніміз білеміз. Уақытша құрылыстар, тұрмыстық қосалқы ғимараттармен қоса заңсыз салынған жылжымайтын мүліктерді су шайып кеткен жағдайда мемлекет өтеуіне кірмейді. Жоғарыда сел қаупі бар аймақтар ретінде аталған аудандардың тұрғындарына кез келген аумақта құрылыс жүргізбес бұрын жан-жақты кеңестер алған абзал, – дейді басқарма өкілі.
«Қазселденқорғау» мекемесі қар мен жаңбырға қатысты апаттарды болжап қана қоймай, қауіпті орындар туралы ақпарат түзіп, тиісті орындарға ескертіп отырады. Ал селге ұшырау тәуекелі жоғары учаскелерде құрылыстың бой көтермеуіне бірінші кезекте жергілікті әкімдер жауапты.
Қапыда қалмас үшін не істеу керек?
Әдетте сел тасқыны қай жерден шығатыны белгілі. Тауға шығар алдында, әсіресе, мол жауған жаңбырдан соң өзіңіздің қозғалыс бағытыңыздағы бұл жерлерді зерделеп, олардан аулақ жүріңіз. Тап болған сел тасқынынан аман қалу мүмкін еместігі әрқашанда есіңізде болсын. Сел тасқынынан тек қашып құтылуға болады. Күні бұрын көшу кезінде, үйді қалдырар алдында электр, газ және суқұбырын өшіріңіз. Есік, терезе мен желдеткіш тесіктерді тығыз жабыңыз. Сел қаупі бар аудандарда селге қарсы тосқауылдар мен бөгеттер орнатылып, суасты каналдары жабдықталады, ағаштар отырғызу арқылы беткейлердегі топырақты бекітіп, тау өзендерінің деңгейін төмендетеді, қадағалау жүргізіліп, құлақтандыру жүйесі ұйымдастырылады және көшіру жоспарланады.
Қандай әрекет қауіпсіз?
Жақындап келе жатқан сел тасқынын ести салысымен, дереу ойпат жерден 50-100 метрден кем емес жоғары жерге көтерілу керек. Сонымен қатар, гүрілдеген тасқыннан үлкен қашықтыққа өмірге қауіпті ауыр салмақты тастар ұшуы мүмкін екенін есте сақтау керек. Селді көрген бойда өзіңізді және маңайыңыздағыларды құтқаруды ғана ойлау керек. Тұрғындардың әлеуметтік желілердегі белсенділігі артқаны соншалық, тікелей міндетіне кірмесе де кез келген тосын оқиғаны бейнекамераға түсіріп, жылдам хабар беруге тырысып жатады. Табиғи апат кезінде мұндай әрекеттің соңы өлім әкелуі мүмкін. Заманауи тілмен айтқанда «селдің фонында селфи жасауға» болмайды.
Есімжан Нақтыбайұлы
Материал облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысымен әзірленді.