Қоғам

Аймағымыз экспорттық әлеуетін арттырмақ

Аймағымыз экспорттық әлеуетін арттырмақ


Елбасының Жолдауда айтқан тапсырмаларының бірі – елдегі шағын және орта бизнесті одан әрі қолдап, дамытуға дем бермек. Президент айтқандай, бизнесті ішкі нарық үшін ғана емес, шетел экспортын арттыруға да бағыттауымыз керек. Жолдауда отандық өнімдер экспортын 2,5 есе арттыру мақсаты қойылып отыр. Мал шаруашылығының да қарқынды дами алмай отыруы экспортқа шығаратын мал өнімдерінің аздығында болып келеді. Бүгінгі күні Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Үкіметпен мал шаруашылығы өнімдерін Қытайға, Ресейге, Иранға, Араб әмірліктеріне кедергісіз шығарудың тетігі жасалды, Кедендік Одақтың да шетке өнім шығаруға септігі мол.

Біздің облыс соңғы он жылда биыл алғаш рет Өзбекстанға 905 бас ірі қара малын экспорттады. Алдағы уақытта тағы да 1200 бас шығаруға карантиндік шаралар жүргізіп жатырмыз. Мал бордақылау алаңдары ашылғаннан бастап Өзбекстаннан бізге де кәсіпкерлер келе бастады. Мал өнімдері көп болғанымен оны экспорттау үшін белгілі бір стандартты технология, инфрақұрылымдық жүйе, сапалық белгі қажет екенін алдымен түсінуіміз, ескеруіміз керек. Осы орайда облыста мал бордақылау алаңын ашу мәселесіне үлкен көңіл бөлініп отыр. Биыл облыста ірілі-ұсақты мал бордақылау алаңдарының саны 30 400-ге жетті. Келер жылы Аягөз ауданында ет комбинаты салынады. Қазір су, жарық, басқа да инфрақұрылымдары толық тартылды. Одан соң ирандық «Агропортал» компаниясы Семейде де ет комбинатын салуға кіріседі.

Облыс әкімі шетке, Қытайға экспорттық өнім шығаруда техникалық кедергіні жою жөнінде үнемі айтып, тапсырып келеді. Бізге жуықта мемлекеттік бюджеттен 1 млрд. теңге грант бөлініп, ол қаржыға құрылысы аяқталып біткен сертификаттау зертханасына құрал-жабдықтар сатып алғалы отырмыз. Қытайлықтар жабдықтарды жыл соңына дейін жеткізіп, іске қосып бермек, зертхана жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Біздің осы мал бордақылау алаңдарында бордақыланған ірі қара ет комбинаттарында өңделіп, осы зертханада қытайлық стандарт бойынша сертификатталып, дайын қытайлық құжатпен Қытайға экспортқа шығарылмақ.

Асқар Жақыпбаев,
облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы

Осы айдарда

Back to top button