Аймақтық жарыс өтті
Облыс Әкімінің жүлдесіне арналған XVI Халықтық спорт ойындары шеңберінде волейболдан әйелдер командаларының арасында аймақтық жарыс өтті.
Оған аудандардан келген 14 команда қатысты. Аталмыш жарысқа ұйымдар мен мекеме қызметкерлері, ауылдық округ тұрғындары белсенділік танытып, командаларға жанкүйер болуда. Аудан әкімі Қ.Байғонысовтың құттықтау сөзімен салтанатты түрде ашылған жарыс үш күнге созылып, жоғары дәрежеде өткізілді. Сәуірдің 16–19 күндері аралығында өткен кездесулер қызықты әрі тартымды жалғасып, ойын соңында Зайсан, Шемонайха, Бесқарағай, Тарбағатай, Жарма, Ұлан аудандарының командалары облыс орталығында өтетін облыс Әкімінің жүлдесіне арналған халықтық спорт ойындарына жолдама алды.
Жалпы, Бесқарағай ауданы соңғы жылдарда спортқа көбірек көңіл бөлуде. Жаңадан спорт кешендері салынып, спорттық жабдықтар жаңартылуда. Сонымен қатар ауданда футболға деген ерекше талпыныс байқалады. Ауданда салауатты өмір салтын әспеттеу жұмыстары үлкен жолға қойылған.