Аймақтың дидарына айналған басылым
Құттықтау
Құрметті «Дидар» газетінің ұжымы!
Мемлекетіміздің сарабдал саясатын ұдайы насихаттап, жағымды жаңалықтардың жаршысы болған аймақтағы аға басылым – «Дидар» газеті биыл 85 жасқа толып отыр. Кезінде «Жұмысшы», «Социалистік Алтай», «Алтай большевигі», «Коммунизм туы» деген атпен жарияланып, егемендікпен еркін тыныстаған шақта да «Дидардың» бетінде ұлтымыздың биік мұрат-мақсаттарымен қатар, жас мемлекетіміздің экономикалық жаңаруы мен әлеуметтік жаңғыруы, зайырлы һәм демократиялық қоғамдағы оң өзгерістер ұдайы жарық көруде.
85 жылдық тарихында өңір журналистикасының ұстаханасына айналған басылымнан белгілі академик Шериаздан Елеукенов, ғылым докторы Жұмағали Ысмағұлов, сондай-ақ, қарасөздің хас шеберлері Оралхан Бөкей, Ұлықбек Есдәулетов, Дидахмет Әшімханов, Мүсілім Құмарбеков, Кеңес Юсупов сынды көптеген қаламгерлер қанатын қатайтқан.
Осындай біртуар тұлғалардың тұсауын кескен облыстық газеттің республикалық байқауларда жеңімпаз атанған кездері аз емес. 2006 жылы Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын Жұлдызын» иеленсе, 2007 жылы Президент Грантына қол жеткізуі – соның дәлелі.
Тәуелсіз еліміздің дамуына сай жаңаша сипат пен мазмұнға ие болып, аймақтың дидарына айналған басылымның 85 жылдық мерейтойы құтты болсын. Редакция ұжымына еңбекте шығармашылық табыс, отбасында бақыт-береке тілейміз!
Даниал АХМЕТОВ,
Шығыс Қазақстан облысының әкімі
Владимир ГОЛОВАТЮК,
Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы