Қоғам

Аймақтың даму бағыты айқын

Аймақтың даму бағыты айқын


Кеше Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде облыс әкімі Даниал Ахметов баспасөз мәслихатын өткізді. Онда аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып, Шығыс Қазақстандағы экономикалық және рухани жаңғыру міндеттерінің іске асырылу барысына тоқталды, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Даниал Ахметов аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауының, сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асу барысы бойынша толық айтып өтті.

– Биыл жыл басынан бері Шығыс Қазақстан экономикасының ішкі аймақтық өнімі 102%-ға өсті. Соның ішінде ауыл шаруашылығындағы ішкі өнім 102%-ға, құрылыс саласында 108%-ға ұлғайған. 234 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтеріп, қолданысқа берілді. Бұл ретте көрсеткіш деңгейінің 104%-ға еселенгенін атап өткен орынды. Ал негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 107%-ға өсті, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының айтуынша, облыста 28 миллиардтеңге бюджеті бар, қатарына 61 жоба кірген бес жылдық «Рухани жаңғыру» кешенді аймақтық бағдарлама құрастырылды. «Көне қазыналар» жобасы бойынша Катонқарағай ауданындағы Берел, Зайсан ауданындағы Шілікті қорғандары, Ұлан ауданындағы Абылайкит қорғаны, Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы, Абай ауданындағы Қырықүңгір ескерткіші қатарлы бес археологиялық-зерттеу жұмысы зерттелінді.

Сондай-ақ өңірдің тарихи-мәдени мұрасын, танымдық туризмін дамытуға бағытталған «Шығыс Қазақстанның маржаны» атты аймақтық жоба жақын арада көпшілікке жол тартпақшы. Бұл жобаны жүзеге асыру аясында Шығыс Қазақстанның киелі жерлерінің картасы жасалған. Осының ішінде облыстың 10 нысаны республикалық сараптау комиссиясының қарауынан кейін «Қазақстанның киелі жерлері» тізіміне енгізілген. Сонымен қатар, мұражай, кітапхана, мұрағат қорларын цифрлы форматқа ауыстыру бойынша жұмыстар басталған.

Ата-бабамыздан қалған дәстүрлі дүниетанымды насихаттау, тарихи сананы қайта жаңғырту мақсатында, «Рухани білім беру» жобасы аясында Семей қаласында 100 орынға шақталған шығысқазақстандық дінтану колледжі құрылмақшы.Бұдан бөлек, «Туған жер» бағдарламасына 21 миллиардтеңгеден астам қаражат жиналған.

Камила Рашид журналист;

– Семейдегі Ядролық медицина орталығының мәселесі шешімін таба ма?

–Ядролық медицина орталығына орнатылған жобалық емес қондырғылардың барлығына да демонтаж жасалады. Біз отандастарымыздың денсаулығына қауіп төндіруге жол бере алмаймыз. Қазіргі кезде күрделі заңгерлік мәселелер жағдайында тұрмыз. Жеті тәуелсіз комиссия тура осындай шешімге келсе де, қондырғылардың жобалық емес екендігіне сотты сендіре алмадық. Сонымен қатар, бас мердігердің радиоактивті қондырғылармен жұмыс істеуге лицензиясының болмағандығы анықталып отыр.

Қосымша ақпарат ретінде айтарымыз, Семейдегі Ядролық медицина орталығындағы жағдайға кінәлі адамдар қылмыстық баптар бойынша нақты жазаларын алған. Жылдың соңына дейін мекеменің техникалық аудиті аяқталмақ. Одан кейін жобалық емес қондырғылар демонтаждалмақ.
Жұлдыз Байділдә, «Еуразия» арнасы:

– Облыста елді мекендердің атауын қазақшаландыру жұмысы қалай жүруде?

– Осы жұмысты асықпай қарастырып жатырмыз. Аз уақыттың ішінде бір ауданға басқаша атау беріледі. Бірақ біз ұлттық мәселе екенін білуіміз керек. Мәселен, Шемонайха ауданында халықтың 20 пайызы – қазақтар болса, 80 пайызы – басқа ұлттар. Сондықтан біз асықпай жұмыс істеуіміз керек. Тек қана бір жаққа басымдық беруге болмайды. Бұл сұрақ жерлестерім үшін де маңызды.

Біз әлбетте ономастикамен айналысуымыз керек. Иә, Глубокое ауданында бірқатар атаулар әлі де орысша. Шемонайха ауданында да сондай. Бірақ сол аудандардың мүдделерін де ескеруіміз керек қой. Әлбетте, біздің бірқатар елді мекендер өзінің тарихи атауларын қайтарады. Бұл Глубокое, Шемонайха, Зырян ауданының бәріне қатысты. Бірақ сонымен бірге, біз бұл іске шынайылықпен келуіміз керек. Сондықтан атауларды өзгерту мәселесіне біз байыппен келеміз.

– Туризмді дамыту бағытында қандай шаруалар атқарылуда?

– Табиғаты ежелден көз тартатын Шығыс Қазақстанда туризм саласын дамыту тиімді жолдардың бірі екені белгілі. Сондықтан да, туристік саланы 2023 жылға дейінгі дамыту тұжырымдамасы аясында облыста «Алтай маржаны» туристік кластерін құру бойынша жұмыстар жалғасын табуда. Соңғы 2 жылда 4,3 миллиардтеңгеге негізгі туристік бағыттағы жолдар жөндеуден өтті. Жағажай туризмін дамыту мақсатында 550 миллионтеңгеге Сібе көлдері мен Алакөл жағалауы абаттандырылып, демалушыларға қолайлы жағдай жасалып жатыр.

Алакөлге алматылықтар мен өзге де облыстан адамдар оңай жетуі үшін Жалаңашкөл стансасы мен Қабанбай ауылының арасындағы жолға 1,3 миллиард теңгенің жөндеу жұмыстары жүргізілді. Келесі жылы да бұл бағытта қомақты қаражат бөлінетін болады. Үлкен жұмыстың атқарылғанына Алакөлде демалғандардың өздері куә. Жуық арада ол жаққа бес жұлдызды қонақ үй саламыз.

Бұдан бөлек, шетелдік туристер Катонқарағай ауданы мен Марқакөлге көші-қон полициясының қосымша рұқсатынсыз кіріп-шығуы туралы ұсыныс Үкімет тарапынан қолдау тапты. Аталмыш бастама аймақтың экотуризмін дамыту екпінін арттырары сөзсіз.

– Өскеменнің экологиясын оңалту, алпауыт кәсіпорындардың технологиясын жаңарту саласында қандайжұмыстар жасалды?

– Жағдай жеткілікті дәрежеде бақылауда. Біз соңғы үш жылда экологиялық мәселелерге 11 миллиард теңге бөлдік. Алдағы үш жылда тағы да 20 миллиард теңге қаражат Өскемен қаласы зауыттарының күрделі жөндеу жұмыстарына бөлінетін болады. Ірі кәсіпорындарға экологияны жақсартуға бағытталған жаңа технологиялар енгізіледі. Бұл өте көлемді сома екенін ескеру керек. Бүгінгі таңда экологиялық жағдай барлық нормативтерге сәйкес екенін айта кеткенім жөн. Күкіртті ангидридтің шығарылымы төмендетілді. Сондықтан жағдай бақылауда деп айтуға болады.

Жанар Сердалина, «Бестньюс» порталы:

– Өңірде ауызсумен қамту мәселесі қалай шешілуде?

– Биыл біз 33 миллиард теңгенің 18 жобасын бастадық. Келесі жылы тағы 18 жобаны қолға аламыз. Барлығы 51 миллиард теңге жұмсалады. Мәселені алдағы үш жылда толық шешеміз, әсіресе Жарма, Ұлан, Бесқарағай аудандарында жағдай оңалады.
Гүлмира Сарбасова, «Қазақпарат» агенттігі:

– «Ақылды қала» жобасы қалай жүзеге асуда?

– Біз Астана қаласының үлгісін негізге алып, соны дамыта түстік. Мектептердің, аулалардың қауіпсіздік жүйесін іске қосатын боламыз. «ШҚО инновейшн» бағдарламасын әзірлеп шықтық, енді ол жүзеге асады. Жолаушылар тасымалдайтын көліктерге де Беларусь елінде 2015 жылы сәтті сынақтан өткен интеллектуалдық жүйе енгізілмек.

Ғабит Бөкенбай, «Қазақстан» арнасы:

– «Серпін» бағдарламасы бойынша өңірдегі жоғары оқу орындарында қанша бала оқып жатыр?

– Қазір бізде аталған бағдарлама аясында 1200 бала университеттерде оқып жүр. Алдағы уақытта тағы 800 бала келмек. Сондай-ақ Риддер қаласына Оңтүстік Қазақстаннан 200 отбасын көшіріп әкелейік деп отырмыз.

Бірегей гематология орталығы салынады

Қазігі уақытта аталмыш жоба «идеялық әзірлемелер» кезеңінде. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің айтуынша, Стэндфорд университетімен, сонымен бірге, жобалаушылармен әріптестік жөніндегі келісімге қол жеткізілген.

Аталған орталық Қазақстанда және Орталық Азия аумағында қан және лимфоидтық жүйе ауруларымен ауыратын науқастарға, сонымен бірге, онкогематологиялық бейінде, гемостаз бұзылушылықтарына, анемияға қарсы медициналық қызмет көрсететін жалғыз клиникалық кешен ретінде жұмыс істейтін болмақ. Нысан құрылысын келесі жылдан-ақ бастап кету жоспарлануда.

Мұнымен қоса, Өскемен қалалық №1 аурухана базасында Қазақстандағы тұңғыш роботтандырылған xирургия және трансплантология орталығы ашылады.
Облыста медицина саласын дамытуға бағытталған үш жылдық стратегиялық жоспар қабылданған. Осы жоспар бойынша дәрігерлердің білімін жетілдіретін үш деңгейлі оқу бағдарламасына 1,2 миллиард теңге бөлінген.

– 1-деңгей бойынша биыл Семей мемлекеттік медициналық университетінде 1400 медициналық қызметкерді оқыттық. 2-деңгей үздік қазақстандық профессорлар өңірдегі медицианлық алаңдарда мастер-кластар жүргізді. 3-деңгей біз үшін өте маңызды, былтыр 12 маманды, ал биыл 50 үздік дәрігерді әлемнің үздік клиникаларына 4-6 ай көлемінде тәжірибе алмасуға жібердік. Үш жылдың ішінде шетелдік клиникаларда 150 адамды оқыту жоспарланып отыр, – деді аймақ басшысы.

Даниал Аxметов дәрігерлерді оқытуда облыс медицинасында маңызды төрт бағытқа басымдық берілгенін атап өтті. Олар: балалар ауруы, онкология, кардиология және бала туу. Сонымен бірге облыс әкімі медициналық құрал-жабдықтарды жаңарту мәселесіне тоқталды.

– Биыл облыстағы медициналық құрал-жабдықтардың жағдайын және қандай жабдықтар жетіспейтінін білу мақсатында тәуелсіз аудит жүргізіп, оларды жаңартуға кемінде 23 миллиард теңге қажет екенін білдік. Сол себепті облыс бюджеті мен одан тыс қаржыландыруға үстіміздегі жылы 9 миллиард теңге бөлінді, – деді облыс әкімі Даниал Аxметов.

Сонымен бірге, ол Өскемен қалалық №1 аурухана базасында Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе елдегі тұңғыш әрі бірегей Роботтандырылған хирургия және трансплантология орталығын ашу туралы шешім қабылданғанын атап өтті.

Бұл орталықты құруға облыстық бюджеттен 1,3 миллиард теңге бөлінген, ал «Парыз» қоры қосымша 1,1 миллиард теңге қаржы құймақ.
Облыста магниттік-резонансты томографияға қажет жоғары өткізгіш сымдар алу, танталдан медициналық бұйымдар жасау, титаннан жасанды дене мүшелерін дайындау, хлорлы қалдықтарды залалсыздандыру технологиясын әзірлеу сияқты басқа ірі жобалар да қолға алынды.

– Облыста магниттік-резонансты томографияға қажет жоғары өткізгіш сымдар алу, танталдан медициналық бұйымдар жасау, титаннан жасанды дене мүшелерін дайындау, хлорлы қалдықтарды залалсыздандыру технологиясын әзірлеу сияқты басқа ірі жобалар қолға алынды. Жалпы, біздің өңірдегі барлық кәсіпорын қажет технологияны өз беттерімен дайындауға қауқарлы. Оған өндірістік базаның да мүмкіндігі жетеді, – деді Даниал Ахметов.

«Менің мектебім» білім сапасын арттырады

2017 жылы өңірдегі білім беру жоспарының бірінші кезеңі бойынша тіл меңгеруде үздік нәтижеге жеткен 12 мұғалімге 170-800 мың теңге көлемінде сыйақы берілді.

– Жолдауда дамудың шешуші басымдықтарының бірі ретінде адами капиталдың сапасын жақсарту көрсетілген. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев білім беру саласының жаңа экономикалық өсудің орталығына айналу мақсатын қойды. Бұл бағытта инфрақұлымды дамыту мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі бойынша жаңартылған мазмұнға көшуге басты назар аударылмақ, – деді Даниал Аxметов.
Облыста әртүрлі пәндер бойынша мұғалімдерінің тіл меңгеру деңгейін көтеру бағытында бірнеше жұмыстар атқарылып жатыр. Аймақта 2016 жылы 3500, биыл 2500 мұғалім арнайы тіл курстарынан өткен.

2016 жылы облыста 1800 мектеп түлегі шетелдік ЖОО-ларға құжат тапсырған. Ал биыл олардың саны екі есеге азайды.

– Білім саласындағы маңызды бағыттардың бірі – мектеп түлектерінің сыртқа кетуін төмендету үшін жүйелі жұмыс жүргізу. Биыл шетелдік ЖОО-ға құжат тапсыратын түлектер қатары екі есеге азайды. Бұған ең алдымен Үкіметтің ҰБТ форматына өзгерістер енгізуі және облыс әкімдігінің ЖОО-ға қолдау көрсетуі себеп болып отыр, – деді аймақ басшысы.

Сонымен бірге, ол тамыз айында облыс әкімдігі сұранысқа ие мамандықтарды дайындау үшін аймақтағы жетекші ЖОО-ларға 200 грант бөлгенін атап өтті.
Даниал Ахметов облыстың білім саласындағы оң өзгерістері мен жоспарлары туралы ақпараттар берді.«Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде Шығыс Қазақстан мектептерінің химия, биология, физика және роботтехникасы сыныптарын жаңартып, модификациялауға бағытталған «Менің мектебім» жобасы қолға алынған.

Даниал Ахметов мұғалімдерге ағылшын тілін үйрету үшін Ұлыбританиядан мұғалімдер шақырылып отырғанын мәлім етті.

– Біз елімізде бірінші болып Президенттің тапсырмасына сәйкес үштілділік білім беруді енгізе бастадық. Үштілділік білім саласында біз алғашқы болып тәжірибелік жұмысты екі жыл бұрын бастап кеткен болатынбыз. Қазақ тілін орыс мектептерінде, ағылшын тілін барлық мектептерге, орыс тілін ұлттық мектептерге үйрету жолын қайта қарастырдық. Яғни, ғылыми түрде терең зерттей келе, осыған дейін оқытып келе жатқан жүйенің тиімсіз екеніне көзіміз жетті. Сондықтан Кембридж университетінде бар әдістемені негізге алып, менің ойымша, бірегей бағдарламаны жасап шығардық, – деді Даниал Ахметов.
Аймақ басшысының айтуынша, қазақ мектептеріне орыс тілін үйрету әдістемесін ресейлік профессор Елизавета Хамраева, орыс мектептеріндегі қазақ тілін оқыту әдістемесін жергілікті профессор Фаузия Оразбаева әзірлеген.

Аймақтың даму бағыты айқын

Облыс әкімі сонымен бірге, әзірленген бағдарлама тәжірибе ретінде қолға алынған болса да, оны Білім министрлігі мақұлдағанын сөз етті.

– Біз бұл жұмысты жалғастыра береміз. Осы ретте айта кетейін дегенім, ағылшын тілін жаңаша оқыту – латын әліпбиіне көшу кезеңінде қазақ тілін де, ағылшын тілін де меңгеруге қол жеткізуге болатын жол деп білемін. Келесі жылдан бастап физика, геометрия, математика және химия пәндерінің 200 мұғалімі ағылшын тілінде сабақ беруді үйренетін болады, – дейді Даниал Ахметов.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button