Қоғам

Аймақтың абыройын асырған аламан

Аймақтың абыройын асырған аламан

Кеше апта бойы Кенді Алтайды дүбірге бөлеген доп додасы аяқталды. Азия құрлығының кіл мықтылары жиналған байрақты бәсекенің жабылуы да тұсаукесері сияқты ерекше сән-салтанатпен ұйымдастырылды. Оған бірнеше мың жанкүйермен бірге аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ пен Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ, сондай-ақ, чемпионатты бақылау комитетінің төрағасы Цзичжон Вэй мырза қатысты.

Иә, Сарықұрлық чемпиондары жеті күн бойы Шығыстың спортқұмар жұртшылығына ұмытылмас мереке сыйлады. Облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары бұрын теледидардан ғана тамашалайтын дүбірлі доданы өз көзімен көруге, аламанның сиқырлы атмосферасын жан-тәнімен сезінуге мүмкіндік алды. Алыстағы Жапония мен Тайланд, Қытай мен Иран, Тайбэй мен Филиппин, Вьетнам командаларының орындауындағы волейбол спектаклінің куәсі болды… Әттең, мұның бәрі кеше болды, бүгін ол – тарих.

Иә, Өскеменде өткен Азия біріншілігі қай-қайсымызды да бейжай қалдырмады. Шығысқазақстандықтар өзге елдердің спортшыларын көріп мәз болса, шетелдік қонақтар жарыстың ұйымдастырылу деңгейіне таңданысын жасырмай, жергілікті халықтың қонақжайлығына ризашылығын білдіріп жатты.

Жарыс шын мәнінде тамаша ұйымдастырылды. Күрделі жөндеу жұмыстарын көрген Б.Александров атындағы Спорт сарайына ағылған жанкүйерлер легі апта бойы толастаған жоқ. Күн сайын 4-5 мыңға жуық халықты қабылдаған аренада мұндай жағдай өскемендік «Торпедо» хоккей командасының дүркіреп тұрған кезінде ғана болғанын айтады білетін жанкүйерлер. Оның үстіне, чемпионат қарсаңында арена ішінде әлемде жоқ алып экранның (ұзындығы 33 метр) орнатылуы да бөлек бір мақалаға арқау бола алады. Айта берсе, жарыс төңірегінде айтылар әңгіме көп.

Олардың бәріне тоқтала бермей, чемпионаттың өзі туралы сөз қозғайық. Жалпы, көпшілік волейбол маманы болжағандай, бұл жарыста әу бастан-ақ Жапония, Қазақстан, Қытай мен Тайланд командаларының шабысы бөлек екені көрініп тұрды. Ақыр соңында чемпиондық атақ пен жүлделі орындарға дәл осы төрт елдің ұжымдары таласты. Таласқанда қандай, мәселен, жартылай финалдағы жапондық «Хисамицу Сеяку Спрингс» пен өскемендік «Алтай» арасындағы матч финалға бергісіз ойын болды деуге толық негіз бар. Бес партияға созылған кездесудің соңына дейін тараптардың қайсысы жеңіске жететіні анықталмады. Тек соңғы сәтте бағы мен бабы қатар шапқан жапондық ұжым жеңісті қолдан жұлып әкетті (бес партиядағы есеп 18:25, 25:17, 25:21, 22:25, 16:14).

Аймақтың абыройын асырған аламан

Ойыннан кейін жапондық команданың жаттықтырушысы Шинго Сакаи мұндай текетіреске бапкерлік мансабында алғаш рет куә болып тұрғанын айтып, қарсылас команданың мықтылығын мойындады. Матч соңына дейін күрескені үшін алғысын білдірді.

Сол сияқты екінші жартылай финалда қарсылас атанған тайландтық «Суприм» мен қытайлық «Тяньцзинь Бохай Банк» арасындағы матч та аса тартысты жағдайда өрбіді. Тек бұл кездесуде жеңімпазды анықтау үшін төрт кезең жеткілікті болды. 3:1, Тайланд чемпионының пайдасына.

Кеше командалар чемпионат аясындағы соңғы ойындарын өткізді. Алдымен, Спорт сарайының алаңына ширек финалда сәтсіздікке ұшыраған ұжымдар шықты. Чемпионаттың аутсайдерлері вьетнамдық «Вьетин Банк» пен филиппиндік «Филиппин Супер Лига» командалары арасындағы айқаста алғашқысының асығы алшы түсті. Есеп – 3:0. Осылайша, «Вьетин Банк» командасы қорытынды есепте жарыстың жетінші сатысына тұрақтады. Ал алты ойында бірде-бір жеңіске жетпей, небәрі екі-ақ партияны өз пайдасына аяқтаған филиппиндіктер чемпионаттың ең соңғы орнын місе тұтты.

Бұдан кейінгі ойында Иран елінің чемпионы «Сармайе Банк» тайбэйлік «Тайвань Пауэрге» 1:3 есебімен жол берді. Бұл бесінші орын үшін өткен ойын болатын.

Жергілікті жанкүйер қауым келесі матчты асыға күтті. Себебі, бұл ойында жергілікті «Алтай» қытайлық «Тяньцзинь Бохай Банк» командасымен жарыстың қола жүлдесі үшін таласқа түсетін. Өкінішке қарай, алтайлықтар бұл жолы да жерлестерін жеңіспен қуанта алмады. Төрт кезеңге созылған кездесуде 1:3 (20:25, 25:22, 25:22, 25:20) есебімен қарсыласқа жол беріп, үздік үштіктен тыс қалып қойды.

Естеріңізге салайық былтырғы құрлықтық бәсекеде де өскемендік команда чемпионатты төртінші орында түйіндеген. Жасыратын несі бар, бұл жолы жерлестеріміз тым болмаса жүлделі орынға ілініп қалар деген үміттің көңіл түкпірінде жылт еткені рас. Алайда үкілеген үмітіміз ақталмады.
«Алтайдың» бас бапкері Ярослав Антоновты әңгімеге тартқанымызда, ресейлік маман командаға ең алдымен жарыс қарсаңындағы спаринг кездесулер жетіспей қалғанын айтты.

– Бірде-бір ойыншым осал деп айта алмаймын, бәрі кәсіпқой спортшылар. Тек жарыс алдында бір-екі азиялық командамен спаринг ойындар өткізе алмағанымызға қынжыламын. Негізі, өздеріңіз байқағандай, азиялық ұжымдардың орындауындағы волейбол мүлдем өзгеше. Сондықтан, бізге болашақ қарсыластарымыз сияқты мәнерде ойнайтын командалармен кездесулер өткізу артықтық етпес еді, – деп ойындағысын айтты бас бапкер.

Жарайды, бізді қойшы, жапондар «жеген таяқты» айтсаңызшы. Азия чемпионатының финалында көпшілігіміз күтпеген нәтиже тіркелді, турнирдің басты фавориті саналған күншығыс елінің чемпионы «Хисамицу Сеяку Спрингс» командасы Тай елінің мықтысы «Суприм» командасынан 1:3 есебімен жеңіліп қалды.

Аймақтың абыройын асырған аламан

Осылайша, құрлық чемпионы деген атақ білікті маман Натапхон Срисамутнак бастаған тайландтық ұжымға бұйырды. Жапон арулары болса, бұл жолы күміс жүлдені қанағат тұтты. Иә, спорт осындай сәттерімен қызықты, осындай тосын сыйларымен тартымды, кім жеңетінін дөп басып айту мүмкін емес мұнда.
Финалдан кейін аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ пен чемпионаттың мәртебелі меймандары жарыста топ жарып, жүлделі орындарға іліккен командаларды марапаттау рәсіміне қатысты, үздік ойыншыларға естелік сыйлықтар табыстады.

Сана АНАРҚҰЛОВА:
– Сәттілік жолдас болмады

Аймақтың абыройын асырған аламан

Жапондық командамен өткен жартылай финалдық бәсекеден кейін «Алтайдың» үздік ойыншыларының бірі Сана Анарқұлованы сөзге тартқан едік.
– Сана, бұл ойында басым түсу үшін сіздерге не жетіспей қалды деп ойлайсыз?

– Бірінші кезекте сәттілік жетіспеді. Әтпесе, бұл ойынға, қарсыласқа күні бұрын дайындалғанбыз. Дегенмен, өзіңіз де байқаған болуыңыз керек, ойын барысында қарапайым сәттерде бірнеше рет қателік жіберіп, ұпай жоғалттық. Жалпы, жапондықтар өте шапшаң, комбинациялық ойын ойнайды. Бәлкім, бізге жылдамдық та жетпей қалған болар. Негізі, біз бапкер белгілеген ойын жоспары бойынша ойнауға тырыстық. Әсіресе, блок қою жағына көп көңіл бөлгенбіз. Себебі, жапондар дәл осы тұрғыдан алғанда өте мықты.

– Сырттай қарағанда, сіздерге чемпионатқа дайындалуға берілген уақыт аздау сияқты көрінді.

– Иә, біз наурыз айының соңында ел чемпионатын аяқтап, бір аптадай демалыс алдық. Артынша, жаттығуларға кірісіп кеттік. Дәл сол кезде командаға жаңа ойыншылар келіп қосылды. Былай алып қарасақ, ел біріншілігі мен Азия чемпионаты арасында бізде толыққанды дайындық жүргізуге шамамен бір айдай ғана уақыт болыпты.

– Сонда жаңа командаластарыңызбен ойнап та үлгермепсіздер ғой?

– Оныңыз рас. Волейбол командалық спорт түрі болғандықтан, бір ұжымда өнер көрсететін ойыншыларға бір-бірінің ойынына, әдіс-тәсіліне үйрену үшін уақыт қажет. Дегенмен, бізде уақыт мүлдем болған жоқ деп те айта алмаймын. Бәлкім, чемпионат сәл кешірек басталса, бәрі басқаша болар ма еді, кім білсін.

– Ендігі мақсаттарыңыз қандай?

– Қазір демалғымыз келеді, себебі, қатты шаршадық. Демалуға бір айдай уақыт берілген. Одан кейін оқу-жаттығу жиындары басталады. Алдағы ел біріншілігіне дайындыққа кірісеміз. Ал мақсаттарға келетін болсақ, еш өзгерген жоқ. Біз ел чемпионымыз, сол атақты келесі біріншілікте де сақтап қалуға тырысамыз.

– Келесі жылы «Алтаймен» келісімшарт мерзімі аяқталады екен.

– Иә, солай. Бірақ, мен осы қалада қалып, ары қарай да «Алтай» құрамында өнер көрсете бергім келеді. Волейболдан хабары бар адамдар кезінде мен осы «Алтайда» ойнау үшін Өскеменге арнайы көшіп келгенімді де жақсы білетін болар. Маған Өскемен қаласы, бұл жақтың халқы, жанкүйерлері қатты ұнайды.

Түркістан Барбосынов, зейнеткер, Көкпекті ауданы:
– Білуімше, бұл чемпионаттың Өскеменде өткізілуіне бірден-бір себепкер адам – осы облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ. Мен бұл кісінің спортқа қатысты бастамаларын толықтай қолдаймын. Себебі, өзім де осы саланың қызметкері болғанмын. Мұндай жарыс біріншіден еліміздің атын шығарады, екіншіден, келешек ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Сондықтан осындай ірі спорттық шараны ұйымдастырған ел азаматтарына, облыс әкіміне зор алғыс айтқым келеді.

Кәкен Қалиев, Өскемен қаласы:
– Өз басым спортты ерекше жақсы көремін. Сондықтан, қаламызда Азияның мықты командалары қатысатын чемпионат өтетіндігін естігенде қатты қуандым. Чемпионатты бастан аяқ көрдім. Бірде-бір ойынын жіберген жоқпын. Осындай ауқымды шараны біздің қалада өткізуге күш салған басшыларға мың алғыс. Бұл жарыстың пайдасы зор болатынына сенімім мол.

Бақытжан Болат, Ұлан ауданы:
– Жарыс өте жоғары деңгейде өтуде. Өзіміздің жерімізде болған соң, бәрі жақсы аяқталсын, қонақтардың көңілінен шықсын деп тілеп жүрміз. Әрине, «Алтайымызға» жанымыз шыққанша жанкүйер болып, тамағымыз қырылғанша айқайлап, ерекше қолдау білдіруге тырыстық. Ұлан ауданынан жұмысты қайырып тастап, арнайы келіп жүрген жайымыз бар. Оның үстіне, алдағы уақытта елімізде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтетіні белгілі. Осы шара алдында Өскемендегі жарыс ойдағыдай өтсе әлем жұртының Қазақстанға деген қызығушылығы тек қана арта түседі деп ойлаймын.

Бауыржан Мұратханұлы, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:
– Өзім спортпен айналысатын болғандықтан, мұндай жарыстардың елімізде, облысымызда өтуін сөзсіз қолдаймын. Өз басым чемпионаттан ерекше әсер, тамаша көңіл-күй алдым. Бізге мұндай жарыстар қажет. Алдағы уақытта облысымызда әлем мықтылары қатысатын байрақты бәсекелер көбірек болса екен деген тілегім бар. Жалпы, «Алтай» командасының ойыны соңғы жылдары адам танымастай өзгерді. Мен бұл командадан зор үміт күтемін.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button