Аймақтағы алғашқы әйел әкім

Қазақ арулары қай заманда болмасын ұлттың ұйысуы сынды ұлы істерде ер-азаматтардан қалыспай еңбек етумен келеді. Сақ патшайымы Томиристен бастап алмағайып замандарда қатігез жауына найзасын сілтеген Бопай, Назым ханшалар, елі, жері үшін сұрапыл жауының оғына кеудесін тосқан Әлия, Мәншүк апаларымыздың ерліктерін біздер бүгінде мақтанышпен айтсақ, Домалақ, Мұрын, Қызай, Абақ аналарымыздың ру, тайпалардың ұйытқысы болып, ұлы көшін бастаған сұңғыла, тектіліктері бүгінгі ұрпақ санасына «Даланың дана арулары» ретінде аңызға айналып жатталып қалғаны белгілі.
Солардың заңды жалғасындай болған жандары жасыннан, арлары асылдан жаралған алаш аруларының бүгінгі көтерген жүктері де жеңіл емес. Солардың бірі Тарбағатай ауданының құрметті азаматы Айгүл Дәуірбекқызын облыс көлемінде танымайтын жан жоқ шығар.
Менің ол кісімен таныстығыма көп болмаса да қарапайым, кішіпейіл, жан-жағына шуағын төгіп тұратын мейірімділігі, шешім қабылдаудағы батылдығы, дархандығы менің қолыма қалам алуыма түрткі болды.
Айгүл Дәуірбекқызы 1974 жылы Тарбағатай ауданының Қызылкесік ауылдық округіне қарасты Өкпеті орта мектебін бітірген. Семей педагогика институтының түлегі.
Кеңестік кезеңдегі келелі шаруаларын айтпағанда 1991-1994 жылға дейін ауылдық кеңестің төрайымы болып жұмыс істеді. Ол алғаш тәуелсіздік алған жылдар, айлап жалақы, зейнетақы алынбайтын кез еді. Басқа жұмысты айтпағанда дүкенге келген азық-түлікке дейін елге бөліп үлестірген өтпелі кезеңді де бастан кешірді. Ауылдық кеңес тарап, әкімшілік жүйе орнаған кезде ауыл әкімінің хатшысы болып қызмет атқарады. 1999 жылы екі аудан қосылғаннан кейін сол кездегі аудан басшысы болған Түсіпхан Түсіпбеков «Айгүл, сен бұл жерде 15 жылға жуық қызмет етіпсің, елді, жерді жақсы білесің, енді әкім болсаң қалай болар еді, өзіміз көмектесеміз», – деп үлкен міндет арқалатады. Әрине, экономикалық әлеуеті төмен, тұрғындары қалаға көшіп кетіп жатқан ауылды алға шығару оңайға соқпайтыны белгілі еді және бұл кезде әйел затынан ешкімде әкім болмаған.
Жұртшылықтың сенімін жерге тастамай ағалар қолдауымен әкім болған Айгүл қызығынан қиындығы мол ауыр міндеттің өз мойнына жүктелгенін үлкен жауапкершілікпен көтеруге күш-қуат, жігер-қайратын жұмсап 30 жылдан артық уақыт ел басқарып, әкімдік қызметін мінсіз атқара білді.
– Бұл да менің тағдырым шығар. Әрине басшы болу оңай емес біреуге ұнасақ, екеуге ұнамайсың, досыңнан дұшпаның көп. Әсіресе, ер адамдардан дұшпанның болуы қиын нәрсе екен. Нақақ жала жабылып, соның салдарынан жұмыстан шығып қалған кездерім де болды, – дейді кейіпкеріміз.
2010 жылы ел-жұрттың басына үлкен ауыртпалық түсіп, Тарбағатайдың екі ауылын су алды. Айгүл Дәуірбекқызы елдің апаттан аман қалып қиындықты жеңуіне, су астында қалған Жәнтікейдің жаңа Жәнтікейге айналуына, сол тасқын басталған күннен бастап халықтың жаннан табылып, ауыл тұрғындарына үлкен қамқорлық көрсетті. Жаңа ауыл салуға өзінің беделі мен іскерлігін, адамгершілігі мен азаматтығын жұмсады.
– Айгүлдің үлкен бір ерлігі 2010 жылы тасқында сыналған еді. Сондағы жасаған ерлігі үшін бүкіл аудан жұртшылығы Айгүлді «батыр қыз» деп атады, – дейді ауыл ардагерлерінің бірі Тыныштық қажы.
Тәңірі сыйлаған тәуелсіздіктің арқасында төрткүл дүниенің бұрыш-бұрышында тарыдай шашылған қазақ баласы бір шаңырақтың астына жиналған сәтте атажұртын аңсаған қандас-бауырларымыздың да көшіп келуі жиілегені баршамызға мәлім. Бүгінде Жәнтікей ауылына 30-ға жуық отбасы көшіп келді, әлі келуде. Пана іздеп келген ағайынды кеудесінен итермей, құшақ жая қарсы алған Айгүл әкімнің қамқорлығын қандастары ұмытқан емес. 2012 жылы Қытайдан Жәнтікей ауылына қоныс аударған Ләззат Мағжанқызы мен Нұрбақыт есімді келіншектердің айтуынша, ауылға келген қандастарды жергілікті халықтан бөліп-жармай жер-суын беріп, мемлекеттен төмен пайызбен несие алып беріп, мал өсіруге көмектесіп, үкімет ұсынған көмектерден ешқашан шет қалдырған емес.
– Егін салған азаматтардың субсидиясын алып берді. Ауылға көшіп келген қандастарды үйіне дәмге шақырып, олармен жақын танысып қал-жағдайын білісті. Ол кісінің осы қазақи дархан көңілін біз ешқашан есімізден шығармай шексіз алғысымызды айтамыз, – дейді Сайлау, Жамбыл, Ырықбек, Тілеуғазы сынды ауыл ақсақалдары.
Ақсуаттан шеткері жүрген, тіпті өзге өңірдің азаматтары да Айгүл апайдың сыртынан мақтау сөздерді жаудырып жатқанын сан рет естідім. Ол кісіні елге өзін әдемі етіп көрсететін басты қасиеттері қарапайымдылығы мен кішіпейілділігі, уәдеге беріктігі.
Егер еліміздегі әрбір ауылдың әкімі Айгүл Дәуірбекқызындай жан аямай елі мен жері үшін жұмыс істесе, еліміздің өсіп-өркендеуіне қосылған үлкен үлес болар еді. Биліктің тізгінін ұстап отыз жылдай еліне еңбек сіңірген апайымызды жерлестері төбесіне көтерді. Халқымыз «Бағаламасаң – бақ кетер, қадірлемесең құт кетер» демей ме. Ал қолда барды бағалап, құрмет көрсету ол Тәуелсіз елдің елдігі мен келешегінің баянды екенін аңғартады.
Елім деген қыздың еңбегі еленбей қалған жоқ. Ауылдың, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі мен атқарған қызметі, ұйымдастырушылық қабілеті, халықпен ортақ тіл табысқан іскерлігі, қол жеткізген жетістіктері ескеріліп «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Елге сіңірген еңбегіне қарай «Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы» атағы беріліп, «Құрметті азамат» төс белгісімен, «Конституцияның 10 жылдық» медалімен және «Төтенше жағдай кезіндегі үздік қызметі үшін» медалімен марапатталса, «Қазақстанның қайраткер әйелдері» энциклопедиясына есімі енгізілді.
Бүгінде зейнеткерлікке шықса да елдің, жұрттың береке-бірлігін сақтап ынтымағын ойлаған жаны жайсаң, жүрегі жылы Айгүл апайымыз облыс әкімінің қоғамдық көмекшісі деген қызметті абыроймен атқарып жүр.
Біз ардақты апайымызды қарашаның ортасында келетін мерейлі 60 жасымен құттықтаймыз. Құттықтай отырып, Елбасының өзі тұсауын кесіп берген «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына өңіріміздегі ең алғашқы әйел әкім болған Айгүл Дәуірбекқызының есімін енгізуге лайық деп білеміз.
Гүлманат Әуелхан