Аймақтағы алғашқы ресурстық сынып
Өскемендегі №8 мектепте ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған облыстағы алғашқы ресурстық сынып ашылды. Кабинет мүмкіндігі шектеулі балалардың басқа балалармен бірдей білім алуына жағдай жасау мақсатында білім басқармасы мен «Дара» қайырымдылық қорының және әлеуметтік жобаларды қолдайтын «Samruk-Kazyna Trust» қорының көмегімен іске қосылды.
Осыдан екі жыл бұрын ынтымақтастық нәтижесінде өңірдегі тұңғыш психологиялық-педагогтік түзеу кабинеті ашылған-ды. Бұл жұмыстың дұрыс жолға қойылуы арқасында бүгінгі таңда ата-аналар ерекше балаларын жалпы білім беретін мектептерде оқыта бастады. Алайда педагогтардың ерекше балалармен жұмыс істегенде әртүрлі қиындықтар туындайтыны жасырын емес. Ендеше жаңадан ашылған ресурстық сынып инклюзивті білім алуды қажет ететін балғындарға тәрбие-білім беруде ұшырасатын кедергілерді жеңуге көмектеседі.
Кабинет өте жарық әрі кең. Бөлме шартты түрде төрт аймаққа бөлінген: педагогтардың ата-аналармен жұмыс істейтін бөлігіне диван мен үстел қойылыпты. Одан кейін сыныпта отырып шаршап кеткен баланың демалуына арналған аймақ бар. Бұл жерде оларға ойнауға да рұқсат етілген. Тағы бір бөлігінде педагог ерекше оқушымен жеке айналыса алады. Одан кейінгі ең маңызды бөлігі – мұғалімдер мен мамандандырылған педагогтардың бірлесе жұмыс істейтін аймағы.
– Ресурстық сынып мамандандырылған педагогтар мен мектеп мұғалімдері және ата-аналар арасындағы диалогтың алаңқайы іспетті. Біз ерекше балалармен жұмыс істеуге қолайлы жағдай туғызу үшін келдік. Сонымен қатар үйде оқитын мүмкіндігі шектеулі балаларды да осы кабинетке біртіндеп үйретсек дейміз. Өйткені ондай балғындар төрт қабырғаға қамалып қалған, өз құрбыларымен араласуға мүмкіндігі жоқ. Бір-екі жылдан кейін осы мектептің мұғалімдері басқа әріптестерімен өз тәжірибелерін бөлісетін болады, – дейді «Дара» қайырымдылық қорының үйлестірушісі Марал Шешембекова.
Облыстық білім басқармасы өкілдерінің сөзіне қарағанда, таңдаудың қаладағы №8 мектепке түсуі кездейсоқ емес. 415 бала оқитын жалпы білім беретін мектептің жеті коррекциялық сыныбында 75 ерекше балғын білім алуда.
– Жасыратыны жоқ, бұрын біздің аудандағы ата-аналардың көпшілігі балаларын басқа мектептерге бергісі келетін. Яғни олар өз балаларын мүмкіндігі шектеулі балалармен бірге оқытқысы келмейтін. Қазір жағдай түзеліп келеді. «Бәріміз бірдейміз» шарасының, ашық есік күндерінің нәтижесінде қоғамның көзқарасы өзгерді. Биылғы оқу жылында коррекциялық сыныпта оқитын екі-үш оқушыны жалпы сыныптарға ауыстырсақ деп отырмыз. Түзеу сыныптарында білім алатын балалардың сегізі кілең төрттік бағаға оқиды, – дейді №8 мектептің директоры Раиса Ескендірова.
Басшының айтуына қарағанда, қиыншылықтар да жоқ емес. Мектептің мәртебесі жалпы білім беретін білім мекемесі болғандықтан, онда сурдологопед, дефектолог мамандарға штат қарастырылмаған. Сондықтан осы мамандарға штат бөлу жөнінде қалалық білім басқармасына өтініш беріліпті.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, ресурстық орталық қажетті әдістемелер және әдебиеттермен толықтырылып тұрады. Мұғалімдер инклюзивті білім беру бойынша қосымша курстарден өтпек.
Қазір елімізде барлығы осындай сегіз ресурстық сынып жұмыс істейді. «Дара» қайырымлылық қорының үйлестірушісі Марал Шешембекова олардың дені жеке бизнестің қолдауы арқасында ашылып жатқанын айтады.
Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ