Қоғам

Аймақта электр қуаты арзандайды

Аймақта электр қуаты арзандайды


Алдағы уақытта өңірде электр қуаты 6-15 пайыз аралығында арзандауы мүмкін. Бұл жөнінде облыстық әкімдікте облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюктің төрағалығымен өткен облыстық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында айтылды.

Нақтырақ айтсақ, кеңес барысында коммуналдық қызметтердің тарифтері мен алғашқы қажеттілікке жататын тауарлардың бағасын төмендету мәселесі көтерілген болатын.

Бұл жөнінде түсінік берген табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Қайрат Оразбаев алдағы жылы электр қуатының босату бағасы төмендеп, жыл көлемінде адамдарға артық төленген қаржы қайтарылатынын жеткізді. Айта кетерлігі, бұл өзгерістер Елбасының биылғы Жолдауының аясында қолға алынып отыр. Естеріңізге сала кетсек, Президент Қауіпсіздік Кеңесінінің отырысында елдегі монополистердің қызметін сынға алған еді.

– Ағымдағы жылдың жиырмасыншы қарашасынан бастап түбіртектерде төмен бағалар көрсетілетін болады, – деді Қайрат Оразбаев. Оның айтуынша, прокурорлық тексеру барысында аймақтағы “Шығысэнерготрейд” және «ШҚ АЭК» секілді монополист компаниялардың тарапынан жіберілген бірқатар бұзушылық анықталған.

Сондай-ақ департамент басшысы аймақта азық-түлік бағасының да негізсіз көтерілуіне жол берілмейтінін атап өтті.

– Біз облыс орталығына және Семейге бірінші қажеттіліктегі азық-түліктерді жеткізетін ірі тасымалдаушылармен келіссөздер жүргіздік. Мысалы, егер тауарды 220 теңгеден сатып алса, 230 теңгеден сатуы қажет. Келіспесе, тіпті экономикалық интервенцияға дейінгі нақты шаралар қолданылады. Барлығын «Ертіс» ӘКК арқылы сатып аламыз, олар келісіп отыр, – деді Қайрат Оразбаев.

Бұдан бөлек, қоғамдық кеңесте облыстық әкімдіктің өңірдегі су қоймаларының су қорғау аймақтары мен су қорғау белдеулерін және оларды шаруашылыққа пайдалану режимін белгілеу, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау бағыттары бойынша субсидия көлемін бекітуге өзгеріс енгізу туралы бірқатар нормативтік құқықтық актілердің жобалары қаралып, кеңес мүшелері тарапынан мақұлданды.

Сондай-ақ Қоғамдық кеңес жанындағы қажеттілігі ерекше азаматтардың құқығы жөніндегі сараптау жұмыс тобы төрағасының атқарған жұмысының есебі де тыңдалды.

* * *

Облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Қайрат Оразбаев Өскемен қалалық әкімдігінде өткен қоғамдық тыңдауда облыс орталығында коммуналдық қызмет пен өзге де тарифтердің негізсіз өсуіне жол берілмейтінін қадап айтты.

Департамент басшысының сөзіне сүйенсек, коммуналдық қызмет төлемдерінің бағасына қатысты тұрғындардан келіп түсетін арыз-шағымдардың санында қисап жоқ көрінеді. Өңірдегі 104 кәсіпорынның тарифін қадағалауға құзыретті департамент болса, тарифтердің негізсіз көтерілмеуіне барынша тосқауыл қоюды.

– Өткен жылы тарифті көтеру жөнінде 156 субъектіден келіп түскен арыздың тек 84-і қанағаттандырылды. Ал соңғы тоғыз айда 107 арыз келіп түссе, оның 48-і кері қайтарылды, – дейді ол. Сондай-ақ Қайрат Оразбаевтың айтуынша, алдағы уақытта жарықтың артық төленген сомасы халыққа қайтарыла бастайды. Есесіне, жылу мен судың бағасы қымбаттауы ықтимал.

– Келер жылы Өскеменде жылу мен судың тарифі көтерілуі мүмкін. Бұл кәсіпорындардың 2015-2020 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму бағдарламасына сәйкес жүргізіледі. Халықтың қалтасына салмақ түсірмеу үшін бағдарлама бойынша тариф кезең-кезеңмен көтеріліп отыр, – деді департамент басшысы.

Сонымен, келер жылдың бірінші қаңтарынан Өскемен жылу жүйелерінің, ал маусымның алғашқы жұлдызынан «Өскемен-Водоканал» кәсіпорнының тарифі өспек.

Дәурен Аллабергенұлы,
Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button