Аймақта атқарылған ауқымды істер биыл да жалғасын табады
Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Өскемендегі облыстық драма театрында жұртшылық алдындағы есепті кездесуін өткізді. Жиынға Инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕКОВ пен Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Павел Кулагин қатысты. Онлайн режимде көрсетілген есептік кездесуде өңірдің әр түкпірінен облыс әкімдігінің ресми сайты арқылы тікелей сауалдар да жолданды.
2016 жыл облыс үшін барлық салада өсімнің сақталуымен есте қалмақ. Жалпы өңірлік өнім 14 пайызға өскен. Мұндай динамика өнеркәсіп өнімдерінің 41 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімінің 11 пайызға, құрылыс жұмыстарының 44 пайызға артуы есебінен жүзеге асып отыр. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі алты пайызға ұлғайса, тұрғындардың ақшалай кірістері 15 пайызға артып, орташа еңбекақы 119 мың теңгеге жетті. Жұмыссыздық 4,9 пайыз деңгейінде сақталып отыр.
– «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы біздің жұмысымыздың басты бағыттарының біріне айналды. Бұл бағыт бойынша жалпы құны 13 млрд. теңге болатын 27 жоба іске қосылды. Көзделген қаржы толық игеріліп, 17 мың жаңа жұмыс орны ашылды, – деді Даниал АХМЕТОВ.
Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсеге қабілеттілік» атты Жолдауында жүктелген міндеттерді іске асыру үшін өңірдің ірі кәсіпорындары техникалық университетпен бірлесе отырып, 10 инновациялық жобаны қолға алмақ. Ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-құрастыру бағытын қамтитын бұл жобаларға сегіз млрд. теңге қарастырылып отыр. Соның ішінде титан, тантал өнімдерін медицина және мұнай-газ салаларына қажет қондырғылар мен жоғары өткізгішті сымдар өндірісіне пайдалану жобасы өңір металлургиясы үшін тың бағыт болмақ.
Биыл кәсіпкерлерді қолдаудың картасына енген 13 жобаны жүзеге асыру үшін 434 млрд. теңге бөлінетінін айтқан аймақ басшысы соның арқасында қосымша үш мың жұмыс орны ашылатынын да жеткізді.
Ақтоғай кенішінен мыс концентратын алу, Бақыршық кен байыту комбинатын 2019 жылға қарай толық қуатына енгізу, толық циклді автомобиль өндірісін техникалық парктің көмегімен дамыту жобалары өңірдің өнеркәсібін өрге сүйрейтін негізгі басымдықтар ретінде қарастырылуда.
Ауыл шаруашылығы экономикамыздың драйверіне айналады
Облыс басшысы алдағы уақытта ауыл шаруашылығы аймақ экономикасының нағыз драйверіне айналатынын мәлім етті. Ол үшін республика бойынша жүзеге асып жатқан реформалық өзгерістерді тиімді ұйымдастырып, өңірлік бағдарламаларды соңына дейін жеткізу қажет. Бүгіннің өзінде облыста 73 ауылшаруашылық кооперативі жұмысын бастаған.
– Шығысқазақстандықтардың 40 пайызы ауылды жерде тұрады. Олардың әл-ауқатын жақсарту – біз үшін басты міндет болып табылады. Өзін-өзі асыраушыларды ауылшаруашылық кооперативтеріне біріктіру – шетелдік тәжірибеге негізделген осы бағыттағы оңды қадам, – деді облыс әкімі.
Бұл тұрғыда бір ұжымға шоғырланудың артықшылықтарын түсіндіру жұмыстары өз жемісін беруде. Құрылған 73 кооперативтің 47-сі етті қайта өңдеу, 5-еуі балық өсіру мен ара шаруашылығы, 16-сы өсімдік шаруашылығы бағыттарына жатады. Бірігу ауыл тұрғындарына қосымша субсидиялар алуға, құрал-жабдыққа кеткен қаражаттың 50 пайызын қайтарып алуға, өз өнімдерін саудалайтын нарықты кеңейтуге мүмкіндік бермек. Зауыттар күн сайын бір жерден белгіленген баға бойынша сүтті алып кету үшін көлік жіберуге дайын. Бұл шаруаларға өте тиімді. Ең бастысы, кооператив ерікті түрде кіруге, демократиялық басқаруға негізделген.
Жыл аяғында сүтті өндіру, сатып алу және қайта өңдеу бойынша 12 қанатқақты кооператив құру жоспарланған. Айта кетерлігі, облыста ет өндіру 5,8 пайызға, сүт өндіру 5,9 пайызға, жұмыртқа өндіру 1,9 пайызға артты. Сүт өндіру көлемінің үлес салмағы бойынша облыс республикада бірінші орында, еттен – екінші, жұмыртқадан тоғызынша орында тұр.
– Халықтан сүт қабылдау жүйесі жолға қойылғанының арқасында жыл аяғына дейін қайта өңдеуші кәсіпорындардың шикізатпен қамтылу деңгейін 42-ден 60 пайызға арттыру мүмкін болмақ. Ал әлем бойынша озық саналатын «DeLaval» маркалы қондырғы орнатып, 400-ден артық басқа тауарлы-сүт фермасын құрған кәсіпкерлерге жоғары нормативті субсидия төлеу жоспарлануда. Бұдан бөлек, сүт қабылдау бекетін ашқысы келгендер мен сүт өңдеуге инвестиция салған тұрғындарға уақыт пен қаржыларын үнемдеу мақсатында типтік бизнес-жоспар мен ЖСҚ ұсынылуда, – деді аймақ басшысы.
Суармалы алқаптардың ауқымын кеңейту жұмыстары биыл жаңа қарқынмен жалғасатын түрі бар. Жеті бірдей гидротехникалық нысанды қалпына келтіру арқылы суармалы егіс көлемін 88 мың гектарға жекізу жобаланып отыр.
Инвестициялардың игілігін көре бастадық
Облыста өндірілген өнімнің 15 пайызы шағын және орта бизнестің үлесіне тиесілі. Бұл орайда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасынан тыс қолдаулар көрсетуге мүдделіміз. «Даму» қорымен бірлесе отырып кәсіп ашқысы келген азаматтарға жеті жылға 8,5 пайыздық несие ұсыну жолға қойылды. Бұл мақсатқа екі жақ бір млрд. теңгеден қаражат бөліп отыр.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ сыртқы қаржы көздерінен инвестиция тарту туралы тапсырмасын орындау мақсатында Еуропа қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі сияқты ірі ұйымдармен тығыз байланыс орнады. 2016 жылдың өзінде инфрақұрылымдық бағыттағы тоғыз жобаға еуропалық банк арқылы 50 млрд. теңгенің несиесі бөлінді, – дейді аймақ басшысы.
Жыл соңына дейін Еуропа қайта құру және даму банкінің инвестициялық үлесі 100 млрд. теңгеге дейін көбейеді деген болжам бар. Ал мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 22 жобаға 130 млрд. теңге салынған. Оның дені әлеуметтік нысандар құрылысына бағытталған. Соның бірі – Өскемен қаласында 300 орындық, Семей қаласында 200 орындық аурухана салу жобасы. Зырян қаласының жылу мәселесін де осы тәсілмен шешудің мүмкіндігі қарастырылуда.
Облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдері қалай берілетінін де баяндады.
– Облыс бойынша жер кезегінде 28 мың адам тұр. Бір ғана Семей қаласында бес мың жер теліміне инженерлік инфрақұрылым жүргізіп жатырмыз. Жеке үй салғысы келгендерге типтік жоспар ұсынылады. Қалалардың сәулеттік келбеті біркелкі болуы үшін жеке тұрғын үй құрылысын бір ғана мердігерге тапсыру жоспарланған. Ал тұрғындарға «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы тұрғын үй займы беріледі, – деді облыс әкімі.
Облыс басшысы Қытаймен жан-жақты байланыстың нығаюы өңірдің экспорттық әлеуетін арттыратынын да тілге тиек етті. Оңтүстік көршілеріміздің ұсынысы бойынша Қарамай-Тачен-Аягөз теміржол желісін салу жобасы пысықталуда. Осы жол арқылы Шығыс Қазақстан Еуропа мен Қытай арасындағы экономикалық дәлізге айналмақ. Қытай тарапы Семей қаласындағы №3 жылу электр орталығының құрылысына қатысуға да ниет танытып отыр. Ал сол елдің стандарттарына сай жұмыс істейтін зертханалық орталық біздің ауылшаруашылық өнімдерді Қытай нарығына еркін алып өтуге жол ашады деп күтілуде.
Есепті баяндамасын қорытындылаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ барлық шығысқазақстандықтарды Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттерді бірлесіп еңсеруге шақырды.
– Қаңтар айында баршамыз қазақстандық қоғам үшін аса маңызды және тағдырлы мәселелер көтерілген оқиғаларға куә болдық. Елбасы өзінің ел мүддесі, заман талабы, ұрпақ болашағы жолындағы тарихи байламын және Қазақстанның одан әрі өркендеп, дамуына тың серпін беретін Жолдауын жария етті. Сол Жолдауды іске асыру – барша халқымыздың алдында тұрған тарихи міндет, қастерлі парыз, зор жауапкершілік, – деді аймақ басшысы.
Облысы әкімі жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауап қайтарды.
Владимир Поросятьев, кәсіпкер, Зырян ауданы:
– 2017 жылдан бастап өсімдік шаруашылығына төленетін субсидия шарттары өзгерді. Бұдан былай субсидия дақыл себілген алқапқа емес, өңдеуші кәсіпорынға өткізген өнім көлеміне сәйкес төленеді. Ал біздің Зырянда күнбағыс өңдейтін орын жоқ. Соны ашу мүмкін бе?
– Биыл Зырян ауданында күнбағыс майын қайта өңдейтін кәсіпорын салу жоспарланған. Өндірістік қуаты жылына 2,6 мың тонна сұйық май шығаруға қауқарлы болады деп отырмыз. Ондағы өндіріс қалдықтарын құрама жем ретінде жарату да көзделген. Жобаның құны – 1,8 млрд. теңге. Дайын өнімнің 30 пайызы жергілікті нарыққа, 70 пайызы Қытайға саудаланбақ. Бұл кәсіпорын қыркүйек айына қарай іске қосылуы тиіс. «КТБ Восток» ЖШС ұсынып отырған жобаны министрлік те мақұлдап отыр.
Вячеслав Злепко, кәсіпкер, Өскемен:
– Мен – азық-түлік өнімдерін ұсынушы кәсіпкермін. Осы бизнесімді әрі қарай кеңейту үшін қаржы қажет. Бұл тұрғыда мемлекеттен қандай көмек беріледі және қайда жүгінуім керек?
– Бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 2017-2021 жылдарға арналған бағдарлама қабылданған. Соған сәйкес бес жылға алты пайызбен 18 млн. теңгеге дейін несие алуыңызға болады. Бизнес бағытына сәйкес «Қазагрогарант» немесе «Даму» қорлары несиеге кепілдік беретін болады. Егер бизнесті жаңадан бастаған болсаңыз, кепілдік көлемі 85 пайыз болады. Ал әрекеттегі кәсіпкер үшін бұл сома несиенің 50 пайызын құрайды. Кепіл ұсыну екі ұйымнан да ақысыз түрде жүреді. Осы бағдарлама бойынша бизнес негіздерін ақысыз оқуға да мүмкіндік бар. Ол іске кәсіпкерлер платасы жауапты. Барлық сұрақтар бойынша аудандық кәсіпкерлер палатасына, ауылдық округ әкімдеріне жүгінсеңіз, көмектесетін болады.
Айтқазы Қасымжанов, Аягөз қаласы:
–Аягөз қаласындағы №4 және К.Бозтаев атындағы орта мектептерде 194 бала 3 ауысымда білім алуда. Жаңадан салынатын мектеп құрылысы қашан аяқталады?
– «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Аягөз қаласында 2016 жылы үш ауысымды оқуды жою мақсатында 600 орындық орта мектеп-лицейі құрылысы басталған. 2017 жылы құрылысты аяқтауға қажет 982,4 млн. теңге толығымен бөлінді. Желтоқсан айында мектеп қолданысқа берілуі тиіс. Биыл Аягөз қаласының оңтүстік ауданында тағы бір 600 орындық мектеп құрылысы басталады. Оған Ұлттық қордан 683,4 млн. теңге қаражат бөлінді. Келесі жылы қосымша 313,3 млн. теңге бөлеміз. Осылайша, нысан 2018 жылы пайдалануға беріледі.
Мазур Олеся, Өскемен:
–Біздің өңірде гематологиялық орталық салу мәселесі көптен бері айтылып жүр. Үйде науқас балам болғандықтан, бұл мәселе мен үшін өте маңызды. Аталған нысанның құрылысын қашан бастайсыздар?
– Расымен де, бұл мәселе 2015 жылдан бері көтеріліп келеді. Ондай орталық облысқа аса қажет. Сондықтан ол міндетті түрде салынады. Нысанның бір бөлігінде 72 орындық аурухана, екінші бөлігінде 150 адамды қабылдайтын емхана жайғасатын болады. Ал оның құрылысы 2019 жылдың бірінші тоқсанында Көкжал Барақ көшесінде басталуы тиіс. Жобаның құны 27,5 млрд. теңгенің айналасында болады деген есеп бар.
Бауыржан Әміренов, Күршім ауданы:
– Өткен жылы облыс тұрғындары алдындағы есептік кездесуде біз, Күршім ауданының азаматтары, Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысы туралы мәселені көтеріп едік. Осы мәселенің шешімі қандай жағдайда?
– Қазіргі уақытта жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Казахский Промтранспроект» ЖШС-мен бірлесіп, жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстарын жүргізуде. ЖСҚ-ны әзірлеу мен мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу мерзімі ағымдағы жылдың сәуір айына жоспарланып отыр. Қалай болғанда да бұл көпір салынады. Облыс бюджетінен осы мақсатқа екі миллиард теңге бөлінді. Жалпы жобаға 20 млрд. теңге қажет. Қазіргі уақытта облыстық әкімдікпен аталған жобаны жүзеге асырудың екі нұсқасы қарастырылуда. Біріншісі – концессиялық негізде инвесторлар тарту арқылы. Екіншісі – халықаралық қаржы институттарын тарту. Атап айтқанда, Еуропалық қайта құру және даму банкіне аталған жобаға қатысты барлық құжаттар, соның ішінде көліктік қатынастың ағымы туралы деректер жолданды. Енді оларға осы жобаның жобалық-сметалық құнын жолдау қажет. Осыдан кейін ғана банк тарапынан соңғы шешім қабылданатын болады.
Саида Тілеуді, Өскемен:
– Мен – мүмкіндігі шектеулі баланың анасымын. Қаламызда 140 мүгедек бала иппотерапия курстарынан өтуде. Олар қала сыртындағы Винное ауылындағы жабық ат манежінде жүреді. Балалар кесте бойынша тасымалданады. Бірақ, жолға 4-5 сағат кетеді. Естуімше, ат манежі қалаға көшіріледі екен. Осы мәселе тезірек шешілсе деп сұраймыз.
– Манежді Глубокое ауданына қарасты Винное ауылынан Өскеменге көшіру тиімді. Оны осы жылдың қыркүйегіне дейін іске асыру жоспарлануда. Қалада мемлекет есебінен қаржыланатын балалар мен жасөспірімдерге арналған кешенді спорт мектебі жұмыс істейді. Оның балансында 48 жылқы, бапкерлер, құрал-жабдықтар бар. Ал қазіргі иппотерапия қызметі, жылқыларды жалдау, балаларды Винноеға жеткізу үшін де облыстық бюджет ақы төлейді. Манеж көшкен соң, жол және өзге де шығындар қысқарады.
Шәкен Мырзахан, Ақжар ауылы, Тарбағатай ауданы:
– Ақжардағы Әуезов атындағы орта мектеп апатты ғимарат деп танылған. 2014 жылы республика бюджетінен 600 орындық мектеп пен 300 орындық интернат құрылысына қаржы бөлініп, жұмыс басталған. Былтыр құрылыс тоқтатылды. Осы жылға құрылысқа қаржы қаралды ма, мектеп қашан салынып бітеді?
– Былтыр республикалық бюджеттен қаржы бөлінбеуі себепті құрылыс тоқтатылған. Жұмыстардың 65 пайызы аяқталып тұр. Осы жылға жергілікті бюджеттен құрылысты аяқтауға 1 миллионнан астам теңге қарастырылған. Мектеп-интернатты аяқтауымыз қажет. Орынбасарым Әсем Нүсүповаға, білім басқармасының басшысына аудан әкімімен бірге ғимаратты тиімді пайдалану бойынша ұсыныс енгізуді тапсырамын.
Семей тұрғыны:
– Семейде Тихомир өзен тармағы ауданындағы канализациялық дюкер апатты жағдайда, экологияға қауіп төндіріп тұр. Дюкерге жөндеу жүргізіле ме?
– Дюкерді қайта жаңғырту мәселесі бақылауда тұр. Сметалық құны 980 миллион теңгелік әзірленген жоба бойынша бюджеттік өтінімді Ұлттық экономика министрлігіне ұсынып отырмыз. Ол 2018 жылдың бюджетіне енгізілуі тиіс.
Абай ауданының тұрғыны:
– Абайдың 175 жылдық мерейтойына елімізден, шет мемлекеттерден туристер көптеп келеді. Ал, Семей – Қарауыл тасжолының сапасы сын көтермейді. Осы жолдың жөнделуіне көмек көрсетуіңізді сұраймыз.
– Облыстық маңыздағы автомобиль жолдарын орташа жөндеуге осы жылға арналған жоспар дайындалды. Биыл аталмыш жолдың көп бүлінген қашықтығы 17 шақырымдық теліміне орташа жөндеу жүргізілмек. Оған 292,2 миллион теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, ауданда абаттандыру жұмыстарын жүргізуге 100 миллион теңге бөлініп отыр.
Нұрғабыл Хайруллин, Өскемен:
– Өзім жастардың, қызметкерлердің мешітке баруына қарсы емеспін. Жұма намазда мешіттен мемлекеттік қызметшілерді жиі ұшыратамыз. Сұрайын дегенім, оларды жұмыстан босата ма, әлде өздері қашып-пысып бара ма?
– Ата заңымызда жазылғандай, ешкімді діни көзқарасы бойынша кемсітуге болмайды, әркімнің діни және өзге де нанымдарды ұстауға құқығы бар. Дегенмен, азамат Еңбек кодексіне сәйкес еңбек шарты талаптарын сақтауы тиіс. Яғни, еңбек тәртібін сақтап, күнделікті жұмыста болуы керек. Меніңше, әр қызметкердің зайырлы қоғамда жүргендіктен мемлекеттік қызметшінің этикалық нормасына сай болғаны жөн. Жұмыстан бос уақытымда мен де мешітке барып тұрамын. Менің пайымымша, иман адамның жүрегінде болуы тиіс.
Лео Шик, қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы:
– Былтыр Сіз Достық үйіне бұрынғы театр ғимаратын бердіңіз. Бірақ аталмыш ғимарат тарлау, орындар жетпейді. Этномәдени бірлестіктер әрең сыйып отыр. Ал жоспарда бірлестік мүшелерін көбейту, жастарды Ассамблея жұмысына тарту, тіл үйрету сияқты жұмыстар бар. Еліміздегі тұңғыш Достық үйін кеңейтуге қатысты мәселені шешіп беруіңізді сұраймын.
– Былтыр аталмыш ғимаратты жөндеуге 75 миллион теңге бөлінген. Биыл Достық үйінің 25 жылдығы аясында ауқымды мерекелік іс-шаралар өтіп, мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Қазір Достық үйіне жаңа ғимарат салу мүмкіндігі қарастырылуда. Тиісті құжаттар әзірленіп, есептеулер жүргізіліп жатыр. Мәселені шешеміз, кең ғимарат аласыздар.
Әлімхан Әбдіхалықов, Өскемен қаласының тұрғыны:
– Өскемен қаласындағы Жекпе-жек сарайына халқымыздың ұлы перзенті, даңқты палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімін беруді ұсынамын. Батыр бабамыздың спорттағы жетістіктері мен жеңістері өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болар еді.
– Бастамаңыз орынды екен, ақсақал. Ұсыңызды өз басым қолдаймын. Қарастырайық, Жекпе-жек сарайына Қажымұқан атамыздың атын берсек дұрыс болады.
Сергей Соловьев, «Плюс» ЖШС директоры, Зырян ауданы:
– 2015-2016 жылдары біз қосалқы мердігер ретінде Зырян қаласының көшелерін қардан тазалау бойынша жұмыстар атқардық. Осы жұмыстардың 70 пайызы бізге тиесілі. Бірақ Зырян қаласының әкімдігі тиісті қаржыны төлемей отыр.
– Мәселеңізді білемін. Аудан әкімдігіне қар тазалауда көрсетіп жүрген көмектеріңіз үшін рақмет! Орынбасарым Серік Ақтановқа, аудан әкіміне компанияларыңыз алдындағы берешекті жою туралы тапсырма бердім. Бір ай көлемінде проблема шешіліп, 34 миллион теңге мөлшеріндегі қарыз толық өтеледі.
Владимир Тарасов, Өскемен:
– 2013 жылы ақпанда ұлымды белгісіз біреулер қинап өлтіріп кеткен болатын. Әлі күнге дейін қанішерлер қолға түскен жоқ, қылмыстық іс бір рет жабылып, біздің өтінішімізбен қайта ашылды. Осы мәселеге қолдау көрсетуіңізді сұраймын.
– Бұл мәселе бойынша Сіз менімен бірнеше мәрте жолықтыңыз, мән-жаймен жіті таныспын. Аталмыш қылмыстық істің жүруі Бас прокуратураның, Ішкі істер министрінің және облыс прокурорының қатаң қадағалауында. Жуырда Бас прокуратура осы мәселе жөнінде жауап береді.
Есепті кездесу Интернет желісі арқылы таратылды. Осыған орай, бірқатар тұрғындар өз сауалдарын онлайн режимінде жолдай алды, оларға да облыс әкімі жауап қайтарды.
– Өскемендегі Трамвай паркі құрудың алдында. Кәсіпорын шоттарына салық органдарының шағымы бойынша тыйым салынған. Трамвайлар талай жылдан бері жаңартылмай келеді. Өскемендіктер трамвайлардың жоғалуын қаламайды, бізге бұл экологиялық таза көлік түрі аса қажет.
– «Трамвай паркі» АҚ басшылығы мен салық органдары арасында сот процесі жүріп жатыр. Біз кәсіпорын активтерін коммуналдық меншікке сатып алу мәселесін қараймыз. Сонымен қатар, трамвайларды жаңарту да назарда. Көліктің бұл түрінің келешегі зор.
– Жақында теледидардан Зайсан ауданының Бақасу ауылындағы мектепке жылу дұрыс берілмеді деген сюжет көрсетілді. Осыған байланысты мектеп директоры жұмыстан босатылды деп хабарланды. Лауазымды тұлғаларға қандай шаралар қабылданды?
– Бұл мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтархановтың басшылығындағы комиссия тексеру жүргізді. Оның қорытындысы аудандық партия филиалында қаралып, аудан әкімінің орынбасарына, білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс жарияланды. Бүгінде мектепте температура қалыпты. Оқу жоспар бойынша жүріп жатыр. Комиссия басқа мектептерді де тексерді. Оларда олқылықтар жоқ.
– Мен – Зайсан қаласының бұрынғы тұрғынымын, қазір Ресейдің Барнаул қаласында тұрамын, туған жеріме жыл сайын барып тұрамын. Осы жазда Шілікті жазығына барып, сондағы көне қорғандарды, олардан табылған жәдігерлерді көрсем деймін. Археологиялық нысандарға туристерге баруға бола ма? Сақ патшасының қорғанына шыны саркофаг салына ма?
– Облыста 2016-2018 жылдарға арналған археологиялық зерттеу жұмыстарын дамыту бағдарламасы әзірленді. Шілікті жазығындағы мұражай да былтыр ашылған Берел мұражайы секілді облыстың туристер ең көп келетін мәдени орнына айналады. Саркофаг салуға облыстық бюджеттен 3,5 миллион теңге қарастырылған. Сметалық құжат осы жылы әзірленіп, құрылыс басталады. №16 қорғанды саркофагпен жауып, мұражай жасау – бірегей мәдени мұраны сол күйінде сақтап, оны көпшілікке көрсетуге мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, Зайсан – Шілікті тасжолын жөндеуді қарастырамыз.
– Даниал Кенжетайұлы, Сіздің басшылығыңызбен облыста Елбасы тапсырмаларын іске асыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Нәтижені көзбен көріп жүрміз, баяндамаңызды мұқият тыңдап шықтық, тезистерді облыстық газеттерден оқыдық, – деген «Камышинское» шаруа қожалығының басшысы Владимир Акулов кездесу соңында аймақ басшысының жұмысына оң баға беруді ұсынды.
Есімжан Нақтыбайұлы,
Ержан Әбіш