Қоғам

Аймақта арқар саны артты

Аймақта арқар саны артты

Шығыс Қазақстан – Еуразия құрлығындағы түз жануарларына ең бай аймақ. Ресей ғалымдары бірнеше жылғы зерттеулер нәтижесінде осындай қорытынды шығарып отыр.

Бұл жағынан бізге әлемдегі ең далалы мемлекет саналатын Монғолия да шендесе алмайтын көрінеді. Өйткені, ресми емес деректерге қарағанда, аталмыш мемлекеттегі мал саны халқынан 13 есе көп. Осының салдарынан түз тағыларының тіршілік ету аймағы мал тұяғына тапталып, жануарлар азайған үстіне азаюда. Бұл артықшылықты біздің облыс туристер тартуға мықтап пайдалана алады. Тек әзірге оны насихаттау жағы жетіспей отыр.

Аймақта арқар саны артты

«Сибэкоцентр» орталығының мамандары Илья Смелянский мен Анна Барашкова соңғы бірнеше жылда Балқаштан Зайсанға дейінгі аралықтың дала жануарларына зерттеу жүргізген. Негізгі зерттеу нысаны сабаншы мен дала құстары болғандықтан, фототұзақтарды солардың көп жүретін жолдарына құрған екен. Биыл олар Аягөз бен Шыңғыстаудың арасын, Көкпекті ауданын, Зайсан көлі мен Маңырақтың маңайын, Қалжыр аумағын фототұзақпен сүзгілеп қайтты. Отандарына қайтар тұста өз табыстарымен бөлісуді жөн көрсе керек, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына бас сұғыпты. Қос ғалымды біз сонда жолықтырдық.
Технологияның арқасында бүгінде жануарлар ареалын зерттеушілердің жұмысы біршама жеңілдеген. Бұрынғыдай күн демей, түн демей қолына фотоқұралын алып, тау-тасты кезбейді. Ұрымтал деген тұстарға фототұзақтарды адам көзіне шалынбайтындай етіп, жауын шашыннан тасаға құрады да араға айлар салып қайта келеді. Анна Барашкова кейбір сапалы құрылғылар жыл бойында 10 мың фотосуретке дейін түсіретінін айтады. Фототұзақтардың кейбірі қыбыр еткен қозғалыстың бәрін шыртылдатып кадрға алса, кейбірі оптикалық шынының айналасындағы температураның өзгеруіне байланысты іске қосылады екен.

Қызыл кітапқа енген сабаншы Шығыстан пана тауыпты

Аймақта арқар саны артты

Анна негізінен сабаншының таралу аймағын зерттеумен айналысады. Азия құрлығында ғана таралған жабайы мысықтар бүгінде күн санап азайып келеді. Оған себеп – тіршілік аясының тарылуы. Адам саны өсіп, жердің бәрі игеруге түскен заманда түз мысықтарына тіршіліктің қатаң заңдарына төтеп беру қиынға соғып тұр. Анна Барашкова Ресейдегі аянышты жағдайға зерттеулер арқылы көз жеткізгендіктен, Шығыс Қазақстанға да күпті көңілмен келгенін айтады. Алайда, оның қуанышына орай, мұндағы жағдай мүлде басқа болып шыққан.
-Шекара сызығынан аттаған сәттен бастап көзімізге жылы ұшыраған құбылыстарды байқадық. Мұндағы жануарлар әлемі біз ойлағандай жұтамапты. Кейін алғашқы әсерімізді фототұзақтар растап берді. Шығыс Қазақстанда сабаншыға төніп тұрған қауіп жоқ, – дейді ғалым. Бұл жануар тығылып өмір сүретіндіктен, терісінің түсі табиғатпен селбесіп тұратындықтан, адамға көріне бермейді. Сондықтан олардың нақты санын анықтау да мүмкін емес. Алайда, ресейліктер құрған фототұзақтың бәріне сабаншылар бірнеше мәрте түскен. Бұл – Аягөз бен Зайсан аралығында жабайы мысықтар жеткілікті мөлшерде тіршілік етеді деген қорытындыға негіз болатын мәлімет.
-Ресейде бұларды фототұзаққа түсірудің өзі мұң. Ал Шығыс Қазақстанда жүріп інінің үстінен түстік. Осыдан-ақ сабаншылардың бұл аумақта өздерін қауіпсіз сезінетінін көруге болады, – дейді А.Барашкова.

Сұңқарлар сиреп барады

Аннаның серігі Илья Смелянский біздің өңірдегі дала құстарының тіршілігін бақылаумен айналысқан. Бірнеше жылғы зерттеулер нәтижесінде ғалым мұнда дала сұңқарлары мен дала бүркіттеріне ғана адамнан қауіп бар деген тұжырымға келіпті. Әсіресе, дала сұңқарларының жағдайы мүшкіл көрінеді. Тоқсаныншы жылдары оңай олжа іздеген броконьерлер мұндағы дала сұңқарларын азын-аулақ ақшаға бола қатты қырғынға ұшыратқан. Сол табиғи шығынның орны әлі де болса толар емес. Дала бүркіті жайында да осыны айтуға болады. Тек оларға сұңқарлардай сұраныс ерекше болмаған. Ғалымды Шығыс даласында дуадақтың фототұзаққа түсіп қалуы таңғалдырған. Ғылыми деректерде бұл аумақта дуадақтар мекендейтіні жөнінде ешқандай ақпарат жоқ. Фототұзақтың арқасында ғалым өзі үшін осындай жаңалық ашқанын айтады. Бұл құрылғыларға түлкі, қоян, қасқыр, тараққұйрық, суыр, қарсақ сынды аңдар ең көп түскен екен. Олардан кейін объективке арқарлар көп ілігіпті. Соған қарап ресейлік ғалымдар біздің облыста арқарлардың саны да қалыпты мөлшерде деген тұжырым жасап отыр. Қазақпен тағдырлас аңның бірі арқар десек, Ұлы даланың құты – арқарлардың саны тұрақтануы бізді де қуантпай қоймады. Камераға арагідік сілеусіндер де түсіпті.

Объективке ілінген әрбір тіршілік иесі жайында сағаттап әңгімелеуге дайын ғалымдардың сөз ләмінен ұққанымыз, Шығыстағы түз тағылары адамның тіршілік әрекетінен әзірге айтарлықтай зиян шегіп отырған жоқ. Оған бірінші кезекте жеріміздің кеңдігі ықпал етсе, екіншіден, ұлан-ғайыр даланың әлі де игерілмей жатқаны себеп болса керек. Әсіресе, егін себуге жарамсыз Тарбағатай, Абай, Аягөз, Күршім ауданының тастақты қырлары түз жануарлары үшін ұйық мекен күйінде қалып отыр. Соған қарамастан ресейлік ғалымдар облыстық басқармаға бірнеше ұсынымдар дайындап ала келген екен.
Біріншіден, отарлы мал шаруашылығымен айналысатын адамдарға иттерді бос жібермеу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Өйткені, шопан төбеттері бүгінде сабаншы сынды қорғансыз түз тағыларының басты жауына айналған. Екіншіден, қақпан салып саятшылық құратын адамдардың әрекетін бақылауға алу қажет. Суырға құрған қақпандарды сабаншылар жиі қабатын болса керек. Екі ғалым да дала жануарлары мен құстарына ең үлкен қауіп зиянкестерді улау шараларының немқұрайлы жүргізуінен туындайтынын айтады. Сондықтан шегірткелер мен зиянкес көбелектерді улау мерзімін қатаң сақтап, мөлшермен пайдаланылуына күш салған абзал. Дала құстары үшін электр сымдары да өлім тұзағы іспеттес. Әсіресе, жылы жаққа ұшу кезінде электр сымдарының кесірінен құстар топ-тобымен қырылатын көрінеді. Бүгінде Ресей электр сымдарынан құстар әлеміне келетін шығынды есептей отырып, компанияларды өздеріне тиесілі желілерді қауіпсіз жабындармен қаптауға мәжбүрлей бастаған. Ғалымдар сол тәжірибені бізге де енгізуді ұсынып отыр.
-Тым болмағанда сымдардың діңгекке бекіген тастарын қаптаса құстардың өлімі біршама азаяр еді. Ол үшін арнайы қаптамалар сатылады. Бағасы жануарлар әлеміне келетін шығыннан әлдеқайда арзан, – дейді И.Смелянский.

Өз байлығымызды өзіміз неге құнттамаймыз?

Аймақта арқар саны артты

Әлемде адам саны артқан сайын егін салмақ түгіл, көшет егер жер қалмай барады. Кеңістіктің тарылуы адамнан бұрын жануарларға ажал боп тиіп отыр. Осыны аңғарған әлем қауымдастығы әсіресе, түз тағыларының азайып кеткенін айтып, дабыл қағуда. Бұл тұрғыдан алғанда, қазақ даласы, соның ішінде Шығыс Қазақстанның Аягөз, Абай, Тарбағатай, Көкпекті, Күршім аудандары тұмса табиғаттың отаны болып саналады. Мұндай аймақтарды алдын ала қорғауға алып, пәк күйінде сақтау жолында түрлі халықаралық қорлар да құрылып жатыр. Сондай қордың бірі

– «Mohamed Bin Zayed Species Conservation Fund» ұйымы Анна Барашкова мен Илья Смелянскийдің Шығыс Қазақстан аумағында жүргізген зерттеулерін қаржыландырып келеді. Әлем көз тігіп отырған бағасыз байлығымызды өзге елдің ғалымдары зерттеп жүргені, ондай жұмыстарға айдаладағы араб ханзадаларының ақша бөлуі бізді ойлантуы керек сияқты.
И.Смелянский жергілікті прокуратураның жануарлар әлеміне қатысты дабыл қағып отырғанын алғаш естігенде таңғалғанын айтады. Өйткені, біздегі жағдай мен оның еліндегі ахуал бір-бірімен салыстыруға келмейтінін жоғарыда айттық. Ғалым біздің тараптың әрбір шетін оқиғаға қырағылық танытып, дер кезінде дабыл қағуының арқасында жануарлар байлығы тұмса күйінде сақталса керек деген пікірін де айтып қалды. Ал облыстық басқарманың жануарлар әлемін қорғау бөлімінің басшысы Арман Есентаев бұл жағдайды жердің игерілмеуімен байланыстырады.
Әңгіме бітер тұста Илья Смелянский тағы бір қызықты мәлімет айтты. Жануарлардың санын анықтау мақсатында олар жергілікті халыққа да сұрау салып көрген екен. Олардың сұрағына халықтың көп бөлігі толымды жауап бермеген. Ғалым мұны қазақтардың туған жердің мақұлығын да жат көзден қызғануы, қорғаштауы деп бағалапты. Бұл да қуанарлық жағдай. Тек Ұлы даланың ұшан-теңіз байлығын өзгенің сұқ көзінен ғана емес, өзіміздің сұғанақ қолымыздан да қори білсек игі.
-Осынау ұлан-ғайыр дала – қазақ халқының басты байлығы, ертеңге қалдырар негізгі мұрасы. Күні ертең бұл далаға әлем назары қазіргіден де көп ауатын болады. Сол кезде оны туризм ошағына айналдыра білсеңіздер болды, – дейді Илья Смелянский.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button